Қоғам

Өскемен әуежайына күрделі жөндеу жүргізілмек

Өскемен әуежайына күрделі жөндеу жүргізілмек


Өскемен қаласының әуежайына күрделі жөндеу жүргізілмек. Атап айтқанда, әуежайдың ұшу-қону жолағы 2 800 метрге дейін ұзартылып, ені 45 метрге дейін кеңейтілетін болады. Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі Бахтиер Файзиев арасындағы кездесу барысында кеңінен сөз қозғалды.

Айта кетейік, аталмыш жобаның жалпы құны 5,2 миллиард теңгені құрамақ. Жоба бойынша нысанның ұшу-қону жолағын үлкейтуден бөлек, әуежайда жаңа жүк терминалы салынбақ, сонымен қатар, уақытша жүк сақтау қоймасы мен апаттық-құтқару стансасы пайда болады деп жоспарлануда. Тағы бір атап өтер жайт, ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін Еуропалық банктен қомақты қаражат бөлінгенімен, 2,5 миллиард теңге көлеміндегі негізгі қаржыландыруды облыстық және қалалық әкімдіктер жүзеге асырмақ.

– Соңғы жылдары өңірге инвестиция тарту жөнінде айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мәселен, соңғы бір жарым жылдың ішінде ғана Еуропалық қайта құру және даму банкімен үш несиелік келісімшарт пен бес алдын ала келісімге қол қойылды. Осының арқасында барлығы 37,7 миллиард теңгенің сегіз жобасын жүзеге асыруды бастадық. Оның ішінде Өскемен мен Семей қалаларындағы жылумен, сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту, жолдарды жөндеуге қатысты жобалар да бар. Енді бұлардың қатарына Өскемендегі әуежайды қайта жарақтандыру жобасы да енгізілейін деп отыр. Сонда 2016 жылы Еуропалық банкпен барлығы 43 миллиард теңгеге жуық тоғыз келісімшарт жасалатын болмақ, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Өз кезегінде Ресей және Орталық Азиядағы ЕҚДБ-нің инфрақұрылым департаментінің жетекші банкирі Бахтиер Файзиев шетелдік қаржы ұйымына білдірілген сенім үшін аймақ басшылығына алғысын айтып, Шығыс Қазақстан облысымен әріптестікті нығайта беруге мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 15-қарашасында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК-мен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қатысты конкурс жарияланған болатын. Қазіргі уақытта аталған конкурстың қорытындылары шығарылып, мердігер анықталған. Жобаның концепциясы Еуропалық банк тарапынан да мақұлданып қойыпты.

Міне, осы жұмыстардың лайықты жалғасы ретінде облыс басшылығы мен ЕҚДБ өкілдігі арасындағы кездесу соңында тараптар жобаны қаржыландыру жөніндегі алдын ала келісімге қол қойды.

Тағы бір айта кетер жайт, биыл облыстық бюджеттен 506 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, ол қаржы Өскемен әуежайында жаңа жолаушылар терминалын салуға бағытталды. Жоспар бойынша жаңа терминал сағатына 200 жолаушыны қабылдай алатын болады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button