Өскеменде өрелі айтыс өтті
О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада айтыс өтті. Жас ақындардың басын қосқан бұл жолғы жыр додасының бұрынғылардан деңгейі биік болуымен ерекшеленді.
Шаршы топ алдында ұзын саны сегіз ақын бақ сынады. Осы топтың ілкілері саналған Нұжан Қайратұлы мен Қуаныш Еркін алғашқы жұп болып айтыс шымылдығын ашқан. Қос ақын ел күткен айтысты жасай білді. Екінші болып сахнаға көтерілген Естай Жанабаев пен Тілек Мұраттың жұбы да өз деңгейінде болды. Ал Тасқын мен Жұлдызайдың нағыз қыз бен жігіт айтысына тән қалжың-шыны аралас әдемі жырларына айтыссүйер қауымның еті әбден үйреніп алғандай. Тамсана да таңдана тыңдаған. Соңғы жұп Есқанат пен Нұрқанат жұбындағы бірінші елең еткізер жайт – түрлерінің қос тамшыдай ұқсастығы болды. Кіндігі бір егіздер төрт аяғын тең басты.
Екінші айналымға төрт айтыскер жолдама алды. Нұржан Қайратұлы мен Тасқын Болатұлының айтысы өзектілігімен есте қалды. Әуелде әлденеден тосылған Жұлдызай жанына қысым түскенде барып шабысын үдетті. Қамшыны кеш басқандай әсер қалдырған. Қарсыласы Қуаныш тәжірибелілігін таныта білді. Өзінен жасы кіші серіктесін өрге тартты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Еркін Қуаныш бірінші орынды еншіледі. Екінші орынды Нұржан Қайратұлы, үшінші орынды Жұлдызай Маратбекова қанжығалады. Тасқын Болатұлы лирикалық тәтті жырларымен көрермен көзайымына айналды. Қазылар алқасының құрамында болған, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаевтың: «Мен Тасқынды айтысқа қимаймын…» деген сөзі біраз жайтты аңғартқандай.
Айта кетейік, аталмыш жыр бәйгесінің өткізілуіне алдымен ақындардың өз сұраныстары ұйытқы болған. «Бастысы – жүлде емес, айтысты көркем деңгейде өткізу» деген айтыскерлердің мақсаттарының орындалғанын, жиналған жұртшылықтың қызу қолдауынан көргендей болдық.
Оразай Жеңісұлы