Өскеменде «Өніс» күні 16 бала дүниеге келді
Облысымызда биыл Наурыз мейрамы жеті күн қатарынан тойлануы көпшілікті қуантып жатыр. Бірінші күн – «Өніс», яғни, бұл күн барлық өңірлерде аналар мен нәрестелерді құттықтауға арналды.
Риддер қаласында да Наурыз мерекесі «Өніс» күнінен басталды. Осыған орай қала басшылығы мен аурухананың бас дәрігері Г.Кітапбаева перзантхана бөліміне кіріп, дүниеге келген сәбилерге «бауы берік болсын!» айтысты. Дүниеге нәресте әкелген бес анаға сыйлық пен құттықтау хат табыс етті.
Дәл осындай игі шара басқа да аудандарда өтті. Мәселен, Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров өз өңірінде дүниеге сәби әкелген алты ана мен өмірге келген нәрестелерге жүрекжарды тілегін айтып, құттықтады.
Ал облыс орталығында «Өніс» күні 16 бала өмірге келсе, олардың оны – қыз, алтауы – ұл. Бұл – іңгәлап дүние есігін ашқан нәрестелер үшін де сәбилі болған әр отбасы үшінде қуанышты күн Ұлыстың алғашқы күні өмірге келген сәбилердің ғұмыры ұзақ, болашақтары жарқын болғай!
Мерей Қайнарұлы