Қоғам

Өскемен су айдыны патшабалықтың мекеніне айналмақ

Өскемен су айдыны патшабалықтың мекеніне айналмақ


Шығыс Қазақстанда қабан, бұлан, тау ешкісі тәрізді тұяқты жануарлардың саны артып келеді. 2009 жылы өңірдегі бұлан саны 1878 деп тіркелсе, былтыр бұл жануарлардың басы 3 204-ке жетті деп есепке алынған. Жеті жыл бұрын жабайы қабан шамамен 700 болса, 2016 жылы екі есеге өсіп, 1538-ге барған екен. Ал әуелеп ұшқан құстардың тобы, әсіресе қаздың көші анағұрлым азайып бара жатыр. Жеті жыл бұрын 144 027 болған қаз былтыр 50 мыңға де жетпей қалыпты. Облыста аңдар мен құстарды, әсіресе, көлдеріміздің байлығы – балықты қорғап, көбейтуге орай былтырдан бері жаңа, тың жобалар жасалып, іске асырылып жатыр.

Арнайы торда өсіріп, аулайды

Өскемен ГЭС-і мен Бұқтырма ГЭС-інің ортасындағы Өскемен су қоймасы айдыны бүгінге дейін өзге өзен-көлдер сияқты балық шаруашылығы бағытына, кәсіби балық аулауға пайдаланылмай келген болатын. Биыл бұл су айдынының учаскелері конкурстық негізде алғаш рет облыс кәсіпкерлерінің пайдалануына берілді.

Су қоймасы кәсіптік балық аулауға беріліп қана қоймай, ұзындығы 71 шақырымға созылып, аумағы 3 700 гектарды алып жатқан бұл айдында жасанды жолмен балық өсірілмек. Өскемен су қоймасын пайдалануға алған кәсіпкерлер су қоймасында аймақта жоқ балық түрін өсіріп, көбейтуді көздеп отыр. Су қоймасында анау-мынау балық емес, балық біткеннің ішіндегі аса дәмдісі, тұтынушылардың, әсіресе дәмхана, мейрамханалардың таптырмас тамағына, үлкен сұранысына ие болып отырған патшабалық немесе ханбалық (форель) өсірілмек. Көздеген мақсаттарын орындауға кірісіп кеткен кәсіпкерлер келер жылдан бастап су қоймасының учаске бөліктеріне құрылған өндірістік торларға форель балығының майшабақтарын жіберуді жоспарлап отыр. Қазіргі күні су қоймасының Ермаковка аймағы маңындағы учаскесінде Ресейден әкелінген 40 мың патшабалық майшабақтары өсіріліп жатыр. Қазақ ұлттық балық өсіру ғылыми-зерттеу институтының Өскемендегі Алтай филиалының мамандары былтыр Төменгі Тайынты көлінде осы патшабалықты торда өсіріп, балықтың Шығыстың өзен-көлдерінде өсіп-көбеюіне зерттеу жүргізіп, оның өңірдегі суы суық өзендерде жақсы өсетінін дәйектеген. «Алтай» филиалының аға ғылыми қызметкері Людмила Кушникованың айтқанындай, ихтиологтар енді аймақта албырт тұқымдас пелядь балығын өсіріп, көбейтуді зерттеп жатыр.

-Осы уақытқа дейін балық еліміз бойынша тек жасанды су тоғандарында ғана жасанды жолмен көбейтіліп, қолдан өсіріліп келе жатқан болатын. Су қоймасында – балықты қолдан көбейте отырып, кәсіби аулау біздің елде осы Өскемен су қоймасы айдынында алғаш рет жүргізілгелі отыр. Облыс үшін Өскемен су қоймасы балық аулауға, тауарлы балық өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін үлкен экономикалық әлеует. Аталған су қоймасын осы мақсатта пайдалану үшін бірнеше жылдың ішінде бірқатар құқықтық-нормативтік актілерге қосымша өзгерістер енгізе отырып, арнайы құжат даярлап, 2015 жылы Өскемен су қоймасын балық шаруашылығы бағытындағы өзен-көлдердің арнайы тізіміне кіргізген болатынбыз. Биылдан бастап су қоймасының учаскелерін кәсіпкерлер балық өсіріп, балық аулау бағытында пайдалануда. Әзірге ешбір облыста мұндай шаруашылық жоқ. Кезінде Оңтүстік Қазақстандағы Шардара су қоймасында осындай тауарлы балық өсіретін шаруашылықтың тәжірибелік түрі енгізіліп, кейін ол жоба тоқтап қалған. Қытай, Норвегия, басқа да көптеген елдерде ауланатын балықтардың 62 пайызы – осындай су қоймаларында қолмен арнайы өсіріліп келе жатқан балықтар. Тиіп тұрған шексіз Тынық мұхиттан қытайлар небәрі 32 пайыз көлемінде ғана балық аулап отыр. Ал бізде керісінше, балық тек шағын көлдер мен өзендерден ауланады. Қытай елі көл қасында тұрса да, бұл елдерде табиғи жолмен өсіп-өніп жатқан балықтарды аулау көлемі өте аз. Біз қазір Бұқтырма су қоймасының таулы жағынан да осындай қолдан балық өсіріп, аулайтын шаруашылықтар ашудың мүмкіндіктерін іздестіріп жатырмыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Арман Есентаев.

Өскемен су айдыны патшабалықтың мекеніне айналмақ

Сонымен, балықты қолмен, жасанды түрде өсіретін тауарлы балық шаруашылығы Өскемен су қоймасында сәтімен іске асырылатын болса, аймақта аталған саланың екінші тынысы ашылмақ. Мамандар патшабалықтың тез өсіп-өнуіне Өскемен су қоймасының терең де суық суы, су астының жеткілікті ауасы аса қолайлы орта болатынын, шаруашылықтың балықтарын келер жылдың өзінде ішкі нарыққа шығарып, сатуға мүмкіндік барын айтады. Кәсіпкерлер патшабалықты экспортқа шығаруды да көздеп отыр.

Көбейту, құтқару жұмыстарының көмегі айрықша

– Қазіргі күні облыста балық қорын көбейту шаралары артып отыр. Балықшылар бүгінде балық аулауға берілетін лимиттің азайып кеткенін айтады. Бұл – қате пікір, лимит азайған жоқ, есесіне балық қорын көбейту шаралары, міндеттері ұлғайды. Балық қорын көбейте отырып, лимитті тұрақтандыру үшін, лимит көлемін төмендетпес үшін көлдерге жіберілетін шабақтар көлемі арттырылып отыр. Шабақтар көбінесе Қарағанды, Петропавл жақтан, Бұқтырма балық өсіру шаруашылықтарынан алынады. Көлге балық жібермей, өз міндеттерін орындамаған балық аулаушылардан учаскелерді қайтарып алып жатырмыз. Біз балық қорына, балық аулаушыларға бөлінетін лимитке 1975 жылдан бастап сараптама жасадық. Облысқа бөлінген лимит 7 мың тоннадан 9 мың тоннаға дейін болған екен сол жылдары. Қазіргі кезде де осындай көлемде, одан төмендеп, не асып кеткен жоқ. Соңғы бес жыл ішінде 7-9 мың тонна көлемінде келеді. Талдаулар 90-шы жылдары балық аулауға бөлінген лимит көлемі 5 мың тоннаға дейін түскенін көрсетті. Кейбір тұрғындар кеңес кезінде балық көп болатын дейді. Балықты тиімді пайдалану керек. Сұранысқа ие екен деп, балықшылар тек қана көксерке балығын аулай бермеуі керек. Көл жағасында қоныстанған облыстағы 18 елді мекенде қаншама балықшылар бригадалары бар, олардың бәрі өз міндеттерін орындап, бір қолымен алса, екінші қолымен салып, көлге балық жіберіп, орнын толтырып отыруы қажет, сонда ғана бұл кәсіптің болашағы болады, – дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Арман Есентаев.

Бүгінде лимиттің, ауға түскен балықтың аз болып көрінетіні балықшының көп болғандығынан да деседі мамандар. Кезінде облыстағы Окябрь, Тұғыл, Самар балық зауыттарына балық шаруашылықтарынан өзге ешкім балық дайындаған жоқ. Осылайша, ол уақытта балық аулаумен арнайы үлкен бригадалар айналысса, қазір көл жағалай қонған ауылдың тұрғындары түгелдей дерлік балық аулап жүр. Мамандар балықты молайту үшін бәрінен бұрын балықтың уылдырық шашуына, табиғи жолмен өздігінен көбеюіне жағдай жасау керектігін айтады. Қазіргі күні облыста уылдырық, балық өсірумен екі ірі шаруашылық: Мальковое ауылындағы Бұқтырма балық өсіру, уылдырық шашу және Өскемен тоған шаруашылығы, бірнеше ұсақ шаруашылықтар айналысып отыр. Балық қорын молайту мақсатында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Қазақ ұлттық балық шаруашылығы институтының Алтай филиалы мамандарының зерттеулерін, ғылыми ұсыныстарын негізге ала отырып, балық қорын қалпына келтірудің көлемін бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көбейтіп отыр. 2015 жылмен салыстырғанда былтыр балық қорын молайту 37 пайызға көбейіпті. Балықтарды көбейтуге көлдер мен өзендерде қайраңдап қалған балықтарды құтқарып, суға жіберу жұмыстарының тигізіп отырған септігі де айрықша. Үш-төрт жылдың ішінде балық аулаушылардың келісімшарттарына өзгерістер енгізудің, міндеттер мен талаптарды күшейтудің нәтижесінде балықты құтқару көлемі былтыр 31 пайызға артқан.

Аймақта бұлан мен қабан көбейді

Табиғат заңдылықтары бойынша аңдар мен құстар түрлі факторлардың салдарынан көбейіп кеміп отыратыны белгілі. Бір жылы суыр көбейіп кетсе, кей жылы мүлде азайып, көрінбей кетіп жатады. Аң мен құстың жемі аз, ауа райы қолайсыз болып, жыртқыштардың шабуылына жиі ұшараған жылы олардың қатары сиреп кетеді. Аңдардың азаюына қасқырлардың да тигізіп отырған үлесі көп. Түз тағыларының биологиялық тепе-теңдігін сақтап, көбейіп кетуіне жол бермес үшін жыл сайын аңшыларға оларды 500-ге дейін атып, аулауға рұқсат беріліп келеді. Қасқырды атқан аңшыларға қазіргі күні әр терісі үшін сыйақы да беріліп отыр: бөлтірігіне – 6 мың, үлкеніне – 12 мың теңге.

Тау-тасты, шың-құзды, орман-тоғайды мекен еткен аңдарды, құстарды санаудың өзіндік әдістемесі бар. Сол санақтар көрсетіп отырғандай, Шығыс Қазақстанда қабан, бұлан, тау ешкісі тәрізді тұяқты жануарлардың саны артып келеді. 2009 жылы өңірдегі бұлан саны 1878 деп тіркелсе, былтыр бұл жануарлардың басы 3 204-ке жетті деп есепке алынған. Жеті жыл бұрын жабайы қабан шамамен 700 болса, 2016 жылы екі есеге өсіп, 1538-ге барған екен. Ал, әуелеп ұшқан құстардың тобы, әсіресе қаздың көші анағұрлым азайып бара жатыр. Жеті жыл бұрын 144 027 болған қаз былтыр 50 мыңға де жетпей қалыпты. 2009 жылы 10 071 болған кекіліктен жеті жыл ішінде жеті мыңдайы құрып кеткен. Аңшылардың көп көздейтін бағалы құсы – фазанның саны 2 513-тен 600-ге түскен.

Өскемен су айдыны патшабалықтың мекеніне айналмақ

Осы беттің оспағы
Жергілікті суретшілердің көрмесін қарап тұрған ер адам:
-Мына суреттегі көл қай жерде, қай жерде?!
-Сізге картина қатты ұнап тұр ма?!
– Форель осындай көлде болады, осы көлден аулау керек!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button