Денсаулық сақтау

Өскеменде озық технологиялы кардиологиялық орталық салынады

Өскеменде озық технологиялы кардиологиялық орталық салынады
Биылғы маусым айында біздің облыстың денсаулық сақтау басқармасы мен Корея Республикасының Каннам Северанс клиникасы арасында Шығыс Қазақстанның медициналық мекемелерімен өзара байланыс жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аталған клиниканың мамандарымен кездесіп, осы және басқа да жобалардың жүзеге асу перспективаларын жан-жақты талқылады.
Корея мемлекеті медицина саласының ең озық технологияларын меңгерген алдыңғы қатарлы ел екені белгілі. Кореялық мамандар сол маусым айында алғашқы меморандумға қол қойысымен-ақ Өскемендегі облыстық аурухананы науқастардың ішкі ағзасын біліктілікпен тексеретін УЗИ-құралмен жабдықтап және түрлі шеберлік кластарын өткізіп, азды-көпті 28 науқасты аталған жабдықпен тексеріп берген-ді. Сондай-ақ, корейлік алтын қолды дәрігерлер ауыр жүрек дертіне шалдыққан өскемендік 11 жасар Н.Коломысовқа Сеулдегі клиникада ота жасаған еді.

Ендігі жерде аталған іскерлік-өзара әріптестік кездесуге қатысқан Каннам Северанс клиникасының директоры Ким Сеунг Мун, «Джипинг Интернешнл» компаниясының директоры Чой Дже Хун, осы компанияның вице-президенті Ким Хюнг Жунг және басқа мамандар бастаған кореялықтармен байланыс тіптен нығая түспек. Олар облыс орталығында жоғары технологиялық деңгейдегі кардиологиялық, ортопедиялық және диагностикалық орталықтардың құрылысын жүргізуге, яғни, мың немесе миллион емес, миллиардтаған соманың инвестициясын құюға мүдделі болып отыр.

– Қай кезде де жұмыла жұмыс істеу өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Екі елдің денсаулық салаларын дамытуға қатысты мына құжаттардағы цифрлар көңіл қуантады. Тек солар нақты іс жүзінде толық жүзеге асса жарар еді. Мен меморандум құжатымен таныстым, ешқандай сұрақ жоқ, тек бір тілек бар: өте үлкен жұмыс болғандықтан, оларды бірнеше траншқа бөліп, үш жыл көлемінде атқарған жөн. Және ол келесі, 2014 жылдан бастау алса. Тағы бір тілегім, құрылысты жүргізетін компаниялар біздің тарапымыздан болса, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Ол орталық іске қосылса, медицина саласын заманауи технологияларға сай келетін небір құрал-жабдықтармен жабдықтап қана қоймай, өзіміздегі дәрігер-мамандардың Кореяда біліктілігін арттыруына да тамаша мүмкіндік туар еді.
Осылай деген облыс Әкімі заманауи орталық бой көтеретін орын Ертістің жағасынан таңдалып та қойылғанын, қазір ол жерде 30 көпқабатты үй салынып жатқанын, алдағы бес жылда бұл тұрғын ауданда 20 мың пәтер бой көтеретінін айтып өтті.

Ал кореялық делегацияның басшысы Ким Сеунг Мун мұнда келісімен облыс басшылығы тарапынан өте іскерлікті байқағандарын және Өскемендегі орталықтың құрылысы жүргізіліп жатқанда біздің дәрігер-мамандарды Сеулде оқытуға өте пейілді екенін бөле-жара жеткізді. Оның айтуынша, тығыз байланыс орнату дәрігерлерді тек технологиялық үрдістерге үйретіп қана қоймай, біздің өңірде науқасқа шалдыққан пациенттерді өздерінде емдеуіне жол ашпақ. Ол сонымен қатар өздеріне артылған сенім үлкен жауапкершілік жүктейтінін де жасырған жоқ.

Егер кездесуде қозғалған мәселелер нақты жоспар бойынша жүзеге асса, жоғарыда айтылғандай, келесі жылы орталықтың құрылысы басталмақ. Ал заманауи талаптарға сай бой көтеретін клиникада аймақтық интеграция шеңберінде тек шығысқазақстандық науқастар ғана емес, көршіліс Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстарының да тұрғындары дертіне дауа алатын болады. Ал бұл игіліктердің бастауы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Корея Республикасындағы ең озық технологиялы Каннам Северанс компаниясы арасындағы өзара әріптестік меморандумына үлкен сеніммен қол қойылуы болды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button