Руханият

Өскеменде дін өкілдерінің съезі өтті

Шығыс Қазақстанда радикалды идеологияның таралуына қарсы іс-қимыл жолдары мен тетіктерін әзірлеуге арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Діни және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, теологтар мен ғалымдардың және мемлекеттік қызметшілердің басын қосқан съездің басты мақсаты – қазіргі қоғамда толерантты діни көзқарас қалыптастыру.

«Діни және этномәдени бірлестіктердің толерантты діни сана мен радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастырудағы рөлі» тақырыбымен өткен съездің әлемде кейінгі кездері болып жатқан күрделі саяси үрдістердің алдын алуға бағытталған шара екенін айтқан еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дінтану сараптамасы орталығының бөлім басшысы Жарас Ахан көптеген діни бірлестік өкілдерінің дінді саясиландырып, халықты бір-біріне қарсы қою әдісіне көшіп жатқанын атап өтті.

– Дінді саясаттың бір құралына айналдырғысы келетін көптеген саяси күштер бар, – деді Жарас Ибергенұлы. – Осы ретте Елбасының бастамасымен әлемдік діндер съезі жыл сайын астанада өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде өз нәтижесін де беріп жатыр. Мұның бір дәлелі – Біріккен Ұлттар Ұйымының соңғы отырысында айтылған жайттар. Өз елімізге келер болсақ, біз көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет болып қалыптастық. Қаласақ та, қаламасақ та, бұл біздің тарихымыз. Тарихымыз сонау сақ дәуірінен бастау алады. Кезінде Білге қағанға, Күлтегінге, одан бері Кенесарыға сенім берген елміз. Ал ел аумағында сақталып қалған өзге ұлттардың, өзге конфессиялардың мазарлары мен сәулет өнерлері ше? Бұл біздің қоғамның өзге мәдениет пен дінге деген көзқарасының дұрыстығының белгісі. Мына дүние адам үшін жаратылған. Құран Кәрім бізге солай дейді.

Бүгінде осы нақышты берік ұстабаған Ливияның, бір келісімге келе алмай быж-тыж болған Сирияның жағдайы біз үшін үлкен сабақ болуы керектігін алға тартқан ол, бөлек діни ағыммен қоғамды мемлекеттен бөліп әкетуге болмайтынын, сондай-ақ қоғамды құдайсыз да басқаруға болмайтынын тілге тиек етті.

– Алланың өзі адам баласына суда, құрлықта өмір сүріп, нығметінің ең жақсысымен қоректендіріп, ардақтап отыр. Адамның тіліне, дініне, діліне бөліп отырған жоқ. Әлемді адам баласы үшін жаратты. Сондықтан біз осыны мықтап есте сақтауымыз керек. Біз бүгін ғана мұсылман болып отырған жоқпыз. Мұсылман болғанымызға 12 ғасыр уақыт өтті. Бабаларымыз арқылы қанымызға сіңген жақсы қасиет ел аумағында басқа ұлттардың да жайлы өмір сүруіне жағдай жасады, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа және шариғат бөлімінің басшысы Сансызбай Шоханов.

Құран Кәрімде кездесетін «Жиһад» сөзінің мәнін түсінбей  қателікке баратын бауыр-қарындастардың барын айтқан ол жиһадтың бірінші кезекте адамның өз нәпсісімен күресуі, мұсылмандық талаптарын қатаң сақтау және Отанды  жаудан сақтау екенін атап өтті.

Сондай-ақ пленарлық отырыс барысында сөз алған облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай өңірде мешіттер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– Әр дәуірде әр қоғамның, саланың өз ауыртпашылықтары болады. ХХІ  ғасырда адам баласына жазған осындай бір ауыртпашылық – діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру болуда. Бүгінгі таңда Қазақстан  Жоғарғы сотының шешімімен 23 ұйым радикалды бағыттағы ұйым болып танылып, ел аумағында іс жүргізуіне тыйым салынған. Сондай-ақ ел соты осы уақытқа дейін діни экстремизм мен терроризмге қатысы бар деп мыңнан астам адамға үкім шығарып, қазіргі күні 1300-дей азамат түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатыр, – деді Ермек қажы Тасболатұлы.

Бір айда бір өңірде ғана дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог және психолог мамандары мыңдаған адаммен жүздеседі. Осы себепті мемлекеттік идеологияның ауқымды бөлігін осы мамандар атқарып келеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда өңірде діни саламен қатар жамағатты қазақтың салт-дәстүрлеріне бағыттайтын істер қолға алынуда. Атап айтсақ, осындай игі істің бірі облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Халифа Алтай»мешітінде халқымыздың көне тарихынан сыр шертетін музейдің  ашылуы болды. Сақ, ғұн, түркі дәуірлерінен бастау алатын музейдегі құнды жәдігерлер Қазақстанның жаңа тарихына дейінгі аралықты қамтиды.

Съездің пленарлық бөлімінен соң  исламның радикалды бағытын және діни бірлестіктердің қоғамда толерантты діни көзқарас қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын саралаған секциялық жұмыстар облыстық «Халифа Алтай» мешіті мен Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында жалғасын тапты.

  Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button