Экономика

ӨСКЕМЕНДЕ СҰЙЫҚ САБЫННЫҢ ТҮР-ТҮРІ ӨНДІРІЛЕДІ

ӨСКЕМЕНДЕ СҰЙЫҚ САБЫННЫҢ ТҮР-ТҮРІ ӨНДІРІЛЕДІ

Өскеменде өткен жылдан бері сұйық сабынның түр-түрін шығаратын шағын зауыт жұмыс істеуде. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар отандық өнімдер 2014 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында «Тұрғындарға арналған тауарлар өндіру саласындағы үздік кәсіпкер» атанған Антон Ларионов басқаратын «Магелан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорнында өндіріліп, ел аумағына еркін тарауда.
Бұл кәсіпті қолға алған іскер азамат Антон Ларионовтың айтуынша, цехта жеке тазалық пен тұрмыстық шаруашылықта пайдаланылатын сабындардың бес түрі өндіріледі. Мәселен, бұрындары біздің нарыққа тек сырттан тасымалданып келген тауарлар, оның ішінде сұйық шаруашылық сабын, крем сабын, жуыну гелі, барлық заттарға арналған әмбебам сұйық сабын, киім-кешек және ыдыс-аяқ жууға арналған сабындар, гиплохлоридті әмбебап сабын («Domestos» тәрізді) енді Өскеменнің өзінде бар. Осындай сабын түрлерінің айына 10-15 тоннасын (күніне әр түрінен 200 құты) шығарып, саудалайды екен компания.
– Біздің өнімдеріміз сапасы мен бағасы тұрғысынан басқа бәсекелестерінен артық болмаса, кем емес. Сапасы халықаралық талаптарға сай, арнайы сертификатымыз бар. Қазақстаннан бөлек Кедендік одаққа мүше елдерге саудалауға рұқсат берілген. Шағын зауыт жұмыс істегелі тура бір жыл болды. Біртіндеп отандық нарықты «жаулай» бастадық. Тауарымыз мемлекеттік тапсырыстар тізіміне енгізілгендіктен, еліміздің барлық өңірлерінен тапсырыстар түсіп тұрады, – дейді зауыт директоры Антон Ларионов.
Әсіресе, Астана мен Қарағанды қалаларынан тапсырыс мол көрінеді. Дәлірек айтсақ, аталған екі қаланың тұтынушылары айына бір жарым мың тоннаның тауарын сатып алып отыр. Мұның сыртында өз өнімдерімізге сұраныс туғызып отырған жергілікті дүкендер мен сауда орындары бар.
Компанияның ендігі мақсаты – осы кәсіптің керегесін кеңейтіп, дамыта түсу. Сәйкесінше жұмысшылардың санын арттыру. Тауар түрлерін көбейту. Оларды еліміздің барлық өңірлеріне жеткізумен айналысатын дистрибьютерлік желі құру және сауда нүктелерін көптеп ашу. Сонда ғана кәсіпкер осы бизнеске салған 14 миллион теңге меншік қаражатын толық ақтай алмақ. Әйтпесе, табыс таппақ түгілі, шыққан шығынның орнын толтыру қиынға түсетінін айтады маман. Алайда, шекарадан еркін еніп жатқан шетелдік тауарлар отандық өндірушілердің адымын аштырар емес. Өткен жылдың соңындағы Ресейде рубль бағамының құлдырауынан солтүстік көршімізде басқа тауарлармен бірге сұйық сабындардың бағасы да айтарлықтай арзандаған. Бұл жағдай біздің елдегі импорт көлемінің ұлғаюына әсер еткен. Өйткені, нарықтың жазылмаған заңы бұл.
– Қазір бізде тек бір ғана мәселе бар. Ол – нарықты жаулау. Біздің сұйық сабындардың сапасы ресейлік өнімдерден артық. Бағасы да арзан. Сөйте тұра, тұтынушылар өзіміздікінен гөрі ресейлік тауарларды алуға тырысады. Мұны мен біздің компания тауарлары ел ішінде жақсы таныла қоймауынан деп ойлаймын. Ол үшін, әрине, уақыт керек, – дейді кәсіпкер Антон Ларионов.
Сапа демекші, Өскеменде жасалған сұйық сабындардың сапасы халықаралық талаптардың бәріне сай келетін себебі, компания өндіретін өнімнің шикізатына терең мән береді. Отандық және шетелдік (швейцариялық) сапалы шикізаттарды пайдаланады екен. Ал сабынды қайнататын заманауи қондырғыны Ресейден сатып алыпты. Қазір цехта бес адам еңбекпен қамтылған. Алдағы уақытта іс ілгері басып жатса, жұмысшылар санын арттыру күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі екенін айтады компания директоры.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button