Өскеменде көше шамдары көбейеді
Өскеменде көше жарықтандыру құралдары энергия үнемдеуіш шамдарға ауыстырылмақ. Еуропалық даму және қайта құру банкімен жұмыс аясында қалада жарықтандыру жүйесін ауыстыру көзделуде. Бұл бағытта энергия үнемдеуге ерекше басымдық беріліп отыр.
Атап айтқанда, Өскемен қаласының көше жарықтандыру жүйелерін жаңарту бойынша жұмыстарға 4 миллиард 900 миллион теңге бөлінеді. Оның басым бөлігі Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржысы. Сондай-ақ, Үкімет гранты мен жергілікті бюджет қаражатының да үлесі бар. Несие қаржысы аталған банктің берген қарызының мөлшерінде ғана қайтарылмақ. Несиені құю мерзімі 10 жылға есептелген. Осы қаржы арқылы Өскемендегі көше шамдары қуат үнемдейтін жоғары технологиялы шамдарға ауыстырылмақ.
Жаңа үлгідегі көше шамдары жарықтандыруға жұмсалатын энергияны 60 пайызға үнемдейді. Облыс орталығы көшелерінің қазіргі жарықтандыру жүйесі энергияны жұмсау жағынан аса тиімді емес. Басым бөлігінің тозығы жеткен. Осыған орай, облыс әкімдігі Еуропа қайта құру және даму банкімен бірге қала көшелерін жарықтандыруды жаңғырту жобасын қолға алды. Жоба бойынша жаңғырту жұмыстары барысында электр шамдарының бағандарына дейін толық ауыстырылып, жаңа ті¬ректер орнату, жекелеген тран¬с¬¬¬форматорлық подстансаларды са¬тып алу жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен бірге, орта¬лықтандырылған басқару пункті және жүйені бақылауға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету құрылымы енгізілмек. Облыс әкімдігі хабарлағандай, аталған жобаларды жүзеге асыру бір жылда Өскемен қаласында – 40,7 миллион теңге қаражатты үнемдеуге жол ашады.
– Келісім бойынша займ алушы біздің компания болып табылады, бірақ соңғы хаттамалық шешім бойынша біз жарықтандыру жөніндегі барлық құжаттарды облыстық мемлекеттік сатып алулар және коммуналдық меншік басқармасына беруге тиіспіз, – деді бізге берген жауабында «Өскемен-Тәртіп» кәсіпорнының бас бухгалтері Гүлназар Елеева. – Бұл барлығын бір мекемеге беру үшін жасалады.
Қазіргі кезде «Энерджи Центр Братислава» компаниясының мамандары техникалық-экономикалық зерттеу жүргізуде. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыс қазынасынан 18,4 миллион теңге бөлінген. Шам бағандары орнатылатын жерлер анықталып жатыр.
Мұрат Латиев, Защита ықшам ауданының тұрғыны:
– Көше шамдарының дені қаланың орталығында. Олар қуатты аз тұтынатын жаңа үлгідегі шамдарға ауыстырылса, әрине, жақсы болады. Айтайын дегенім, өзім тұратын Защита сынды қаланың шеткері аумақтары да назардан тыс қалмаса екен. Себебі, бізде көше шамдары аз, көбі ескірген. Ал жарық көше – қауіпсіздік кепілі.
Салтанат Темірғалиева, Ұлан ауданы:
– Өскеменге жиі келіп тұрамыз, қаланың жарықтандырылуы ұнайды. Жаңа шамдардың жарығы да керемет. Түнгі мезгілде отбасыммен қыдыруға болады, жарықта өзіңді жайлы сезінесің. Алдағы уақытта шамдар көбейсе және олар үнемді болса, құба-құп. Бұл істе балабақшалар мен мектептердің маңайы, жаяу жүргіншілер жолдары алғашқы кезекте болуы тиіс деп санаймын.
Ержан ӘБІШ