Өскеменді ән мен күйге бөледі
Өскеменнің 298 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтті. Мерейтой аясында Ұлан, Глубокое аудандары мен Риддер қаласының, сондай-ақ Ресейден келген өнер ұжымдары Өскеменнің аспанын ән мен күйге бөледі.
Сахна шымылдығы «Инкорро» тобының орындауындағы «Жаса, Өскемен» әнімен ашылды. Бұдан соң «Кербез» ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, мерекенің көркіне көрік қосты. Концертте Ақмарал Ешенова мен Гүлден Болатованың орындауындағы «Қазағым-ай», «Шырайлы Шығысым» әндері тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырса, Асқар Ысқақтың әуелете шырқаған «Арман-ай», «Сағындым сені» әндері көрерменді ерекше әсерге бөледі. Мерекелік іс-шара барысында Ресейден келген Вера Сапутина, «Ягода» дуэті де біздің өнерпаздардан қалыспай, «Костры горят далекие», «Никто тебя не любит так как я», «Баллада о любви», «Лунная мелодия», «Виновата ли я?», «Ромашки спрятались» атты шығармашылық туындыларын орындап, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ал Салауат Байыр «Өскеменім», «Бір ел болса» атты әндерін шырқап, көрерменнің жүрегіне жол тапқанын айта кеткен орынды.
Бұл күні орталық алаңда Шалқар Мұхамғалиев, «Найман» триосы, Анна Смирнова, Ольга Тищенко, Хадхан Манай сынды жас әншілер де өнер көрсетіп, көпшілік қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ қала күнінде Республика алаңына жиылған халыққа дәрігерлер тегін қызмет көрсетіп, ақыл-кеңестерін берді. Ал облыстық қан орталығының мамандары өзгенің тағдырына бейжай қарамайтын қалалықтарды қан тапсыруға шақырды. Осылайша, Республика алаңына келушілер көңіл көтеріп қана қоймай, денсаулықтарын да тексертуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, қала күніне орай веложарыс ұйымдастырылды. Оған спорттың осы түрімен айналысатын балалар және жасөспірімдер қатысып, өзара бақ сынасты. Веложарыс Алматы тас жолының бойында басталды. Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетілді.
Ажар Сағатбекова