Қоғам

Өскеменде халықтық ойындар басталды. Бірақ халық неге аз?

Өскеменде халықтық ойындар басталды. Бірақ халық неге аз?

Өскеменде облыс әкімінің жүлдесі үшін XX Халықтық спорт ойындарының шымылдығы түрілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дүбірлі доданың биылғы бір ерекшелігі – қазақтың көкпар, бәйге, күрес секілді төл ойындарымен бірге орыс, татар, армян, неміс және басқа да ұлттардың сайыстары да бағдарламаға енгізілген.
Кеше облыс орталығындағы Меновное атшабарында көкпар басталды. Аумақтық іріктеу кезеңінен іркілмей өткен сегіз команда «кім мықтыны» анықтау үшін Өскеменге жиналған. Бірінші болып Тарбағатай мен Ұлан ауданының командалары шықты алаңға. Ұлттық ат спортынан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аударыспақтан республика мен облыстың бірнеше дүркін чемпионы Жұмабек Жәпішев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, батасын берді. «Әумин!» деп бет сипалғаннан кейін, семіз серке бауыздалды.

«Тұлпардың» тұяқ серпісі жақсы

Өскеменде халықтық ойындар басталды. Бірақ халық неге аз?

Көпшілік күткен көкпар да басталды. Ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, тықыршып тұрған тұлпарлар төрешінің ысқырығы шалынысымен-ақ, тұяқтарымен қара жердің жонын осқылап, додаға қойды да кетті. Барқытбелдің баурайынан келген жігіттер ойын тізгінін бірден қолдарына алды. Қайткенмен спорттың бұл түрінен облыстың 13 дүркін чемпионы деген атағы, республика деңгейінде жинақтаған тәжірибесі бар ғой тарбағатайлық команданың. Тақымы тастай, ұстаған жерін опырып түсетін қарулы жігіттер салмағы 40 келіден кем емес семіз серкені ат үстінде ойнатып, құр тулақтай сүйрегенде, сүйсінгендерін жасыра алмады жұрт. Тұс-тұстан қиқу салып, дем беріп, рухтандырып отырды жанкүйерлер. Қиқу естілсе, қос құлағын қайшылап, көзі шатынап, дүр сілкініп шыға келетін жылқы жануары да қасиетті ғой шіркін. Үстіндегі көкпаршысының ыңғайына қарай жүріп, иесінің әдіс-айласын жазбай ұғатыны таңғалдырады. Құйындатып шауып келе жатып кілт тоқтап, жалт бұрылу немесе қарсыластың жолына көлденеңдеп, жердегі серкеге жібермей қою секілді әдіс-тәсілді бұл аттар мықты меңгергені көрініп тұр. Қос команданың ойыншылары да осал емес. Нағыз шеберлер. Алайда, алғашқы кезеңнің он бесінші минутында тарбағатайлық «Тарлан» командасының өкілі Әлішер Ермаханбетов қалың топтан жеке дара шығып барып есепті ашты. Сөйтіп, облыс әкімінің жүлдесіне арналған XX Халықтық ойындар аясындағы көкпар ойынының тұсаукесер салымы Ұлан ауданының «отауына» түсті. Арада көп уақыт өтпей, Арман Жамалбеков есепті еселеді. Бірінші кезең 2:0 нәтижесімен аяқталды.

Өскеменде халықтық ойындар басталды. Бірақ халық неге аз?

Он минуттық үзілісте бапкерлерінен нұсқау алып шыққан көкпаршылар ойынның екінші кезеңін ширақ бастады. Есеп айырмасын қысқартуға тырысқан ұландықтар барын салып бақты. Бірақ ойындары жүрмеді ме, әлде шама-шарқы сол болды ма екен, әйтеуір, қарсыласына қайрат көрсете алмады. Есесіне облыстың 13 дүркін чемпиондары есепті 3:0-ге жеткізді. Салым авторы – Әлішер Ермаханов. Ал «Тұлпардың» бапкері Сержан Омарбеков болса, салым салған әрбір шәкіртіне қазақтың салт-жоралғысы бойынша ақшалай сыйақы беріп, ынталандырып отырды.
– Бәрі ойдағыдай өтті. Дегенмен, 400 шақырымнан астам жол жүріп келген жылқылар мен көкпаршыларымыз қалыптасқанша, уақыт керек. Алғашқы ойынның әдеттегідей нәтижелі болмауы сондықтан. Келесі қарсыластармен кездескенде, бұдан да жоғары деңгейде өнер көрсетуге күш саламыз. Бастамасы жаман емес, – деп ағынан жарылған «Тұлпар» командасының бапкері, Тарбағатай аудандық мәслихатының хатшысы Сержан Омарбеков ұлттық ат спорты ойындарына қатысты ойында жүрген түйткілдерін де бүкпеді.

Өскеменде халықтық ойындар басталды. Бірақ халық неге аз?

Тәжірибелі бапкердің айтуынша, ұлттық ат спортын, оның ішінде көкпарды бүгінгі заманның талаптарына сай дамыту үшін өңірлерде жабық алаңдар салынса, жыл он екі ай бойы жаттығуға мүмкіндік болар еді.
– Елбасы дамыған отыз елдің қатарына кіруге міндет қойды. Қазақ мемлекеті сол өркениеттер көшіне ілескенде, өзінің төл мұраларымен, ұлттық спорт ойындарымен, өнерімен танылып жатса, қандай керемет! Бізде футбол алаңдары, хоккей модульдері, небір спорт кешендері салынып жатқанда, өзіміздің ұлттық ойынымызға арнап бір нысан тұрғызбау өкінішті-ақ, – деп қынжылыс білдірді Сержан Омарбеков.

Өскеменде халықтық ойындар басталды. Бірақ халық неге аз?

Сонымен қатар, ұлттық спортымызға насихат жетіспейтіндігі де бар. Айталық, кешегі көкпарды тамашалауға Меновное атшабарына ат төбеліндей ғана жанкүйер жиналды. Білмей қалды көпшілігі. Әйтпесе, ат тұяғының дүбірі естілсе, делебесі қозып, арқаланып кететін біздің жұрт таяқ тастам жердегі доданы көруге қызықпайды емес, қызығады. Тек дұрыс құлақтандырылмаған. Бірінен-бірі естіп атшабарға келген азын-аулақ адамның айтқандары бұл.
Бұл күні сондай-ақ, Бородулиха мен Көкпекті, Абай мен Глубокое аудандарының көкпар командалары шеберлік байқатты. Мұның сыртында қаладағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде волейбол, «Восток» стадионында футбол жарыстары өткізілуде.
(Осы және басқа да сайыстардың нәтижелерін газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

Серік Әбілхан

Суреттерді түсірген – Есімхан Орынбаев

Осы айдарда

Back to top button