Қоғам

Өскеменде тұңғыш рет жеңіл атлетикадан ел чемпионаты өтті

Өскеменде тұңғыш рет жеңіл атлетикадан ел чемпионаты өтті

Өскеменде алғаш рет жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтті. Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын дүбірге бөлеген жарыста облыс құрамасы жалпыкомандалық екінші орынды жеңіп алды. Біріншіліктің бас бәйгесі қарағандылық спортшыларға бұйырды.
Біздің жеңілатлеттердің еншісінде барлығы он медаль: екі алтын, бір күміс және жеті қола. Олардың ішінде бір алтын мен екі қола медальға қол жеткізген өскемендік Орынгүл Зкриенованың жеңісін ерекше атап өтуге болады. Ол 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде елімізде ешкімге дес бермейтінін дәлелдеді. Басты бәсекелесі алматылық Ниязованың уақыт көрсеткіші Орынгүлден сәл ғана қалып қойды. Ал екі бірдей қола жүлдені жерлесіміз 60 метрге кедергісіз жүгіруде және 4×200 метрлік эстафетада жеңіп алды. Эстафетада онымен бірге Анастасия Заводина, Вета Харитонова және Арина Сайфуллина сынды желаяқтар бақ сынады.
Биіктікке секіруде семейлік Надежда Дубовицкаяға бәсекелес атанар ешкім табылмады. Сол себепті ол бұл жарыста аса күш салмай 1,68 метр биіктікті бағындырумен шектелді. Дәл осы спорт түрінде екінші орынды өскемендік Вета Харитонова иеленді.
Сонымен қатар 3 шақырым қашықтықта спорттық жүріс бойынша сынға түскен Александра Бочкарева, ұзындыққа секіруде Иван Дмитриев, 3 шақырымға жүгіруде Мөлдір Сейітханова, сырықпен секіруде Арман Кеңесбеков, 400 метрге жүгіруде Даниила Кузнецова қола медаль иегерлері атанды.
Айта кетуіміз керек, бұл – Өскеменнің спорт тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған Қазақстан чемпионаты. Өйткені, бұған дейін мұндай деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға спорттық инфрақұрылымымыз мүмкіндік бермеген еді. Енді мінеки, халықаралық талаптардың барлығына сай келетін О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің ашылуымен дүбірлі додаларды өткізу мәртебесіне ие болдық.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button