Қоғам

Өскеменде әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріледі

Өскеменде әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріледі


Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев халық алдындағы есеп беру кездесулерін жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша қарамағына ЖМК ықшамауданы, Ахат Күленов, Жыланды, Үлбі кенттері, 19-тұрғын аудан, қаланың Сол жағалау бөлігі кіретін «Өзін-өзі басқару комитетінің» №1 филиалынан бастады.

2016 жылы атқарылған шаруалар және 2017 жылға арналған міндеттер нақты баяндалған алғашқы есепті жиын Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейде өтті. Мұнан кейінгі халықпен кездесулер облыс орталығының қалаға қарасты барлық елді мекендері мен шағын аудандары қамтылған Менавное ауылында, бұрынғы Октябрь, Үлбі аудандарында, Согра және Жаңа Согра ықшамаудандарында өткізілді. Қала әкімінің қорытынды есептік кездесуі қалалық бөлімдер басшыларының, қалалық мәслихат депутаттарының, қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық-мәдени орталықтар, кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен кеше қалалық әкімдіктің конференц-залында ұйымдастырылды.

Жаңа ауданда мектеп, аурухана және балабақша бой көтереді

Өскеменде әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріледі

Қаланың Сол жағалауы тұрғындарына арналған есепті жиын басталардан бір сағат бұрын мектептің дәлізінде қаладағы салалық бөлім басшылары мен мамандарынан құралған кеңес беру бөлімі жұмыс істеп, онда тұрғындар тарапынан қойылған 11 сауалға нақты жауап берілді.
Кездесуге облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев және қалалық мәслихат хатшысы Александр Абакумов қатысты.

Облыс орталығының басшысы Ерлан Аймұқашев өз баяндамасында Өскеменнің соңғы жылдарда үлкен қарқынмен дамып келе жатқан Сол жағалау бөлігі бойынша былтыр жүзеге асырылған шаруаларға қысқаша тоқталып, уақыттың негізгі бөлігін тұрғындар сауалына жауап беруге арнады. Мұндай жиындар тұрғындарға атқарылған шаруалар жайында есеп берудің, халықпен тікелей ашық байланысқа түсудің, онда көтерілген мәселелер бойынша алдағы күндерге нақты міндеттерді айқындаудың бірден-бір жолы екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, қалалық әкімдіктің негізгі жұмысы Мемлекет басшысы айқындап берген бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әрбір тармағын нақты іске асыру шеңберінде үйлесетінін атады.

– Бүгінгі таңда қаламызда жүзеге асырылған шаруаның бәрі Сіздердің бастамаларыңыздың, еңбектеріңіздің, қолдауларыңыздың, Сіздер мен біздердің бірлескен жұмыстарымыздың арқасында мүмкін болып отыр. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» дағдарысқа қарсы бағдарламасының және өзге де мемлекеттік бағдарламалардың арқасында экономиканың және әлеуметтік дамудың өсу қарқыны сақталып отыр. Тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін жоғарылату, инфляциялық үдерістерді ауыздықтау қамтамасыз етілді, – деді Ерлан Аймұқашев.

Қала әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен бөлшек саудада да көрсеткіштер 2015 жылғы деңгейден жоғары. Жаңадан салынған баспаналар 29,1 пайызға артық. Есепті жылда бес жарым мың жұмыс орны құрылып, орташа айлық жалақы қала бойынша тоғыз пайызға өскен. Шағын және орта бизнестегі белсенді кәсіпорындар саны артып, 3117 бірлікті құраған. Апта сайын демалыс күндері Металлургтер мәдениет сарайы ауданында, «Венера» базарында, «Фреш Маркет» сауда орталығы, Согра, Прохладная, Аблакетка ықшамаудандарында, Шығыс ауылында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Былтыр аталған аудандарға қатысты Энтузиастов және Ә.Молдағұлова көшелері абаттандырылып, жаңартылған. Онда балалардың демалыс алаңдары салынып, қажетті жабдықтарымен спорт алаңы жасақталған. Жарықтандыру бағаналары, демалыс орындықтары қойылған. Болатов емханасына дейінгі жолға жаяу жүргіншілер жолымен бірге орташа жөндеу жүргізілген. Бұдан бөлек Энтузиастов, Рейш, Байбатшин, Өтепов, Комсомольская, Рижская, Ульяновская, Зайсан көшелерінде, Сәтпаев даңғылында және 38 аулалық аумақтарда шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілген.

Жыланды кенті бойынша Цветущая долина, Вольная көшелеріне қиыршық тас төгіліп, Сәтпаев даңғылы, 14 мекенжайындағы үйдің 1 подъезінің жеделсатысы толық жаңаланған. Карл Маркс, Сәтпаев даңғылдары бойында, Ульяновская көшесінде шағын сәулеттік формалар қойылған. Алдағы уақытта тағы алтауы қойылмақ. Тұрғындар өтініші негізінде Көкжал Барақ және Уәлиев көшелерінде «Талап бойынша» қосымша аялдамалар ашылып, №26 автобустық маршруты Ә.Молдағұлова көшесіне кіретін болып өзгертілген. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Өтепов көшесінде «Әйгерім» СҮ жанындағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағына жанатын жол белгісі орнатылған. Жоғарыда аталған көшелерде барлығы 35 жол белгісі жаңартылып, ауыстырылған. Жолаушылар үшін 2017 жылдан бастап № 253 «Өзен вокзалы – 22,23 ықшамаудан» жаңа маршруты ашылуда.
Ерлан Аймұқашев сонымен бірге 2017 жылы алда тұрған ауқымды міндеттерге де тоқталып өтті.

– Мәселен, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үш жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінген. Олардың қатарында №2 қазандықтан 19 тұрғын ауданға дейін магистральді желі құрылысын аяқтау, Үлбі кентіндегі сумен қамту және кәріз желісі, сонымен бірге аталмыш кентті жылумен қамтамасыз ету нысаны құрылысы бар. 2017 жылы көліктік инфрақұрылымды дамыту саласында автокөлік жолдарын қайта құрылымдау бойынша бес жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде Ертіс өзені үстіндегі көпірден Ахмер ауылына дейінгі, Әуезов даңғылы тұсынан бастап Славский атындағы жағалаудан Даңқ мемориалына дейінгі, Сәтпаев даңғылы тұсынан Жібек жолы көшесінен Меновное ауылына дейінгі, Протозанов көшесі бойынша Даңқ мемориалынан бастап Орджоникидзе көшесі арқылы Үлбі өзеніндегі көпірге дейінгі автокөлік жолдарын қайта құрылымдау жобалары бар. Сондай-ақ, Астана көшесін Үлбі өзеніндегі көпірден бастап Тәуелсіздік даңғылы арқылы Потанин көшесіне дейін абаттандырып, қайта құрылымдау да қарастырылған, – деді облыс орталығының басшысы.

Бұлардан бөлек биыл 218 мың шаршы метрден астам баспана салу, Күленов кентінің Халықтар достығы көшесіндегі ғимаратты емхана етіп қайта құру, инвестициялық жобалар жоспарына сай 19-тұрғын ауданда көпсалалы 300 орындық аурухана салу жоспарлануда. Осы тұрғын ауданда Гематологиялық орталық құрылысына да жер бөлінген. Облыс әкімінің тапсырмасымен Өскемен қаласына барлық талаптарға сай заманауи жедел-жәрдем көліктері алынбақ.
Ерлан Аймұқашев алдағы уақытта Елбасының стратегиялық бағдарламалық құжаттарын нақты орындау бағытында өнеркәсіптік өндірісті – 2,5, ауылшаруашылық өндірісін – 5, баспана салуды – 20, жергілікті бюджетке түсімдерді – 10 пайызға арттыруды қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атады.
Жиыны 400 ден астам адам қатысқан есепті кездесудің екінші бөлімінде қала әкімі тұрғындар сауалдарына жауап берді. Сауалдардың басым дені ТҮКШ, мектеп, балабақша, аурухана, жол салуға, ауыз су мәселесіне қатысты қойылды. ЖМК ықшамаудан тұрғыны Ш.Қапаров перинаталды орталыққа дейінгі жолдың дұрыс күрелмейтінін айтты. Аталған бөлікке жауапты мердігер компания «ЮА Трансстрой» ЖШС өкілі жолдың шетінде тұрған көліктер кедергі деп ақталғанымен, қала басшысы оған тұрғындармен ақылдасып, бірлесе жұмыс істеуді ескертті.

Коммуналдық шаруашылық саласындағы қоғамдық ұйым жетекшісі Ольга Добровольская Сәтпаев даңғылының қаладан кіреберістегі өзен тармағы ағып жатқан оң жақ қапталын тұрғындардың демалыс орнына айналдыру, отыратын орындықтар қою жайын көтерді. Оған қала әкімі Сәтпаев даңғылын қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткенін, енді тек қаржыландыру қалып тұрғанын жеткізді. Берілген бюджеттік өтінім қарастырылуда. Алдағы уақытта өзен арнасы бетондалып, қоршалып, түнде жарықтандырылмақ.

Тағы бір тұрғын Төлеген Нариманұлы шағын аудандағы халық санының жылдам өсіп келе жатқанына байланысты мемлекеттік тілде оқытатын тағы бір мектептің және балабақшаның қажеттілігін алға тартты. Бұған жауап ретінде 19-тұрғын ауданда Көкжал Барақ және Уәлиев көшелерінің қиылысында мың орындық қазақ мектебінің құрылысы биыл басталатыны айтылды. Қазіргі Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа ғимаратқа көшкенде бұрынғы мекемесін қаланың балансында қалдырып, мектеп ету жайы да қаралуда. Ал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында екі кәсіпкер жаңа ауданда балабақша салуға ниет білдіруде. Оған жер бөлінген, құрылыс биыл басталады.

Жыланды кентінің тұрғындары Күленов кентінде емхана ашылса, ауылдың көшелеріне жарық тартылса деген өтініштерін білдірді. Оның сұрағына жауап берген облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысы Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, жарық тартуға биыл қаржы қаралмаған, ал емхана салуға қаражат бөлінген, алдағы сәуір, мамыр айларында құрылыс басталмақ. Ерлан Қапарұлы емхана салуға қол жеткізу үшін облыстық мәслихат депутаты Зарина Камасова да бірлесе жүйелі жұмыс жасағанын атап өтті.

Кездесуге қатысқан 20 тұрғын аудан тұрғындары ол жерде 15-тей отбасы тұратындығын, 150-дей жекеменшік үй салынып жатқандығын, қаладан 500 метрдей іргеде орналасса да жол, су, жарық, кәріз жүйесі, абаттандыру мәселесі шешілмей келе жатқанын алға тартты. Ал Сол жағалау ауылының тұрғыны Надежда Васильевна балалар үшін хоккей қорабы, спорт алаңдары салынса деген ауылдастарының тілегін жеткізді. Бұл мәселелер толық зерделенген соң ғана тиісті шешім қабылданбақ.

Сауал қойғандардың барлығы да Өскемен қаласы әкімінің өткен жылда атқарған жұмысына көңілдері толатынын айтып, бірауыздан қанағаттанарлық деген баға берді. Сұрақ-жауап бөлімін қорытындылаған О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейдің директоры Таңатқан Түменбаев қала әкіміне ЖМК ықшамауданын көркейту, дамыту мақсатында қолға алынған іргелі шаруалар, ірі жобалар үшін көпшіліктің атынан алғысын білдірді.
Есепті жиын аяқталған соң қала әкімінің бастамасы бойынша аталған шағын аудандар тұрғындарын жеке қабылдау өткізіліп, оған жазылған 19 адамның барлығының сұрағына жауап берілді.

Ахмер мен Меновноедегі мәселелер шешімін таба ма?

Қала әкімінің келесі есептік жиыны өткен Меновной ауылының ежелден келе жатқан ең ауқымды мәселесі – канализация. Тұрғындар жиын барысында алдымен осы сұрақты көтерді. Себебі, қаланың іргесінде тұрған елді мекен орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Қала басшылығы «мәселені шешеміз» деп тұрғындарды үміттендіріп келе жатқалы қай заман. Ауылда көппәтерлі тұрғын үй көп, бірақ канализация жоқ. Пәтерлерден шыққан лас су 50-60 жыл бұрын қазылып, қурап тұрған ескі құдық-шұңқырларға құйылады. Жиналған қалдықты әзірге әупірімдеп сусорғы машиналармен тасып жүр.
Өзін Надежда Шмыгалева деп таныстырған ауыл тұрғыны осы мәселе жөнінде айтты.

– Біздің ең басты бас ауруымыз – осы. 60 жылдан бері тұрған құдықтар жарылып, лас судың астында қалсақ жағдай қиын болады. Неше жылдан бері осы туралы айтып та, жазып та келе жатырмыз. Әзірге ешқандай көмек жоқ. Бізге кәріз керек, – деді Надежда Шмыгалева.
Қала әкімі бұл мәселені үнемі назарда ұстап отырғанын айтты.

– Меновное кентіндегі кәріз туралы мәселе 2002 жылдан бері қала әкімдігінің назарында келе жатыр. Қазір барлық мүмкіндіктер қарастырылу үстінде. Бұл жерде мәселе қаржыға келіп тіреледі. Егер ақша бөлінсе, күн оздырмай Меновное басты мәселені біржолата шешуге дайынбыз, – деді қала әкімі Ерлан Аймұқашев.

23-ықшамауданның тұрғындары да сауалдарын төтесінен қойды. Басым бөлігі коттедж үйлер болып келетін бұл аудандағы ең басты мәселе – көшені жарықтандыру болып шықты.

– Балаларымыз мектептен шыққанда күн қараңғыланып кетеді. Қоғамдық автобус бағыттары да дұрыс шешілмеген. Оның үстіне көшелердің барлығы қараңғы, жарық жоқ. Біздің қорқатынымыз тіптен де ол емес. Соңғы уақытта елді мекенде қаңғып жүрген иесіз иттердің қарасы көбейіп бара жатыр. Балаларымыз үшін қатты алаңдаймыз. Осы иттерді аулау жұмыстары неге жүргізілмейді? – дейді 23 ықшамауданның тұрғындары.
Қала әкімі көшелерді жарықтандару мәселесі жуық маңда шешілмейтінін бірден кесіп айтты. Себебі, оған ешқандай қаржы қарастырылмаған. Ал иесі жоқ иттерді аулау бойынша Ерлан Айтмұқашев жауапты адамдарға нақты тапсырма берді жауапты қызметкерлер ертеңнен бастап аталмыш жағдайды назарға алуға уәде берді. Бұған қоса тұрғындар Ново-Тройцк ауылындағы ауызсу мәселесі, жол және дәріхана жайында айтты. Қала басшысы барлық қойылған сауалдар мен көтерілген мәселенің мән-жайы қаралатынын айтты.

Ахмер мен Меновное ауылының маңындағы саяжайлар қазір кәдімгі етек-жеңі бар елді мекендерге айналып кеткен. Аудандардан көшіп келіп жатқан қалың ел қайда десеңіздер, осы Ахмер мен Меновноенің маңайында. «Алматы тас жолы» деп аталып кеткен күре жолдың арғы жағындағы жазыққа бір жылдары жаппай жер үйлер салына бастаған болатын. Қазір жер телімдеріне түгелдей дерлік үй тұрғызылып болды. Алайда, мұндағы тұрғындарды көп мәселе мазалайды екен.

– Біз жолдың арғы жағында тұрамыз. Өзіміз бір үлкен елді мекенге айналдық, балалар мектепке бару үшін күре жолдан өтуі керек. Баланы көлік қағып кеткен жағдай да болды. Жол жиегінде «жаяу жүргінші» белгісі тұр, бірақ көліктегілер оны байқамайтын да болуы керек. Тым қатты жүреді. Жылдамдықты азайту үшін «40» деген белгі қойылса, – дейді шағын аудан тұрғындары. Оған қоса, су тартылса, мектеп салынса деген арман-тілектер де жеткізілді.
Қала әкімі қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықовқа аталған мәселе бойынша тапсырма берді. Қалалық шаруашылық бөлімінің басшысы тұрғындар көтерген мәселені алдымен таразылап, қажет болса арнайы белгілерді орнататынын айтты.
22-ықшамаудан тұрғындарының да айтарлары мол. Бұл жерде алты жыл көлемінде тұрып келе жатқан адамдар қыс мезгілінде қоғамдық көлік қатынасы, жалпы елді мекенге кіретін жол қиындығынан зардап шегіп отырғандарын айтты.

– Қыста жол күрелмейді. Жол жоқ болғаннан кейін қоғамдық көліктер де бізге кіре алмайды, осы мәселені шешіп берсеңіздер, – дейді 22-ықшамауданның тұрғындары.

Ерлан Айтмұқашев аталған учаскеге жауапты «Шығыс жолдары» мекемесінің өкіліне нақты тапсырмалар беріп, жұмыстарын жауапты атқармаса, бұл міндетті басқа мекемеге жүктейтінін айтты. «Шығыс жолдары» барлық олқылықтардың орнын толтыруға уәде етті. Сонымен қатар, алдағы уақытта 22 және 23-ықшамаудандардағы қоғамдық көлік мәселесі қайтадан ашылатын №253 маршруттік көлік арқылы шешілмек.

Бағаны ырықтандыру – басты назарда

Өскемендегі бұрынғы Октябрь ауданының, Аблакетка кентінің тұрғындарымен облыс орталығының басшысы Ерлан Аймұқашев өткен сәрсенбі күні Оқушылардың шығармашылық сарайында кездесті.

– Ықшамауданның бес көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген, көше шамдарының 158 шамдалы ауыстырылған. Геологическая көшесіндегі соңғы автобус аялдамасы асфальтталды. Пристаньнан Промбазаға дейінгі учаскедегі жолға орташа жөндеу жүргізілді, – деді өткен жылдың қорытындылары туралы қала әкімі.

Қаланың орталық бөлігінде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мемориалының аумағы және Үлбі өзенінің жағалауы қайта жаңартылды, Лихарев көшесі ауданындағы, «Сәулетай» саябағындағы, Өзен вокзалындағы аумақ абаттандырылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша №3 қазандықтан Промбаза тұрғын аумағына дейін жылу трассасы төселді. Южноаульская көшесі бойынша (Аблакетка) 91-ші үй орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылған. 3462 шаршы метр су құбыры желісі пайдалануға берілген. «Өскемен су арнасы» инвестициялық бағдарламасы бойынша Красин кентінде маусым айынан жалпы қашықтығы 52 шақырым болатын сумен қамту желісін қайта құру жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда. Осындай іс-шаралар 2018 жылы Шмелев Лог шағын ауданында да жүргізілетін болады.

– Үш жыл бұрын Өскемен аумағына Комсомольский кенті қосылған болатын, – деді Ерлан Аймұқашев. – Бүгін мұнда сумен қамту желілерінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Ол қала аумағын дамытудың осы жылға арналған жоспарына енгізілген.

Атқарылған және жоспарланған жұмыстар туралы есеп жиналғандарды қанағаттандырды. Алайда, адамдарды ескі баспананы бұзу, қоғамдық көлік қозғалысының тұрақтылығы мен ақаусыздығы, скверлер мен мектептерге жапсарлас аумақтардың жарықтандырылуы туралы мәселелер алаңдататын болып шықты. Қалалықтар көтерген проблемалар қатарында – Геологическая көшесіндегі 26 «Б» үйдің апатты жағдайы. Бүгінде үйдің іргетасы отырып барады.
Адамдар өз өмірлері үшін алаңдайды. Аблакетка тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселе – Пристань ықшам ауданынан «Геологическая» аялдамасына дейінгі учаске, нақтырақ айтсақ, осы жерден өтетін автотрасса бойындағы жартастар. Кейде мұнда тастардың жол үстіне құлау жағдайлары орын алып жатады.

– Геологическая 26 «Б» үйіне қатысты айтар болсақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығына тексеру жүргізуді тапсырамын, – деп жауап берді қала басшысы. – Қауіпсіздік және тас құлауына жол бермеу мақсатында жартасты тормен жауып қою қажет.

Облыс орталығының тұрғындары Мариана Точева және Татьяна Третьякова трамвай паркінің көліктері қашан жаңартылады және нан мен сүттің бағасы неліктен қымбаттады деген сауал қойды. Қала әкімі ескі трамвайлар мәселесі жазға таман шешілетінін жеткізді.

– Бүгінде біздің сүт өндеу зауыттарымен меморандумдар ұзартылған және қол қойылған, – деді әкімнің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Арман Ысқақов. – Майлылығы 2,5 пайыздық әлеуметтік сүттің бағасы бұрынғы деңгейде қалады. Өткен жылдан Глубокое ауданындағы жеткізуші Өскемендегі бес нүктені құны 60 теңгелік бірінші сұрыпты бидай нанымен қамтиды. Қаладағы 22 әлеуметтік дүкенде бір бөлке нанның бағасы 65 теңгені құрайды.
Қалалықтар қала билігінің жұмысын қанағаттанарлық деп таныды.

Комендатка демалыс орнына айналды

Бейсенбі күні Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев Металлургтердің мәдениет үйінде бұрынғы Үлбі ауданының, сонымен қатар, осы аумаққа жапсарлас жатқан Прохладное, Кирзавод, Әуежай шағын аудандарының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді.

Баяндамасында шаһар басшысы өткен жылы атқарылған іс-шараларға тоқталып өтті. Олардың кейбірін атап өтер болсақ, Металлургтер мәдениет үйінің маңы мен Астана және Дзержинский көшелерінің қиылысы былтыр абаттандырылып шыққан, осы аумаққа тиесілі жеті көшеде орташа, тағы 32 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

– Қашықтығы 1250 шақырымды құрайтын Бажов, Мотовозная, Деповская, Вытяжной тұйық көшелеріндегі электр желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының инвестициялық жобасы бойынша Әуежай ауданын сумен қамту желілерін қайта құру аясында канализациялық коллектордың жөндеу жұмыстары басталды, – деген қала әкімі көшелерге бағдаршамдар орнату, балалар ойын алаңдарын салу, аулаларды абаттандыру, ағаштарды эстетикаға сай етіп кесу және қурағандарын шабу, көпқабатты үйлердегі жеделсатыларды ауыстыру сынды жұмыстар осы жылы да жалғасатынын жеткізді әрі ол жұмыстардың нақты қай аумақтарды жүргізілетінін де атап көрсетті.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар да көп болды. №7 өзін-өзі басқару комитетінің өкілі көшелердегі жарықтандырудың жеткіліксіздігін, кейбір жерлерде жаяу жүргіншілер жолдарына құм себілмейтінін алға тартты. Өскемен әкімі осы жылдан бастап «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында қаладағы барлық мектепке баратын жолдар бойына шамдар орнатылатынын, мұның балалар қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан шара екенін айтты. Нақты қай көшеге шамдалдар орнатуды тұрғындардың өзі де ұсына алады, бұл мақсаттарға қаржы көзделген. Ал көктайғаққа қарсы іс-шаралар коммуналдық қызметтер тарапынан ұдайы жүргізіліп тұрады. Бірақ ауа райының жағдайына, қар мөлшерінің шамадан бірнеше есе көп түсуіне байланысты коммуналшылар міндеттерін орындауға үлгере алмай жататынын қала басшысы мойындады. Ол қазір бұл проблеманы жою үшін құзырлы мекемелер бар күштерін салып жатқандарын жеткізді.

«Восток-39» ПИК төрайымы Алла Лоскутова Өскемендегі қоқыс контейнерлерінің басым бөлігі ескіргенін еске салды. Ерлан Қапарұлы қалада 450 контейнер алаңы бар екенін, бұл мәселе бойынша бағдарлама әзірленіп жатқанын айтып, тұрғындарды бір қуантып тастады. Алдағы уақытта тозығы жеткен жәшіктер ауыстырылатын болады.

Тағы бір тұрғындар бұрындары маса мен бақаға толы, жағымсыз иісі мұрын жаратын Комендантка өзенінің құрғатылып, абаттандырылғанына, онда балаларға арналып ойын алаңдары жасалғанына ризалықтарын білдіріп, осы жұмыстар Студенттік қалашық ауданындағы жүргіншілер көпірінен Виноградов көшесіне дейінгі аумақта қашан жүретінін сұрады. Қала басшысы бұл жұмыстардың жоспарда бар екенін, жаз шыға тиісті шаруалар жалғасын табатынын айтты.

Қала тұрғыны Наталья Яковлева Севастопольская, Революционная көшелері қардан дер кезінде тазаланып тұрса, ал Татьяна Сидорова Лениногорская көшесінің бойына гүлдер егіліп, газондар төселсе, «Защита» ауданындағы саябақ жөнделсе деген талап-тілектерін жеткізді.

– Көшелерді тазартуға қаладағы кәсіпорындардан қосымша 100 техника тартылған, сонымен қатар, қала 10 тіркемесі бар трактор сатып алды. Алдағы уақытта қардан тазарту жұмыстарында іркіліс болмауы тиіс. Ал абаттандыру жұмыстары қолға алынады, саябақты жөндеуге «Өскемен тәртіп» кәсіпорнына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлерді тартуды тапсырамын, – деді бұл ретте қала әкімі.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – дүкен иелерінің есік алдындағы қарды жол үстіне лақтырулары. Олар осылайша коммуналдық қызметтің жұмысына кедергі жасауда. Ерлан Аймұқашев осы орайда дүкен иелерімен түрлі жұмыстар жүргізілгенін жеткізді.

Келесі бір тұрғын Рауия Бейсембаева Прохладное ауданы жұртшылығы атынан қала басшылығы атқарған жұмыстарға оң баға беріп, аумаққа жаңа балабақша қажет екенін айтты. Әкім бұл мәселемен таныс екенін, болашақ балабақша үшін жер телімі қарастырылып қойғанын мәлім етті. Ғимарат не мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, не бюджет қаржысына салынады. Бұл мәселелер шешілуде.

Бажов көшесіндегі 345/2 үйдің тұрғыны Зинаида Михайлова Ерлан Аймұқашевқа бүкіл үйді мекен еткен азаматтар атынан алғыс хат табыстады. бұл үйдің мәселесі 20 жыл бойы шешілмей келген екен. Атап айтсақ, үйдің бір қабырғасы апатты жағдайда болған.

– Жиырма жыл бойы бармаған жеріміз қалмады. Мәселені былтыр қала әкімі Ерлан Қапарұлы тез арада шешіп берді. Біздің жай-күйімізге түсіністік танытып, азаматтық ұстанымын көрсетті. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда өзі де келіп көріп, құрылысты жіті бақылады, – дейді ризалығын білдірген Өскемен тұрғыны.

Бүгінде Щербакова көшесіндегі сегіз үй электр энергиясымен жылытылуда. Осыған орай, тұрғындар жалақымыздың жартысын энергия үшін төлейміз деп мұңдарын шақты жиын барысында. Қала әкімі ол үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатынын, жобаның сметалық құжаттамасы дайын екенін, бюджеттік өтінім берілгенін жеткізді. Мәселе қала әкімінің жеке бақылауында.

«Тәуелсіздік даңғылындағы 93 үйдің ауласында орналасқан хоккей қорапшасы қараусыз қалған» дейді бір тұрғын. Бұл мәселені қысқа мерзімде шешіп беруге уәде еткен қала басшысы алдағы жазда Өскеменде балалардың 25 ойын алаңы ашылатынын жеткізді. Атап өтерлігі, ол алаңқайларға балалар жарақат алмас үшін резеңке жабын төселмек.

Жиын соңында ЖМК ықшамауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы бүкіл ақсақалдар атынан қала әкіміне ризашылығын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.

Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Василий Олейник Өскемен қаласында былтыр атқарылған ауқымды жұмыстарға көңілі толатынын айтып, осы жылға жоспарланып отырған түрлі іс-шаралардың табысты іске асуына тілектестігін білдірді.

Өскеменде әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріледі

Согралықтар жылу мен ауызсудан тарықпайды

Қала әкімі Ерлан Аймұқашевтың Согра және Жаңа Согра ықшамаудандары тұрғындарымен есепті кездесуі Өскемен титан-магний комбинатының мәдениет үйінде өтті. Мұнда да кездесу басталмас бұрын кеңес беру бөлімі жұмыс істеп, согралықтар өздерін толғандырған сауалдарын мемлекеттік органдар басшыларына тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Кездесу барысында 2016 жылы қала бойынша атқарылған шаруалардың есебін берген облыс орталығының жетекшісі аталмыш аудандарда басы қайырылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

Қала әкімінің айтуынша, мұндағы Согринская көшесінен теміржол өткеліне дейін көше шамдарының тіреулері орнатылған, Подхоз көшесіне дейін орташа жол жөндеу жұмыстары атқарылған. Менделеев, Егоров, Скалистая, Согринская, Машиностроителей көшелерінің, Вешний тұйық көшесінің, ӨТМК-на дейінгі, Винное ауылы бағытындағы жолдардың шұңқырлары жөнделген. Гражданская көшесіне қиыршық тас төгілген. Постышев көшесіндегі №4 және 6 үйлер аралығындағы саябақ абаттандырылып, ықшамауданда екі шағын сәулеттік форма қойылған.

ТҮКШ саласында 2016 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасымен Жаңа Согра ауданында Менделеев көшесі бойынша жылумен қамту желісін қайта құру орындалған. Солнечный кентіндегі су бөгетінің санитарлық қорғау аймағын қоршауды қайта жарақтандыру басталған. Сондай-ақ, 2017 жылдың жоспарында «Жаңа Согра» КМК су құбырын қайта жарақтау бойынша ЖСҚ әзірленбек. Радужный кентінің жылу желісі де жөнделетін болады. Биыл «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша «Солтүстік-Атаман және Төменгі-Согра су бөгеттерін қайта құру» жобасын жүзеге асыруға қаржы қарастырылған.
Абаттандыру мәселесіне келсек, тиісті зерттеулер жүргізілген соң ішкі аулалық аумақтарға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Менделеев көшесі, 4, 18, 20, 22 мекенжайлары бойынша аулаларға шағын сәулеттік формалар мен спорттық алаңдар салу мүмкіндіктері қарастырылмақ.
Кездесу барысында согралықтар ықшамауданда мектеп, балабақша салу, жол белгілерін, жаяу жүргіншілер жолын орнату, көшелерді түнде жарықтандыру, Согра кентіне баратын автобус маршрутын оңтайландыру мәселелерін көтерді. Сауалдардың түгеліне дерлік жауап беріліп, оларды орындау үшін тиісті құрылымдарға тапсырмалар берілді.

Есепті жиыннан соң қала әкімінің ұйтқы болуымен азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, онда қойылған 25 сұраққа да жауап берілді.

Жолдау алға нақты міндеттер жүктейді

Кеше Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашевтың халық алдындағы қорытынды есеп беру кездесуі болып өтті. Қалалық әкімдіктің конференц-залында өткен жиынға облыс басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, жергілікті мәслихат депутаттары, билік органдарының, ұйымдар мен кәсіпорындардың жетекшілері, қоғамдық бірлестіктердің, ұлттық-мәдени орталықтар мен саяси партиялардың өкілдері қатысты. Атап өтерлігі, осы жиын барысы қала әкімінің сайтында онлайн режимде таратылды және тұрғындар тарапынан сайт арқылы екі сауал келіп түсті.

Қорытынды есептік кездесуде ең алдымен Елбасының 31-қаңтарда жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыға салынды.

– Президент өз Жолдауында атап өткендей, экономикалық дамудың локомотиві ретінде өңірлік кәсіпкерлік корпорациялар танылуы тиіс. Экономикамыздың келешегі – әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін бизнесте. Бағдарламалық құжатта халықты әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар, биліктің халық алдындағы есептілігін арттыру да – Мемлекет басшысының басты тапсырмасы. Біз алдағы уақытта осы Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау бағытында жұмыс істейтін боламыз, – деді осы ретте қала басшысы.

Биыл Елбасы міндетіне орай елімізде «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы қолға алынады. Оған қаладағы оқу орындары атсалыспақ. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында балабақша тапшылығын жою да – Жолдауда айтылған маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда ағымдағы жылы 500 орындық екі балабақша құрылысы басталады.

Осы басқосуда «Шығыс-Сүт» ЖШС-нің директоры Сейілжан Сайлаубаев пен «Наше поколение» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марина Соловьева өз пікірлерін білдірді. Серіктестік директоры сүт өнімдерін үстемеақысыз сататын қосымша сауда нүктесін ашуға көмектескен қала басшылығына ризалығын білдірсе, бірлестік төрайымы былтыр ашылған жылы аялдамалар үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, ол жолдарды қар мен мұздан, үйлердің шатырларын сүңгілерден тазалау, жаз кезінде гүлзарларды көптеп отырғызу жұмыстары қарқын алса деген ұсынысын жеткізді. Интернет арқылы екі сауал түсті. Қала тұрғыны Татьяна Афанасьева биыл қалада қандай жолдар жөнделетінін білгісі келеді екен. Ал келесі азамат Әлібек Қасымбеков Сәтпаев даңғылы бойында, театр маңында қандай нысан салынып жатқанын сұрады. Қала әкімі көктем шыға жөнделетін көшелер белгіленетінін, олардың тізімі бұқараға жарияланатынын айтты, ал жаңа нысан – «Нұрлы жол» саябағы екен. Демалыс орнында көптеген спорт, балалар ойын алаңдары салынып, қыран бейнесіндегі монумент бой көтермек.

ЖМК ықшам ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы осымен 4-ші кездесуге қатысқанын, қала басшылығы тарапынан атқарылған жұмыстарға оң баға беретінін жеткізді.

– Ерлан Қапарұлы осы есептер барысында нақты сөздің адамы екенін байқатты. Бос уәде берген емес. Екіұшты жауаптармен сұрақтан тайқыған жоқ. Белгілі бір себептермен жуық арада істеле қоймайтын жұмыстарды да тура айтты. Қаладағы барлық жағдайды толық білетінін, бақылауда ұстап отырғанын көрсетті, – деді ол өз сөзінде.

Барлық есеп беру жиындарында тұрғындардан қала әкіміне тікелей 60-қа жуық сауал қойылып, бірден жауаптар алыныпты. Өскемендіктер негізінен сумен қамту, 19,20, 23-тұрғын аудандарында жол салу, аурухана, балабақша, мектеп құрылысы, абаттандыру мәселелерін көтерген екен.

Дәурен Аллабергенұлы,
Дарын Нұрсапаров,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button