Экономика

Өскеменде бес бірдей жаңа кәсіпорын пайда болады

Өскеменде бес бірдей  жаңа кәсіпорын пайда болады

Инвесторлар облыс орталығында жүкті өздігінен түсіретін көліктер (самосвал) мен бұрғылау қондырғыларын, сондай-ақ, қағаз бұйымдары мен құрылыс материалдарын шығармаққа бел буып отыр.
Жаңа кәсіпорындар қаланың индустриалды аймағының бірі – Машина жасаушылар көшесінде орналасатын болады. Осындай ұзақ мерзімді жоспарлар жайында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жергілікті филиалының мамандары мәлімдеді.
Жалпы, Өскеменде индустриалды жобаларды дамыту мақсатында 2007 жылы Ертістің оң және сол жағалауында екі индустриалды аймақ пайда болған-ды. Ол жерлерге қажетті коммуникациялар тартылып, көліктік жол түйіні салынған. Осындай игілікті істерді атқарып келе жатқан корпорация биыл әртүрлі бағыттағы бірнеше кәсіпорынмен келісімге отыруға қол жеткізді.
– 17 қыркүйекте чехиялық инвесторлармен өзара келісе отырып, базальттық жылытқыш шығаратын жаңа зауыттың іргетасы қаланды, – дейді корпорация өкілдері. – Жалпы құны 25 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт толықтай іске қосылғанда 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бұдан басқа, оның маңайында тау-кен машиналары мен жабдықтарын және ағаш брикеттер шығаратын зауыттар, тұрмыстық-шаруашылық және санитарлық-гигиеналық қажеттіліктерге арналған қағаз шығаратын фабрика, сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын орын теппек. Бұл өндіріс орындары осы жылдың соңы мен келесі жылы іске қосылады деп күтілуде.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button