Өскеменде 60-тан астам үй жарықсыз отыр
Өскемен мен Ахмер ауылының ортасындағы «Изумруд» және «Металлург» саяжай кооперативтерінде 60-тан астам түтін елден ерекше тұрмыс кешіп жатыр.
Саяжайдан сайғақ құрлы сая таппай…
Ерекшелігі сол, еркектері қас қарая жатып, таңмен таласып тұрса, әйелдері кір-қоңын қолмен жуып, тамақты тек отқа пісіреді. Кір машинасы мен электрлі плитаның түр-түрі тұрса да, қара пешке «адалдық» танытып келеді. Мұндағы балалар да «ақылды». Үй тапсырмасын кешке қалтырмай, мектептен келе сала пысықтайды. Суды бастаудан тасып ішіп, қыл аяғы телефонның өзін жұмыс орнында қуаттап жүр. Мұндай тұрмыс режимі орнағалы біраз болыпты. Жетіскеннен емес, әрине. Екі кооператив те бір трансформаторға кіріптар. Оның иесі Рафхат Серімбетов «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдында қарызға батып, 60-тан астам үйді жарықтан ажыратып тастаған.
-Менің екі балам бар. Бірі мүгедек. Жарықсыз отырған күндері бірнеше рет сырқаты сыр беріп, қатты шошытты. Бес баласы да мектепке баратын үйлер бар. Олар таңғы бестен тұрып дайындалады. От жағып, шай қайнатқанша, балалардың бәрін мектепке дайындағанша бірнеше сағат кетеді. Ток барда олай қиналмайтынбыз. Кір машина, тоңазытқыш дегенді ұмыттық. Азық-түліктің көбі бұзылып кетті. Біздің жағдайымызды қала әкімдігі біліп отыр. Олардан қайран болмаған соң сіздерге хабарластық, – дейді Мақпал Тілеулинова есімді тұрғын. Ал Аяулым Жиенбекова ауыз бекіткен ата-енесін қайтып күтерін білмей дал.
-Ата-енем егде тартқан адамдар. Таңғы сәресін беру қиын болып тұр. Қалаға көшіп келгенде бұлай қиналамыз деп кім ойлаған. Мүшкіл халімізді көрген ауылдағы ағайын «елге қайтыңдар» деп күліп кетті, – дейді ол. Амалы таусылған жұрт жарықсыз өмірге бейімделе бастапты. Адамның ойына келмейтін амалдар ойлап тауып жүр.
-Телефон өшсе, хабарсыз қаламыз ғой. Сондықтан жұмыстан қайтарда телефонымызды қуаттап шығамыз. Ал жұмыста жоқтар дүкен-дүкенді жағалайды. Жаңа ғана жақындағы дүкеннен телефонымды қуаттап аламын деп келісіп кеттім, – дейді Серік Нұржанов.
-Құдық та токпен істейді. Ішер суға зар болған соң, көлік шығарып сырттан тасып жүрміз. Жуыну деген өз алдына бөлек жыр. Көбіміз туыстарымыздың үйінен амалдап отырмыз. Қала әкімі Қуат Тұмабаев бұл мәселемен жақсы таныс. Жағдайды өз көзімен көрген. «Сіздер кооператив мүшелерісіздер, сондықтан ешқандай көмек бере алмаймыз. Ақша жинап жеке трансформатор сатып алыңыздар. Соны орнатып берейік» – дегеннен басқа жылы сөз айтпады, – дейді Арман Манақбаев.
– «Металлург» кооперативінде 20 үй, «Изумруд» кооперативінде 45 үй, олардан дербес тағы бес үй осы трнасформаторды пайдаланамыз. Сонда қазір 70 үй жарықсыз отыр. Қыста бір рет екі күн жарық болмады. Сенбі-жексенбіде де өшіп тұрады. Бұл жолғысы одан да сорақы болды, – дейді Серік Ерболсынов.
Қарыз қалай қордаланды?
Саяжай кооперативі деп ресмилікке салынып отырғанымыз болмаса, бұл маң тұтас бір ауыл. Бәрі балаларының болашағы үшін жұмыссыздықтан қашып, шет аудандардан қалаға ағылған қазақтар. Пәтер жалдап тұруға шамалары келмей, қаланың кәріз тазарту жүйесіне жақын ауданынан жер алып, үй салған. Айтуларынша, мемлекет 10 сотыққа дейін тегін беретін жерді бұлар 300-500 мың теңгеге сатып алған. Кооператив тұрғындарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Рафхат Серімбетов жеріңе ток тартып, бағана орнатқаным үшін деп ақша алатын көрінеді. Жиналған жұрт оны біздің көзімізше Меновное ауылындағы үйіне іздеп екі рет барды. Екі ретінде де бос қайтты. Кейін төрағаның өзімен телефон арқылы сөйлестік.
-Бұл маңда қай жердің бос екенін мен ғана білемін. Сондықтан жер алғысы келгендер бірінші маған жүгінеді. Мен қажет телімді көрсетіп, ток тартып беруге міндеттелемін. Содан кейін барып олар әкімдіктен құжат ресімдейді, – деді Рафхат Серімбетов.
Оның айтуынша, «Шығысэнерготрейд» мекемесінің алдындағы бір миллион теңгеге жуық қарыз 2016 жылдың қысында пайда болған. Сол қарыздың кесірінен энергия жеткізуші компания Рафхат Серімбетовтің иелігіндегі трансформаторды былтыр да токтан ажыратыпты. Онда да «КТК» телеарнасының тілшілері араласып жүріп, қайта қосқызған екен.
-Бұл трансформаторды 2016 жылы иелігіме алдым. Ол кезде ешқандай қарыз жоқ болатын. Қарыз болса, мен оны жауапкершілігіме алмаушы да едім. Өзім 22 үйі бар «Металлург» бағбан кооперативінің төрағасымын. 42 үйі бар «Изумруд» кооперативі де біздің трнасформатордан ток алып отыр. Мен келгенде «Заря» дейтін кооператив те бізге қосулы болатын. Олар бөлініп шығып, өздері жеке трансформатор орнатып алды. 2016 жылдың қысында үлкен сомада қарыз пайда болды. Ток ұрлаған ба, әлде төлемей жалтарған ба, ол жағына жіп таға алмадық. Өйткені, көп үйлердің электр шығынын есептеуіш құралы аттестацияланбаған. Соның кесірінен кімнің қанша ток тұтынғанын біліп болмайсың. Барлығы жиналып трансформатордағы негізгі есептеуішке бірақ түседі. Былтыр әкімдік пен прокуратура өкілдері, «Шығысэнерготрейд» мамандарымен бірлесіп тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде қордаланған қарызды аталмыш үш кооперативке үй санына сәйкес бөліп тастаған. Оны ешкім төлегісі келмейді. Ол кезде прокуратура «Шығысэнерготрейд» мекемесін токты қосуға мәжбүрлеген. Ал қарыз сол қалпы төленген жоқ. Енді міне, тағы өшіп отыр, – дейді ол.
Бізге жолыққан үй иелерінің қолында бір-бір кітапша жүрді. Сөйтсек, ол электр ақысын төлеу туралы анықтамалық екен. Ай сайын кооператив төрағасына төлеген ақшаны сол кітапшаға тіркетіп алатын көрінеді. Мұндағы тариф әр киловатқа – 16 теңгеден.
«Изумруд» кооперативінің басшысы Жанар Ілиясова желіден ток жиі ұрланатынын айтады. Оның барлығы трансформатордағы негізгі есептеуіштен шығатын көрінеді. Соның орнын жабу үшін негізгі тарифтің үстіне төрт теңге қосуға мәжбүр көрінеді.
-Мен бұл кооперативке 2016 жылы басшы болып келдім. Трансформатордың иесі де ауысып жатқан болатын. Ол кезде үйлердің көбінде аттестацияланған есептеуіш жоқ еді. «Шығысэнерготрейд» ЖШС мамандары үй-үйді тексеріп, бәріне дені дұрыс есептеуіш орнатты. Барлығы ай сайын ток ақысын маған өткізеді. Оны мен «Шығысэнерготрейдке» тапсырып, тиісті түбіртек аламын. Ток ақысына деп біздің кооператив 2 340 000 теңге төлеппіз. Былтыр дәл осындай дау шыққанда прокуратура өкілдері мен «Шығысэнерготрейд» мамандары түбіртектерді тексерген болатын. 2016 жылдан бері біздің кооперативтен бірде-бір үй электр ақысын кешіктірмегенін анықтады. Біз төлеген қаражат бойынша тұтынылған энергияның мөлшері есептелді. 42 үйге дәл келіп тұр. Ал оған қордаланған қарызды қоссақ, 2016 жылдан бері шығын болған энергияны 90 үй тұтынған болып шығады. Демек, біздің мойнымызға қарыз әділетсіз ілініп отыр. Жалпы соманы үш кооперативке бөлгеннің өзінде әр үйге 7500 теңгеден келеді екен. Оны төлеуге елдің тең жартысы қарсы. Біреудің қарызын жаппаймыз деп ат-тондарын ала қашты. Ол қарыз жабылса, жарық қайта қосылар еді, – дейді Жанар Ілиясова.
Бір түсінгеніміз, бұл ауылда әркімнің өз шындығы бар. Қисынға салсаң әрқайсының уәжінде жан бар. Жік-жік болып бөлінген жұрттың мәселесін шешуге ешкім құлық танытатын түрі жоқ. Амалы таусылған ағайынның бірі кооператив деген құрылымнан бас тартайық десе, бірі өзіміз қосылып жеке трансформатор алайық деп ұсыныс айтуда.
Р.S. Осы мәселеге қатысты Өскемен қалалық әкімдігі мен «Шығысэнерготрейд» ЖШС-не редакциядан арнайы сауал жолданды. Құзырлы мекемелердің жауабын газетіміздің алдағы сандарының бірінде жариялаймыз.
Есімжан Нақтыбайұлы