Қоғам

Өскеменде үш мұз айдыны іске қосылды

Өскеменде үш мұз айдыны іске қосылды


Тәуелсіздік тойына орай Өскеменде бірнеше мұз айдыны пайдалануға берілді.

Біріншісі – «Самал». Бұл мұз айдынының ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты. Аймақ басшысы «Самал» демалыс орнының жай-күйімен танысып, оң бағасын берді. Ал мұз айдынына келер болсақ, аумағы – 1200 шаршы метр. Қаладағы ірі мұз айдындарының бірі деседі мамандар. Таңғы сағат 10-нан түн жарымға дейін жеті күн бойы ашық келушілерге. Конькиі барлар өзімен ала келсе де болады. Әйтпегенде алаңдайтын дәнеме жоқ. Мұз айдынның қасында конькиді жалға беретін дүңгіршек істеп тұр. Ол да сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Өңір басшысы «Самалдың» сапасына жоғары баға бергенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта тұрақты, ірі демалыс орнына айналдыру керек деп отыр ол жерді. Айталық, шаңғы жолы мен скейдборд алаңын ашу жоспарда бар.

Екінші мұз айдыны Өскеменнің Комсомол аралында ашылды. Жалға берілер конькилердің сапасына шүбә келтірмеңіз. Сөреде су жаңа 65 жұп коньки тұр. Өзіңізге керегін ұзақ іздемейсіз. Өйткені мұнда 27-ден бастап, 47-ші өлшемге дейін бар екен. Мұз айдыны көктемге дейін қызмет көрсететін болады. Дүйсенбіден басқа күндердің бәрінде сырғанақ алаңы түнгі 22.00-ге дейін ашық.

Тағы бірі – «Алтай» мұз айдыны. Конькиді бір сағатқа жалға алу мұнда 500 теңге. Сонымен қатар жас хоккейшілердің бір сәт бой жылытып, ауқат жинауы үшін дәмхана жұмыс істеп тұр. Мұз айдынның жұмыс кестесі:

Дүйсенбі күні 13.00 – 23.00;

Сейсенбі-жұма күндері аралығында 11.00 – 23.00;

Демалыс күндері 10.00 – 23.00.

Айта кетейік, жексенбі сайын сағат 13.00-де қызықты ойындар ұйымдастырылады. Сондай-ақ аталған мұз айдандарына кіру тегін.

Дәл осы күні қаладағы ЖМК ауданындағы аулалардың бірінде шағын хоккей қорабы ашылды. Осыған байланысты айналадағы тұрғын үйлер таң атпай мерекелік думанды күйге бөленген. Әуелеген ән мен салтанатты күйді естіген тұрғындар бірте-бірте хоккей қорабының маңына топтасты. Әрине мұз үстінде мерекелік концерт алау жақты. Хоккей қорабының ашылу құрметіне орай «Торпедоның» жас буыны ардагер хоккейшілермен күш сынасуға бел шешкен екен. Өте тартысы ойын өтті. Шайбалы хоккейдің ардагерлері әлі де болса, шау тартпағандарын дәлелдеп бақты. Әйткенмен жастар қоя ма? Жас дейміз-ау, олар бар болғаны 11-12 жас шамасында. Бұғанасы бекіп үлгермей жатып, хоккей таяғын берік ұстаған балақайларға «ақ жол» демей не дейміз? Достық матчының қортынды есебі 7:6. Жас буынның пайдасына.

Иә, осындай шаралардан кейін мұз айдынында ел мерейін тасытар жас өркеннің тіптен көбейетіндігіне сене түскендей болдық.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button