Қоғам

«Өскемен ЭКСПО» жыл сайын өтетін болды

«Өскемен ЭКСПО» жыл сайын өтетін болды

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде кеңейтілген аппараттық кеңес болды. Онда өткен бес айдағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тыңдалып, «Өскемен ЭКСПО-2014» көрмесі қорытындыланды, биылғы маусым айында өңірімізде өткізілетін Қазақстан мен Корея елдерінің іскерлік форумы, Жерлестер форумы, аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің көшпелі мәжілісі секілді бірсыпыра мәселелер қаралды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, бекітілген тапсырма-жоспарға сәйкес қорларды қоса есептегенде, жыл басынан бері облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі шамамен 463 млрд. теңгені құрауы тиіс еді. Бірақ алдын ала анықталған болжам бойынша бұл 439 млрд. теңгеден аспайтын көрінеді. Мұнда негізінен жоспарды орындамағандар: Өскемен (9,9 млрд.) мен Семей (14 млрд.) қалалары, Глубокое ауданы (2,5 млрд.).
Жыл басынан бері аймағымыздағы ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 56,1 млрд. теңгені құрап, 7,4 пайызға көтерілсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 33,1 млрд. теңгеге жетіп, 12,5 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша Семей қаласында және Аягөз, Бородулиха, Жарма аудандарында былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіш орындалмаған.
Негізгі капиталға инвестиция тартуда Өскемен, Семей, Курчатов қалалары, Аягөз, Бородулиха, Шемонайха, Катонқарағай, Жарма, Зырян аудандары былтырғы межеге жете алмай көштен қалып келеді.
Шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілер саны бойынша өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 0,9 пайызға өсім бар.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары ұсынған деректерге сүйенсек, жалпы ағымдағы жылдың өткен бес айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасында жеті көрсеткіш бойынша өсім байқалады. Бүгінгі күні тапсырма-жоспар тұрғын үйлерді қолданысқа беру мен қосымша жаңадан жұмыс орындарын ашу бойынша толық орындалса, жоғарыда атап өткендей, инвестиция тартуда біраз мәселелер бар.
– Барлық аудан-қалалардың әкімдері, оның ішінде әсіресе, Семей, Риддер қалаларының, Аягөз, Глубокое, Жарма Шемонайха аудандарының басшылары экономиканың өсімі үшін қосымша қорларды табуға әрекет етсін. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысында тапсырма-жоспар толық орындалатын болсын. Ол үшін мүмкіндік жеткілікті, қор бар. Сол сияқты кейінгі кездері бізде салықтардың төленуі кемшін соғуда. Бірінші мамырда төленбеген салық 7,7 млрд. теңгені құрады. Мұны азайтуға әрекет етуіміз керек. Жалақы бойынша да ешқандай қарыз болмасын, – деп шегелеп тұрып тапсырды облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Сонымен қатар, «Өскемен ЭКСПО-2014» көрмесінің қорытындылары мен Қазақстан-Корея форумына дайындық жұмыстары туралы баяндаған Ермек Көшербаев айтулы шараға қатысқан әлемнің білікті ғалымдары мен Нобель сыйлығының лауреаттарының пікірлеріне сүйеніп, халықаралық жиынның жоғары деңгейде өткізілгеніне тоқталды.
Соның арқасында бұл ауқымды көрме өңірімізде 2017 жылға дейін әр жыл сайын ұйымдастырылатын болады.
Оның айтуынша, көрмеде VII Астана экономикалық форумының өкілдерімен келісімдер жасалған. Келісімге сәйкес олар біздің жобаларды насихаттауда, қаржыландыруда тиісті қолдау білдіретін болады. Сол сияқты облыс әкімдігі «ЭКСПО-2017» көрмесінің ұйымдастырушыларымен туризм саласында ынтымақтастық орнату жөнінде келісім әзірлеуде. 2017 жылы Астанада болатын басты көрмеде облыстың жобаларын көрсету бойынша да біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Өз кезегінде «Өскемен ЭКСПО-2014» шарасын өткізуге атсалысқан және демеушілік көрсеткендерге шынайы алғыс айтқан аймақ басшысы: – Ең алдымен «Қазцинк» компаниясына рахмет, жан-жақты қолдау көрсеткені үшін. Ендігі жерде біз осы көрмеде көрсетілген жобалардың жоқ дегенде екі-үшеуін биыл қолданысқа енгізуіміз керек. Сонда ғана атқарылған жұмыстың нәтижесі болғаны. Бұған қоса келешекте мұндай көрмелерге оқушылардың да қатысуын қамтамасыз еткен дұрыс. Бүгінде біздің облыстың оқушылары жақсы жобаларды ұсынып жүр, – деп атап өтті.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралардың тағы бірі – Қазақстан мен Корея елдерінің форумы облыстың орталығында өтеді. Ондағы басты мақсат – инновациялық жобаларды өндіріске енгізу, оларды коммерцияландыру (қаржыландыру) бағытындағы кәрістердің тәжірибесін зерттеп, үйрену.
Бүгінде маңызды шараға қатысатын құрметті қонақтардың қатары түгелдей нақтыланып, барлық мәселе шешіліп қойылған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуына қарағанда, форум жұмысы төрт бағытқа бөлінген. Олар: бейбітшілік пен келісім диалогы; білім және ғылым, инновация; денсаулық сақтау саласы; бизнес-форум. Нәтижесінде тараптармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады. Сол секілді іскерлік форум аясында Кореяның республикалық музыкалық комедия театрының өнерін де тамашалайтын боламыз.
Алда тұрған жауапты міндетті жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ: – Біз келешекте әріптестік байланыс орнату үшін инвестициялық жобаларымызды кәріс кәсіпкерлеріне таныстыруымыз керек. Жобаларды қаржыландыру бағытында олармен тәжірибе алмасуымыз керек, – деп түйді.

Жерлестер форумына дайындық ойдағыдай

Жерлестер форумына дайындық шараларының қалай жүргізіліп жатқаны туралы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ақпарат берді. Аталған форумды өткізудегі негізгі мақсат – бірнеше жылдан бері облыс жұртшылығының игілігіне айналған «Туған жерге – тағзым» акциясына Шығыстан шыққан, бүгінде басқа елде, өңірлерде тұрып жатқан белгілі тұлғаларды, қалталы кәсіпкерлерді тарту.
Жақсылық Омардың айтуынша, іс-шараның жоспары бекітіліп, алыс-жақыннан келетін меймандардың тізімі анықталған. Осы уақытқа дейін туған өңірлеріне келіп, тағзым етіп қайтуға жетпістен астам жерлесіміз ниет білдіріпті. Олардың ішінде Парламент депутаттары, вице-министрлер бар. Тіпті, Ресей астанасы Мәскеуден мемлекет қайраткері Зинаида Драгункина өзінің келетінін айтыпты. Олардың барлығы да біздің облыстың тумалары.
Бекітілген бағдарламаға сәйкес форум аясында құрметті қонақтар Өскеменнің көрікті жерлерін аралап, салынып жатқан жаңа ықшамауданның құрылыс жұмыстарымен танысады. «Алтай» технопаркінде пленарлық отырысқа қатысады.
– Осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы Шығыста атқарылып жатқан жұмыстарды, облысымыздың әлеуетін басқа өңірлерге, елдерге таныстырып, насихаттауымыз керек. Бұл орайда өңірден шыққан, қазіргі күні еліміздің өзге аймақтарында, сондай-ақ, шетелдерде тұрып жатқан жерлестеріміздің көмегі зор. Олар осында келгенде көрген-түйгендерін, біздегі жүзеге асып жатқан жұмыстарды басқаларға айтып, насихаттап жүретін болады. Сондықтан аудан-қалалардың әкімдері жерлес қонақтармен тығыз байланыс орнатулары керек, – деп нақтылады аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Осы аптада өңірімізде Парламент Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің көшпелі мәжілісі өтеді. Бұл маңызды жиынға дайындық шаралары туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев баяндады. Көшпелі мәжіліс аясында Астанадан келетін комитет мүшелері аймағымыздағы ауылшаруашылық кәсіпорындарын аралап, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысады. Халық қалаулыларына облысымызда ауылшаруашылық саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барысы, нәтижелері туралы мол мағлұмат беріліп, балық, марал шаруашылықтарына, омарташылыққа қатысты бірқатар түйткілді мәселелер көтеріледі.
Облыс әкімінің айтуынша, депутаттардың назарын әсіресе, жоғарыда аталған балық, марал және омарта шаруашылықтарында кездесетін проблемаларға аудару керек. Өз кезегінде олар осы мәселелердің шешілуіне заңдық тұрғыдан көмектесетін болады.
Аппараттық кеңес соңында облыс әкімі жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы әңгіме арқауына айналды. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ топан судың зардабын тартып отырған көршілес Алтай өлкесіне біздің облыстан гуманитарлық көмек жеткізілгенін, осындай қиын-қыстау күн туғанды іргелес жатқан өңірлер бір-біріне көмек қолын созу нағыз достық қарым-қатынастың белгісі екенін атап көрсетті. Бұл орайда әкім зардап шеккен алтайлықтарға көмек керуенін жөнелткен Бородулиха, Зырян, Шемонайха, Бесқарағай аудандарына ризашылық білдірді.
Алайда, облыс басшысы тарапынан ескертулер де айтылды. Мәселен, Катонқарағай ауданында судың тасуынан көпірдің қирап қалуы жергілікті атқарушы билік пен жауапты орындардың дұрыс әрекет етпеуінен болғанын сынға алды.
Сонымен қатар, өңір басшысы жаз маусымында өртке қарсы күрес шараларын ширату, суға шомылудағы қауіпсіздікті күшейту және басқа да мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button