Қоғам

Өскеменде Аяз Аталар мен Ақшақарлар шеруі өтті

Өскеменде Аяз Аталар мен Ақшақарлар шеруі өтті

Жаңа жылды Аяз Ата мен Ақшақарсыз көзге елестету мүмкін бе? Әрине, жоқ. Бала қиялын көкке шарықтатып, жүрегін қуанышқа бөлейтін осынау кейіпкерлерсіз жаңажылдық думанның да сәні еш кірмек емес. Кеше Өскемен қаласының бас алаңында дәстүрлі Аяз Аталар мен Ақшақарлардың шеруі болып өтті. Оны жүздеген қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.

Бұл күн шынында да, қуанышты күн болды. Әсіресе, алаңға келген балалардың қуанышында шек жоқ. Мұнша көп Аяз Ата мен Ақшақарды бұрын-соңды көрмеген кішкентай балдырғандардың жүзінде таңданыс та бар. Тура бір әлемнің барлық Аяз Аталары мен Ақшақарлары келісіп алып, осы жерге жиналған дерсің. Араларында Санта Клаустар да жүр. Күннің суықтығына қарамастан, бәрінің де көңіл күйлері көтеріңкі. Жүздерінен жүректі тербейтін жылылық есетіндей. Енді ше, сәт санап, сағат санап Жаңа жыл мерекесі жақындап келе жатыр емес пе?
Байқаймыз, Жаңа жылдың алдында дәстүрлі түрде өтетін ертегіге бергісіз осынау карнавалдық қойылымның көрігін қыздыруға келген Аяз Аталар мен Ақшақарлардың да қарасы жылдағыға қарағанда әлдеқайда артқан секілді. Мұны Аяз Аталар мен Ақшақарлардың өнерін бағалайтын қазылар алқасының мүшесі, қалалық білім бөлімінің қызметкері Марина Бочкарева да өз сөзінде атап айтты. Оның айтуынша, шоуға қаладағы барлық 44 мектеп пен 14 балабақша, 10 қосымша білім беретін мекеменің Аяз Аталары мен Ақшақарлары қатысып отырған көрінеді. – – Жаңа жыл көңілді мерекенің бірі ғой. Сондықтан да мұндай шаралар қала тұрғындарына тек жақсы көңіл күй ғана сыйлайды, – дейді ол.
Ойын-сауық думанының алғашқы тапсырмасы – би билеу. Бір кезде алаңда қазақтың ұлттық «Қара жорға» биінің әуені қалықтап қоя берді:
Қара жорға болмаса,
Бидің сәні келер ме?
Қос етек көйлек кимесе,
Қыздың сәні келер ме…
Тегінде қазақтың «Қара жорғасының» қанды қыздырып, делебені қоздыратын бір қасиеті бары шын-ау. Аяз Аталар мен Ақшақарлар қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаны» келістіре билей жөнелгенде, көрермендер де шат-шадыман күйге бөленді.
Ал «Қарлы майдан» атты спорттық жарыс өз көрермендерін күлкіге көміп тастады. Екі топқа бөлініп, бірін-бірі жасанды қар кесектерімен атқылап жатқан Аяз Аталар мен Ақшақарларды көрген қала тұрғыны Зейнеп Алшынбаева «Жаңа жылды қарсыз қарсы алған қызық екен. Тізеден қар кешіп жүретін қысты сағынып кеттім», – деп қояды.
«Канат тарту» сайысы да қызықты өтті.
– Аяз Аталар мен Ақшақарлар шеруі қызыққа кенелтті. Келіп, қатысқанымызға сондай қуаныштымыз, дейді №1 орта мектептің Аяз Атасы Ерназар Тоқанов. Ерназардың өзі денешынықтыру пәнінің мұғалімі болса, оның Ақшақары Еркежан Төлеубаева математика пәнінің мұғалімі екен. Ерназар осымен төртінші жыл қатарынан Аяз Ата болып отыр.
Осы шоуда біз қаладағы №3 көпбейінді мектеп-гимназиясының атынан шыққан Аяз Ата мен Ақшақармен де тілдестік. Аяз Ата – Лұқсанов Мәди мен Ақшақар – Дүтпаева Майра да өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері көрінеді.
– Мынау Мәди ағай мен Майра апай ғой, – деп оларды таныған оқушылары мұғалімдерімен ізетті амандасып жатыр.
– Жалпы, Өскеменнің тұрғындарына ризамын. Ешқандай мерекені атаусыз қалдырмайды. Қандай ауа райы болса да, ән салып, би билеп, сауық құрады, – дейді өзін Арайлым деп таныстырған қала қонағы.
Сонымен, Аяз Аталар мен Ақшақарлар шоуы да өз мәресіне жетті. Аяз Аталар мен Ақшақарлардың өнерін тамашалап, сарапқа салған қазылар алқасы «Қаланың ең басты Аяз Атасы» аталымын қаладағы «Еркетай» балабақшасының Аяз Атасы – Тұрниязов Темірбекке беруге шешім шығарды. Сонымен қатар, «Ең көңілді Аяз Ата», «Ең күшті Аяз Ата», «Ең тапқыр Аяз Ата», «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша жүлделер де өз жеңімпаздарын тапты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button