Өскемен әуежайы халықаралық айлаққа айналады
Өскемен әуежайы Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің арасын жалғайтын халықаралық айлаққа айналады. Құрылысы қызу жүріп жатқан жаңа терминалды салудағы негізгі мақсат осы. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ аталмыш нысанның құрылысымен танысты.
-Сыртқы қасбетіне қарасаңыз, бұл әуежайда мін жоқ сияқты. Ал ішіне енсеңіз, халықаралық талаптарға жауап бере алмайтыны бірден көзге ұрып тұр. Жүкті ақтарып тексеру, оны биркалау деген тәсілдер өткен ғасырдың еншісінде қалған. Сондықтан ондай жүйеден бас тарту керек. Жаңа терминал бой көтерген соң, мұнда бәрі заманауи талапқа сай болады, – деді облыс әкімі.
Расымен де, Өскеменге табаны тиген жолушылар мен ұшуға дайындалған адамдар бір есікте кептеліп тұратын. Жүк өткізіп, алудың да машақаты көп. Халықаралық терминал осы мәселелердің бәрін біржолата шешеді деп күтілуде.
Жаңа ғимарат өткен жылдың қыркүйегінде салына бастады. Жаз ортасына қарай қолданысқа берілуі тиіс. Мамыр айында жүк өткізетін ленталы тасымал қондырғысы орнатылмақ. Құрылысқа жауапты мердігерлер аймақ басшысына жергілікті материалдарды барынша қолданып жатқандарын жеткізді.
-Әуежай барлық халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін болады. Ол үшін ғимараттардың орналасуын жаңаша жобалап жатырмыз. Сондай-ақ, жолаушылардың жүгін өткізу қызметі де ұтымды етіп ұйымдастырылады, – дейді «Промтехмонтаж» компаниясының Өскемен басқармасы директорының орынбасары Болатбек Сақалбаев.
Облыс басшысы әуежай меймандарына ыңғайлы болуы үшін сапалы жиһаз қойып, кіреберіске тамбур салу керектігін атады. Ал әуежай ауласы абаттандырылып, көлік тұрағы 1,5 есеге кеңейтілетін болды. Автобус аялдамасы да әуежайдың келбетіне сай етіп жаңартылмақ.
Құрылыс аяқталған кезде, сағатына 200 адам өткізуге қабілетті терминал ашылады. Бұл өз кезегінде әуе рейстерінің жиілігін арттырып, халықаралық әуе тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік туғызады. Яғни, әуе рейстерінің географиясы кеңейе түспек. Бұған қоса әуежайдың қызмет сапасы артып, әуе қозғалысының қауіпсіздігі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сәйкестендіріледі.
Есжан Ботақара