Қоғам

Өскеменде 35 үйдің ауласы жөнделеді

Өскеменде осы жазда 35 үйдің ауласы жөнделеді. Бұл сан былтырғыдан әлдеқайда артқан.

– Қаламызда үш жылдан бері «Менің аулам» бағдарламасы жүргізіліп келеді. Оның аясында 2018 жылы – 20, 2019 жылы 25 аула жөнделді. Биыл оған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында көңіл бөлініп, жөнделетін аулалар санын бірден 35-ке дейін арттыруға мүмкіндік туды, – дейді қаладағы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы.

Аулаларда қазір «Алтайстрой» компаниясы жұмыс істеуде. Мердігер мекеме директорының сөзінше, барлығының жұмысы бір деңгейде келе жатыр. Жұмыс мамырдың басында басталған, қыркүйектің соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Біз Красин көшесі,11 мекенжайындағы жөнделіп жатқан аулалардың бірін көріп қайттық.

ТҮКШ бөлімі маманының сөзінше, аулаларға бетон құйылып, бетонның сапасын Ұлттық сапа орталығының мамандары бұған дейін келіп тексеріп кеткен. Қазір шаруа екінші деңгейге ауысты, яғни шағын сәулет  формалары орналастырылып жатыр.

– Мұнда балалар ойын алаңы, үлкендердің демалыс аймағы және спорт алаңқайы болады. Алаңдардың барлығына жұмсақ жабын төселеді. Бірінші кезекте балапандардың қауіпсіздігін ескеріп отырмыз, – дейді компания директоры Дастан Оразалинов.

Айтуынша, барлық ауланың жасақталуы, тіпті ондағы заттардың түсіне дейін бірдей болады.

– Мұндағы балалардың ойнауына арналған заттар Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан алынады. ТҮКШ бөлімі бізбен жасасқан келісімде заттардың аталмыш қаладағы компаниядан алынуын баса айтып көрсеткен болатын. Бұл компанияның заттары жергілікті кәсіпорындардың өнімдерінен сапалы, сонымен қатар сертификатталған, сенімді. Сол қаладан 35 аулаға қажетті дүниелер толықтай осы айдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі. Содан кейін бері қарай алдырамыз, – деді Дастан Оразалинов.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button