Қоғам

Өскеменде тағы бір кент пайда болды

Өскеменде тағы бір кент пайда болды


Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде айтылды. Кеңес мүшелері облыс орталығының құрамына осыған дейін Глубокое ауданының Бобровка ауылдық округінің аумағында болып келген Радужный кентін қосу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

– Радужный кенті 1991 жылдан бері Өскеменнің әкімшілік бағыныштылығында тұр. Алайда, осы күнге дейін облыс орталығының құрамына қосылмаған. Кент тұрғындары сан рет қалаға қосылу туралы ұсыныстарымен шыққан болатын. Бүгінде барлық қажетті құжаттар дайын, — деді қоғамдық кеңеске аталған мәселемен қатысқан Өскемен қаласы әкімі аппаратының басшысы Ержан Шурманов.

Шынында да бұл мәселе, бүгінге дейін өзектілігін жоймаған еді. Кент Глубокое ауданының орталығына қарағанда, Өскеменге әлдеқайда жақын, дәл іргесінде тұр. Қоғамдық көлік тұрақты қатынайды әрі онда тұратын екі мыңға тарта тұрғынның еңбекке жарамдылары түгел қалада жұмыс істейді және тиісті медициналық көмектің бәрін қаладан алады. Онда қалалық телефон нөмірлері орнатылған, оқушылар да қаладағы №18 және №23 мектептерде оқиды. Сондай-ақ сайлау кезінде де №23 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне келіп дауыс береді. Сондықтан, бір сөзбен айтқанда, кентті қалаға қосудың уақыты әлдеқашан жеткен. Ал осыған дейін кент тұрғындары қажетті құжаттарды рәсімдеу, тіпті қарапайым анықтама алу үшін де 45 шақырым қашықтықта жатқан Глубокое кентіне сабылып келген болатын.

Естеріңізде болса, бұл мәселені соңғы рет кент тұрғындары ағымдағы жылдың басында Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың Согра кенті тұрғындарымен өткізген есепті кездесуінде көтерген-ді. Сол кезде облыс орталығының басшысы бұл мәселе биыл оң шешімін табатындығын айтқан. Кент қосылғанда қаланың аумағы қосымша 94 гектарға кеңеймек.

– Қоғамдық кеңестің шешімі соңғы құжат саналады. Енді Ұлттық экономика министрлігі кент бойынша қаулы жобасын Үкіметке қарауға және қол қоюға енгізеді, — деді Ержан Шурманов.

Бұл мәселеге қатысты өз ойын білдірген қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк келешекте Өскеменнің аумағы тағы да ұлғая түсуі мүмкін екендігін жеткізді.

– Мұндай мәселе бұған дейін де кездескен. Мұның алдында қаланың іргесінде орналасқан Ушанов, Герасимовка секілді жеті ауылды қалаға қосу туралы ұсыныс болған. Бұл мәселелер де алда ретімен шешіле жатар. Себебі, оларды қалаға қосу бірінші кезекте тұрғындардың өзіне қолайлы, себебі қазірдің өзінде көп көмекті олар қаладан алып отыр, – деді Владимир Головатюк.

Қоғамдық кеңесте сонымен бірге ұзын саны 21 нормативтік құқықтық актілердің жобалары тыңдауға ұсынылып, олардың дені облыста орналасқан су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулерін және оларды шаруашылыққа пайдалану режимін белгілеуге арналды. Жобалармен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Медет Нұрғалиев таныстырып, кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды.

Сондай-ақ жиында Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер колледжі ғимаратының күрделі жөндеуіне қатысты ақпарат және қоғамдық кеңес жанындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жұмыс тобының былтыр атқарған шаруаларының есебі тыңдалып, 2018 жылға арналған жоспарлары қаралды.

Д.Қасенов

Осы айдарда

Back to top button