Қоғам

Өскемен мен Үржардың әуежайы жаңартылады

Облыс орталығындағы қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру жүйесін енгізу жобасы неге созылып кетті? Семейдің әуежайын қаншалықты тиімді пайдалана алып отырмыз? Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың кезекті отыз төртінші сессиясында талқыланды.

Өскеменге 85 жаңа автобус алынады

Облыстық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің айтуынша, аймақтың қолжетімділігі қиын өңірлеріне әлеуметтік маңызы бар әуе және теміржол бағыттарын ұйымдастыруға баса мән берілген.

Облыстың екі үлкен қаласы – Өскемен мен Семейдегі қоғамдық көліктерді жаңалау қарқын алған. Биыл Семейге отандық өндірістегі 170  жаңа автобус сатып алынса, келер жылы Өскеменге 85 жаңа автобус сатып алынбақ. Бұдан бөлек қазіргі уақытта көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында құны 10 173,5 млн. теңге болатын Өскемен қаласының әуежай кешенін және Үржар ауданы әуежайының ұшып-қону жолағын қайта жаңарту көзделген.

Ал бұған дейін де көп айтылып, жазылып жүрген облыс орталығында электронды билеттендіру жүйесін енгізу келер жылдың екінші жартысынан бастап қолға алынбақ. Қазір жеке серіктес анықталып, тараптар шарт жасасуда.

– Жаңа жүйе облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің барлық маршрутын қамтиды, оның ішінде трамвайлар бар. Жоба іске қосылғанда, өскемендіктер мен қала қонақтары жол жүру ақысын қолма-қол ақшасыз есептесе алады және нақты уақыт режимінде көліктің қозғалысын бақылай алмақ, – дейді Нұржан Жұмәділов.

Сессияға қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов электронды билеттендірудің тым созылып кеткенін ескертті. Мұнымен қатар облыс орталығындағы трамвайлардың қозғалысына баса назар аударуды, қоғамдық көліктің бұл түрінің қазіргі жағдайын, сыртқы келбетін тиісінше заманауи қалыпқа келтіруді тапсырды.

– Сынған трамвайлар жөнделіп, жылдың соңына дейін қайтадан желіге шығуы тиіс. Ал келер жылы әбден тозығы жеткен трамвай жолдарын жөндеумен айналысатын боламыз, – деді облыс әкімі.

Жолаушылар ағынына нақты талдау жоқ

Сессияда өңірдің теміржол және әуе қатынасының жағдайы да қарастырылды. Нұржан Жұмәділовтің мәлімдеуінше, жыл сайын облыстың ішінде 140 мыңнан астам жолаушы теміржол көлігімен қатынайды. Оның ішінде туристік бағыт болып табылатын Өскемен – Жалаңашкөл, Семей – Жалаңашкөл бағыттарына жолаушылар көбірек таңдау жасайды. Биыл маусым-тамыз айларында 19 мыңнан аса жолаушы тасымалданған.

Алайда басқарма басшысы облыс әкімінің «Жазғы демалыс маусымында күн сайын Алакөлге қанша жолаушы аттанады, қосымша қанша вагон қажет болады?» деген сауалына нақты жауап айта алмады. Осының бәрін нақты зерттеу, анықтау керектігін ескерткен өңір басшысы дәл осындай талдауды облыстағы әуе қатынасы бойынша да жасау керектігін атап өтті. Оның ішінде Семей қаласының әуежайына жеке тоқталды.

Естеріңізде болса, осыған дейін Семейдің әуежайы толық жаңғыртудан өткен еді.

– Семей қаласында қомақты қаржы бөле отырып, заманға сай әуежайды аштық. Ал ендігі даму жоспары қандай? Қосымша қай бағыттарға әуе қатынастары, халықаралық рейстер ашылмақ? Жолаушылар ағынын көбейту үшін қандай жобаларды көрсете аласыздар? – деген облыс әкімі басқарма басшысына тек атқарылған шаруаларды ғана баяндап қоймай, әуе қатынасын сауатты ұйымдастыруға, жолаушылар ағынын көбейтуге бас қатыру керектігін ескертті.

Сонымен бірге сессияда жаз бойы жырға айналған Күршім ауданына апаратын «Қызыл Ту» өткеліндегі паром мәселесі де назардан тыс қалмады. Естеріңізде болса, биылғы тамыз айында дизельді-электроходтардың бірі істен шығып, паром жұмысының кестесінде айтарлықтай ауытқулар туындаған болатын. Оның зардабын жағалауда ыстық күннің астында сағаттап паромды тосқан халық тартқан.

Облыс бойынша мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі кезде сенімді басқаруға берілген «Құйған айлағы» ЖШС-мен келісімді бұзу туралы шағым түсірілген, қазір істі сот қарап жатыр. Бұл жағымсыз жағдай да өз кезегінде облыс әкімінің орынды наразылығын тудырды.

– Осының бәрі – келісім жасар кезде екі басқарма тарапынан алдын ала жоспарлаудың, нақты талдаудың, уақтылы бақылаудың жоқтығынан орын алған қателіктер. Оған ешкім бас ауыртпаған. Нәтижесінде қарапайым халық зардап шекті, бес-алты сағат далада қалды. Тағы да айтамын, бұған салғырт қараған тұлғалар жауап беретін болады, – деген Даниал Ахметов тиісті әкімдер мен басқарма басшыларына Семей әуежайының даму бағдарламасын жасауды, ондағы рейстер санын көбейтуді, электронды билеттендіру уақытын тездетуді және паром жұмысын реттеуді тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button