Қоғам

Өскемен жұрты көктемді ізгілікпен қарсы алды

Өскемен жұрты көктемді ізгілікпен қарсы алды


Облыс орталығында алғаш рет «Ізгі көктем» қайырымдылық балы өтті. Көктемді ізгілікпен қарсы алуға шақырған салтанатты шараны ұйымдастыруға қала әкімдігі мен «Niet-woman» қоғамдық ұйымы мұрындық болыпты.

«Жақсылық жүрген жерде, тапшылық болмайды» деген дана халқымыз. Бүгінгі шараға жиылған әр кәсіпкердің мақсаты – мұқтаж жандарға аз да болсын көмек қолын созу, мүмкіндік сыйлау.

– Көктемнің алғашқы күнінде арқалаған жүгі салмақты, маңызы зор шара өткізіп отырмыз. Иә, бүгінгі қоғамда әлеуметтік мәселелер жоқ емес, бар. Алайда біз оның бәрін тек мемлекеттің мойнына арта бермей, көмек қолын созуға мүмкіндігі жеткілікті әрқайсымыз түйткілді мәселелердің шешімін табуға, игі іс атқаруға үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл балға аутизммен ауыратын балалардың жағдайына бейжай қарамайтын, олардың оңалуына септігін тигізуге тырысқан адамдар жиналып отыр. Өкінішке қарай қазір қалада 247 бала аутизммен ауырады, оның 160-сы мектеп жасында. Олар да қоғамның маңызды бір бөлшегі. Біз оларға барлық жағдайды жасауға тырысуымыз қажет, – деп сөйлеген қала әкімі Жақсылық Омар бірінші наурыз – Алғыс айту күнімен қатар аталып өткен қайырымдылық кешімен жиылған қауымды құттықтады.

Жүректерден мейірім нұры төгілген бұл кешке сонау Астана мен Алматыдан құрметті қонақтар да келіпті. Олардың қатарында есімі елге таныс Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Сүндет Байғожин, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының проректоры, әнші Сәкен Майғазиев, белгілі актриса, әнші Айгүл Иманбаева сынды қазақ өнерінің белді өкілдері бар.

– «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген жақсы бір сөз бар қазақта. Расымен, біз біріге білсек алынбайтын асу жоқ, игі бастама өз жалғасын таба берсін, – деген ізгі тілегін білдірді Сәкен Майғазиев.

Көктемгі балдан түскен қаражат аутизммен ауыратан балалардың жағдайын оңалтуға, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға көмектесуге, Өскеменде инклюзивті білім беруді дамытуға және «Страна чудес», «Равные среди равных», «Светлое будущее» жобаларына бағытталмақ. Нақтырақ айтсақ, «Страна чудес» оңалту орталығына барып жүрген Я.Сахитова, И.Ашимхан, Н.Аделина, Е.Ашимхан, М.Ерофеев атты бүлдіршіндердің қажетіне жұмсалады.

Қайырымдылық шарасының барысында бәссауда өткізіліп, оған қаладағы бір топ кәсіпкер қатысты. Сонымен қоса осы балдың жоғары деңгейде өтуіне шама-шарқынша атсалысқан жоғары оқу орындары студенттерінің де еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды.

– Қайырымдылық балын өткізу үшін біз екі ай дайындалдық. Төзім мен еңбектің арқасында осындай бір нұрлы іске өз үлесімізді қостық. Ынта қойып, шын ниетіңмен істеген істің әрине нәтижесі де жақсы болады. Жұлдызды кеш қонақтары да керемет дайындық болғанын айтып, таңданыстарын жеткізіп жатыр. Балға қатысқан әр-қайсымыздың ойымызда бір ғана мақсат болды, ол – бастаған ісіміздің нәтижесін көру, екі ай уақытымыз зая кеткен жоқ деп есептеймін. Осындай шараға атсалысуға әр уақытта әзірмін, – дейді Қазақстан-Американ еркін университетінің 1-курс студенті Ильяс Касенов.

«Жақсылық қылсаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр» демекші, көктемнің алғашқы күнінде осындай ізгілік пен махаббатқа толы қайырымдылық шарасының өтуі қыстан қысылып шыққан жұрттың көңілін серпілтіп, қуаныш сыйлады.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button