Өскеменде 85 түлек алтын белгіден үміткер
Мамырдың 12-сі күні республика бойынша ата‑аналардың жалпыұлттық жиналысы өтті. Өскемендегі жалпы білім беретін 45 мектепте де бір мезгілде ата-аналардың жалпыұлттық жиналыстары болып, оған 30 мыңнан аса ата-ана, жергілікті және атқарушы билік өкілдері, білім саласын қадағалау департаментінің мамандары қатысты. Бұл туралы журналистермен кездесуінде қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова айтты.
– Бұл шараның мақсаты – ата-аналарды облыстың білім беру саласында болып жатқан жаңалықтармен таныстыру. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі күні еліміздің білім беру саласында білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу бойынша үлкен өзгерістер, реформалар болып жатыр. Міне, осы жаңалықтардан ата-аналар да хабардар болуы тиіс. Жалпыұлттық ата-аналар жиналысында бұдан басқа қамқоршылық кеңесінің қызметі, демеушілік, жаңа форматтағы ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және т.б. мәселелер де көтерілді, – деді М.Ахметова.
Сондай-ақ, осы күні ата-аналар «Мектепке кітап сыйла» акциясына да белсене қатысқан. Жалпы, жыл бойы өткізілген акцияның нәтижесінде
ата-аналар қала мектептеріне 16 мыңнан астам кітапты сыйға тартыпты. Олардың арасында әдеби, танымдық кітаптармен қатар, оқу-әдістемелік
құралдар да бар көрінеді. Қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ, ҰБТ туралы да айтты. Биыл Өскеменде барлығы 1394 түлек мектеп бітірмек. Олардың ішінде 85 түлек «Алтын белгіден» үміткер болса, «Үздік» аттестаттан үміткерлердің саны – 61.
Қаладағы 44 мектептің 1152 түлегі 29 мамыр мен 9 маусым аралығында қорытынды аттестациялаудан өтеді. Ал 242 мектеп бітіруші денсаулығына байланысты қорытынды аттестациялаудан босатылған. Сөйтіп, мамырдың 29-ы күні мектеп бітірушілер ана тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан (эссе) тапсырады. Оларға 250-300 cөзден тұратын эссені жазуға үш сағат уақыт беріледі. Ал маусымның 2-сінде таңдау пәні бойынша тестілеу болса, 6-шы маусымда алгебра мен анализ негіздерінен жазбаша, 9-шы маусымда Қазақстан тарихынан ауызша емтихан болмақ.
Жалпы, қала бойынша халықаралық олимпиадалар мен жобалардың төрт бірдей жеңімпазы ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылыпты.
Мәдениет Медеуханқызының айтуынша, олардың барлығы да 2017 жылға дейін сертификатқа ие болғандар. Қалалық білім бөлімінің басшысы М.Ахметова сондай-ақ, соңғы кездері үлкен шуға айналған қаладағы «Октябренок» балаларға арналған оқу-сауықтыру орталығына байланыстыда мәселенің қарасын ажыратып берді. 1995 жылы құрылған бұл орталық 2001 жылы қалалық білім беру бөлімінің қарамағына беріліпті. Сол жылы бекітілген жарғыға сәйкес 3-14 жас аралығындағы балаларға, сонымен қатар, ересек адамдарға медициналық, сауықтыру қызметтерін көрсетіп келген. Мұнымен бірге облыстың аудандарынан қант ауруымен ауыратын балаларды да қабылдаған. Бүгінгі таңда орталықтың статусын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта орталық балаларға арналған сауықтыру орталығы ретінде жұмысын жалғастырмақ. Онда 14 жасқа дейінгі бүлдіршіндер емдеу мекемесінің жолдамасымен денсаулықтарын түзейтін болады. Ал оқу-сауықтыру орталығының 65 тәрбиеленушісі қаладағы мемлекеттік балабақшаларға орналастырылмақ.
М.Ахметова оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне де тоқталды. Биыл өскемендік 1250 оқушы жазда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне бармақ. Олардың 200-і қорғаншылыққа алынған балалар болса, 50-і аз қамтылған отбасы балалары. Сонымен қатар, 500-ден астам дарынды балалар бар. Тілшілердің мектеп мұғалімдеріне ЭКСПО көрмесі билеттерін мәжбүрлеп сату туралы сауалына білім бөлімінің басшысы ондай фактілердің кездеспегенін айтты.
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ