Қоғам

Өскеменде озық үлгідегі балалар ауруханасы ашылады

Өскеменде озық үлгідегі балалар ауруханасы ашылады


Келер жылы облыста «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 200 орындық балалар ауруханасы іске қосылмақ. Жаңа нысан ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталатын болады.

Заманауи құрылғылар үшін 5 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Облыс орталығының Қазыбек би даңғылы бойында салынып жатқан аурухананың құрылысымен танысқан Даниал Ахметов оның жоспар бойынша алдағы жылдары пайдалануға берілуі тиіс екендігін атап өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов болса, бұл аурухана ашылған соң, облыстық Ана мен бала орталығы медициналық қызмет көрсетудің төртінші деңгейіне көтерілетіндігін айтады. Болашақта мұнда нейрохирургиялық, кардиологиялық, реабилитациялық бөлімдер ашылмақ. Демек тиісті ем-дом алу үшін өңір тұрғындары бұрынғыдай Алматы мен Астанаға сабылмайтын болады.

Бүгінде аурухананың негізгі құрылысы толықтай аяқталып, мердігер компания ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен. Қазірдің өзінде аурухананың кең әрі жарық болатынын байқауға болады. Облыс басшысы нысанның жобалау жұмыстарына оң бағасын берді. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан аурухана құрылысын аяқтауға алдағы жылы ел қазынасынан тағы 4,5 миллиард теңге бөлінбек. Осыған дейін құрылыс жұмыстарына ел бюджетінен 13,5 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 3,5 миллиард теңге жұмсалған болатын.

Сондай-ақ аймақ басшысы А.Күленов кентінің тұрғындары неше жылдан бері ашылуын күтіп жүрген емхананың жағдайымен танысты. Журналистерге берген сұхбатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов емхананың жаңа жылға дейін ашылатындығын, тіпті қызметкерлердің штаттық кестесі де бекітілгенін мәлім еткен болатын. Алайда ашылуы көптен бері шегеріліп келе жатқан емханаға қатысты Даниал Ахметов тағы бір мәрте сын айтты. Бүгінде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, құрылғылармен жабдықталып үлгерген емханаға әлі жылу мен су берілмеген болып шықты. Облыс басшысы осы мәселені шешуді және емхананы жуық арада іске қосуды қатаң тапсырды.

Аталған емхана ашылған соң, қаланың сол жағалауында тұратын 25 мыңға жуық тұрғын осында тіркелетін болады. Өйткені бүгінде сол аумақтағы жалғыз Болатов поликлиникасы 60 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр.

Облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан медицина нысандарының жағдайымен танысқан аймақ басшысы өңірде осы саланың сапасын арттыру бағытында қандай шаралар атқарылып жатқандығына да тоқталды.

– Келесі жылдың соңына дейін облыстың денсаулық сақтау жүйесін орташа әлемдік стандарттарға сай етіп жабдықтау жұмыстары аяқталмақ. Президенттің талап етіп отырғаны да осы. Денсаулық сақтау мекемелеріміз, оның ішінде орталықтар үздік құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Бүгінгі күні облыс елімізде бұл жағынан көш бастап тұр десек артық айтқандық емес. Соңғы жылдары өңірдің медициналық мекемелерін озық үлгідегі құрылғылармен жабдықтауға 18 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, өңірде елімізде жоқ бірегей роботты хирургия орталығы ашылып, Ана мен бала орталығы екі миллиард теңгенің заманауи құрал-жабдықтарымен толықты, онкологиялық аурухана қызмет көрсетудің жаңа сатысына көтерілді. Облыстың денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру мақсатында, биыл өңірдің 78 дәрігері Англияда біліктіліктерін көтеріп қайтты. Облыс басшысы алдағы жылы білім алушылар қатарын арттыруды көздеп отыр.

– Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасы базасында травматология институтының филиалы ашылатындығын білесіздер. Облыстық аурухана да елімізде жоқ үш бірдей ангиографпен толықты. Бұл оның базасында кардиохирургия институтының филиалын ашуға толықтай мүмкіндік береді. Облыстағы роботты хирургия, трансплантология, гематология орталықтарының арқасында облыс тек өңірдің медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, ел медицинасының дамуына үлес қоспақ. Алдағы бес жылда өңірдің медицинасы құрылғылары мен орталықтары арқылы ғана емес, адамдық капитал, медициналық кадр есебінен де орташа әлемдік деңгейге шығады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button