Өскеменде хоспистің филиалын ашуды жоспарлап отыр
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға облыс әкімімен бірге орынбасары Әсем Нүсүпова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк және салалық басқармалар басшылары қатысты.
Қабылдауға келген Ұлан ауданының Таврия ауылында орналасқан хоспистің директоры Ерболат Байыров облыс әкіміне 2017 жылы облыс орталығы Өскемен қаласында аталмыш мекеменің 100 орындық филиалын ашуды жоспарлап отырғандығын айтып, бұл жұмысты ойдағыдай жүзеге асыру үшін демеушілік қаржы тартуға қолдау көрсетуін сұрады.
– Біздің мекемеге облыс бойынша адамдар қабылданады. Қазіргі ғимарат тарлық етуде. Өзіміздің осыған дейін жинаған ақшамызды қосып, банк арқылы несие алуды шешкен болатынбыз. Алайда, банк алғашқы 10 пайыздық жарнаны төлеуді сұрап отыр. Осыған қажетті қаржыны табуға қолдау көрсетсеңіздер екен, – деді Е.Байыров.
Облыс әкімі бұл мәселенің мән-жайын, өзектілігін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллиновадан да сұрастырып білді.
– Филиалды ашу шынында да сұраныс тудырып отыр. Себебі, мекемеге жыл сайын 300-ге тарта адам жатады. Бүгінгі кездегі төсек саны – 220 орын. Шамамен 80 адамға орын жетпей келеді, – деді Р.Сафиоллинова.
– Әрине, банктер алдында біз Сіз үшін кепіл бола алмаймыз. Дегенмен, бұл мәселені шешуді «Даму» банкінің жергілікті филиалы арқылы қарастыруға болады. Біз банк өкілдерімен сөйлесіп, тиісті 14 пайыздың орнына он жылға дейінгі мерзімде сегіз пайызбен қаржы беруге қолдау көрсетейік. Бұл Сіздерге үлкен қолдау болмақ. Қалған банктік жұмыстармен өздеріңіз шұғылданыңыздар, алда нәтижелі жұмыс істеңіздер – деді аймақ басшысы.
Сонымен бірге, Даниал АХМЕТОВ бұл мәселені оңтайлы шешу үшін бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановпен және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллиновамен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.
Мұнан соң қоғамдық қабылдауға алдын ала жазылған бірнеше адам өздерінің жеке мәселелерін көтерді. Оларды мұқият тыңдаған облыс әкімі мәселелерді жан-жақты сараптап барып, қолданыстағы заңнамалар аясында дұрыс шешім қабылдау үшін салалық мемлекеттік органдар басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ