Қоғам

Өскеменде тұңғыш фермерлік гастроном ашылды

Өскеменде тұңғыш фермерлік гастроном ашылды
Енді экологиялық таза өнім іздеген қала тұрғындары жаңадан ашылған «Fresh Market» фермерлік гастрономына асығатын болды. Мұнда ет пен сүт өнімдері де, көкөніс те толып тұр. Бағасы да көңілден шығады. Өнімдер де өзіміздікі. Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ облыс орталығындағы жаңа гастрономның тұсауын кесті.

«Fresh Market» – облысымызда, тіпті елімізде ашылып отырған алғашқы фермерлік гастроном көрінеді. Енді облысымыздың фермерлері өз өнімдерін өткізуде еш қиналмайтын болды. Әлбетте, бұл тұтынушылар үшін де өте пайдалы болмақ. Мұны өзінің құттықтау сөзінде облыс басшысы да ерекше атап айтты.

– Бүгін шынында да қуанышты күн болды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысының әр өңір өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс деген арнайы тапсырмасы бар. Ол үшін біз шаруа қожалықтарына, саудамен айналысатын кәсіпорындарға қолдау, көмек көрсетуіміз қажет. Міне, осыған байланысты соңғы төрт жылда Өскемен қаласында осымен төртінші үлкен сауда орталығы ашылып отыр. Енді қала тұрғындары арзан да экологиялық таза өнімді тұтына алады. Бұл орталықтың ерекшелігі – шаруа қожалықтары мен фермерлер өздерінің өсірген өнімдерін мұнда делдалсыз саудалай алады. Облыс басшылығы атынан осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға үлкен рақмет айтамын, – деді облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Орталық негізінен израильдік технологиямен жарақтандырылыпты. Жергілікті билік сауда орталығын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді өз мойнына алып отыр. Алдағы уақытта фермерлік гастрономның жанынан жаңа аялдама мен жол көпірі салынбақ.

Салтанатта фермерлік гастрономның директоры Мұхаммед Рахымжанов бүгінгі жобаның тікелей облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отырғанын айтып, облыс басшылығына зор алғысын білдірді. Оның айтуынша, сауда орталығының орналасқан жері де тұрғындарға өте ыңғайлы. Фермерлер үшін де барлық жағдай жасалған. Олардың енді өз тауарлары мен өнімдері үшін алаңдамауларына болады. Фермерлік гастроном директоры өнімдерді тасу, сақтау, сату жағынан ешқандай қиындық туындамайтынына сенімді.

Сондай-ақ, сауда орталығының ашылу рәсімінде фермерлердің өздері де сөз алды. Солардың бірі – Үржар ауданы шаруаларының атынан келген өкіл Ришад Абдуллин.

– Біз бүгін сонау бес жүз шақырым жерден келіп, осы сауда орталығының ашылуына қатысып, өзіміздің өнімдерімізді әкеліп отырмыз. Сауда орталығы қызметкерлері бізді жылы қабақпен қарсы алды, – деген Ришад шаруаларға жасап отырған осындай жақсылығы үшін облыс басшылығына үлкен алғысын жеткізді. Салтанатты шарада Ұлан ауданы Восточное ауылындағы «ВК-Бекон» ЖШС-нің жетекшісі Владимир Сугнеев те өңірдің барша фермерлерін осындай сауда орталығының ашылуымен қуана құттықтады.

Облыс Әкімі бастаған топ гастрономды аралап, ондағы саудаланып жатқан өнімдердің бағасымен де танысып шықты. Мұнда жылқы еті 1100 теңге көрінеді. Бұл қымбат па, әлде арзан ба? Айналасындағыларға осындай сауал тастаған облыс Әкімі жауабын да өзі айтты. Саудагерге еттің бағасының қымбаттау екенін ескертті.

– Бұл маркеттің біздің ауыл шаруашылығы саласынан өзінің орнын мықтап табатынына сенімдімін. Қазіргі күні сауда орталығындағы орындардың 80 пайызға жуығы өнімін саудалағысы келетін фермерлерге беріліп қойды. Әлі жиын-терін жұмыстарының аяқталмағанын ескерсек, мұнда өз өнімдерін саудалаушылардың қатары алдағы күндері әлі де арта түседі, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсенбай Селиханов.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button