Қоғам

Өскеменде Ресейдің бас консулдығы ашылды

Өскеменде Ресейдің бас консулдығы ашылды

Кеше Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы бас консулдығының ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников қатысты.
Бұрын көрші мемлекетке сапар шеккісі келгендер төлқұжат, виза секілді құжаттарға қол жеткізу үшін Астана немесе Алматы қалаларына сабылатын. Енді бұл құжаттарды Өскемен қаласының өзінде-ақ алуға болады. Бұл жөнінде облыс басшысы кеңінен айтып өтті.
– Қазақ халқында «Елдестірмек – елшіден» деген аталы сөз бар. Бүгін біздің облыста ерекше оқиға болып жатыр деп айтуға болады. Ресей Федерациясымен, оның Шығыс Қазақстанмен шекаралас аймақтарымен байланысымыз бұрын да жақсы дамыған болатын. Консулдықтың қызметі оны әрі қарай бекемдей түседі деп есептеймін. Ең бастысы, азаматтар түрлі құжаттарды рәсімдеу барысында уақытын жоғалтпайды әрі қызметтер мейлінше жеңілдетіледі. Консулдыққа барлық қолдаулар көрсетілетін болады,-деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Сондай-ақ, аймақ басшысы шекаралас өңірлер арасындағы қарым-қатынастың жарқын бір мысалы ретінде қазіргі уақытта тасқын судың зардабын тартып жатқан көрші Алтай өлкесіне көмек көрсетіп, қолдау білдіруге Шығыс Қазақстаннан қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлік тиеген арнайы керуеннің аттанып кеткендігін, өлке губернаторы Александр Карлинмен күн сайын телефон арқылы сөйлесіп отырғандығын атады. Облыс әкімі осы консулдықтың ашылуына соңғы екі жыл көлемінде тер төгіп, екі ел арасындағы байланысқа дәнекер боп жүрген Өскемендегі бас консул Сергей Анненковқа ризашылығын білдірді.
– Біз бүгін Өскемен қаласында аса маңызды тарихи шарада бас қосып отырмыз. Аталмыш консулдық енді өзінің құзыретіндегі барлық шаруалар мен қызметтерді заңнамаларға сәйкес құрамына Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары кіретін Шығыс округінің шегінде мүлтіксіз атқаратын болады. Бірінші кезекте осы консулдықтың ашылуына қолдау көрсеткен Бердібек САПАРБАЕВ бастаған облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Консулдықтың жақында ғана Қазақстан, Ресей, Белоруссия мемлекеттері арасында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың артынан көп уақыт өтпей-ақ ашылуы көңілге қуаныш ұялатады. Консулдық Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының дамуына және Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жұмыс істейтін болады деп сенемін. Алдағы қызметіне сәттілік тілеймін,-деді Михаил Бочарников.
Салтанатты рәсім Өскемен және Семей эпархиясының эпископы Владык Амфилохийдің жиналғандарға ізгі ниеттен туған тілегін арнауымен және православтық дәстүр бойынша жаңа ғимаратты ұлықтап-дәріптеуімен, ғимараттың төбесіне Ресей Федерациясының туын көтерумен қорытындыланды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button