Қоғам

Өскеменде 35 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр

Өскеменде 35 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр

Өнеркәсіпті қала Өскеменге әкім болып келгеніне екі айдай уақыт өткен Ерлан Аймұқашев аймақтық, республикалық БАҚ журналистерімен брифинг өткізіп, Шығыстағы бас шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағынан ырғақты дамып, өркендеп келе жатқандығын айтты.
Өскеменнің жұртқа жайлы қала болып саналатынын тұрғындар санының артып отырғандығы аңғартқандай. Балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндердің көптігі де осы жайтты көрсетеді. Облыс орталығында мемлекет және жекеменшік әріптестік аясындағы екі жобаны іске асыру бойынша 11 балабақша салу жоспарланып отыр. Ал қалада тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны бүгінде тоғыз мыңнан асып тұр. Қазіргі уақытта қалада жалпы аумағы 311 мың шаршы метр 35 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Биыл аумағы 137,7 мың шаршы метр болатын 21 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Биыл қала көшелерінің 95 шақырым жолына орташа және ағымдық жөндеу жүргізілмек.
Қала әкімі Ерлан Аймұқашевтың айтуынша, қайта жаңғырту, реттеу, қалпына келтіру, жетілдіру шаралары шаһардың жолаушы тасымалы шаруашылығын да айналып өтпейді. Қалада 63 тасымалдық бағыт желісі бар болса, соның 40 пайыздан астамы тиімсіз жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта бағыттар желісі қайта қаралып, құрылып, үш жыл ішінде 112 бірлік қоғамдық көлік жаңартылмақ, автоматтандырылған бақылау жүйесі мен электронды жолақы төлеу жүйесі енгізілмек.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2015-2019 жылдары Өскеменде алты серпінді жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жаңа өндірістерде 4000 жұмыс орны ашылады. Қала әкімі Өскеменнің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне екпін беру үшін туризм саласын дамытуға айрықша назар аударылатынын атап айтты. Туризмді дамытудың (2020 жылға дейінгі) жол картасы аясында 12 жоба жүзеге асырылып, оған 2,5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылмақ.
(Өскеменнің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайындағы толық материалды газетіміздің алдағы санынан оқисыздар).

Жанарг8л Көкенай

Осы айдарда

Back to top button