Қоғам

Өскемен қауіпсіз қалаға айналады

Өскемен қауіпсіз қалаға айналады


Облыс әкімі Даниал Ахметов өткізген кезекті жиында өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға қатысты мәселелер қаралды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыруға және қуатүнемдегіш жарықтандыру шамдарын орнатуға жауапты лауазымды тұлғалардың есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі осы жұмыстардың негізгі мақсаты өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамту екенін баса атап көрсетті. Өскемен шаһарының көшелері мен аулаларына соңғы үлгідегі бейнекамералар мен электр қуатын аз тұтынатын әрі жарығы мол шамдарды орнату ісі бірнеше кезеңнен тұратын болады.

Облыс орталығының көшелері мен аулаларын, қоғамдық орындарын барынша қауіпсіз ету үшін тұтас бір жүйе жасалып, жұмыс істейтін болмақ. Қала жолдарының бойына, сонымен қатар, аулаларда және автобекеттер, дәмханалар, сауда орындары сияқты адам аяғы көп жүретін қоғамдық орындарға 1700 заманауи бейнекамера орнатылатын болады. Мамандардың айтуынша, «Сергек» фирмасының жаңа камералары жол жүру ережесін бұзу деректерін автоматты түрде тіркейді, сондай-ақ, көшелердегі адамдардың қозғалысын тәулік бойы таспаға түсіреді. Түсірілім сапасы жоғары болады, тіпті, қашықтықтағы бейнелер анық көрініп тұрмақ. Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері Өскемен қаласының аумақтарына тиянақты талдау жасап, қандай жерлерге камераларды орнату керектігін анықтап шыққан екен. Полицейлер осы ретте шаһардың ең қауіпті деген, қылмыс көп жасалатын аумақтарына, қоғамдық орындарына, барлық білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне ден қойған. Алғашқы кезекте 1309 камера қойылады.
Сонымен қатар, бүкіл қала бойынша 17 мың «ақылды» шам орнатылады. Олар автоматты түрде жанып-сөніп, күн жарығына байланысты жарығын азайтып-молайтып отырады. Бұл істер Өскеменнің инфрақұрылымын жаңғыртудың біртұтас жобасының бір бөлшегі болып табылады.

Осы ретте атап өтерлік жайт, алғаш рет «Сергек» камералары елімізде Астана қаласында орнатылған болатын. Бірақ, олар тек көше қозғалысын ғана бақылауға алады. Ал Өскеменде камералар қоғамдық орындар мен аулаларды да күндіз-түні қырағы қадағалайды.

Өскемен қауіпсіз қалаға айналады

Атқарылатын шаруалар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың күнделікті тірлігін қауіпсіз әрі жайлы етуге бағытталған. Қаланың қарқынды салынып жатқан жаңа инфрақұрылымы адамдардың қалыпты өмір сүруіне, еңбек етуіне, демалуына, спортпен шұғылдануына қызмет етпек.

– Қала тұрғындары қалыпты өмір сүрулері үшін қолдан келген жағдайлардың бәрін жасауға тиіспіз. Алдымызда бұқаралық спортты өркендету міндеті тұр. Оны неден бастау керек?! Мәселен, біз шаһардың біраз аумағына, әсіресе, Ертіс өзенінің жағалауына қазіргі заманғы тренажерларды, стрит воркаут сынды балалардың ойын алаңдарын орнаттық. Тиісті инфрақұрылым пайда болған соң, адамдар спортқа тартыла бастады, бүлдіршіндерге де уақыттарын тиімді өткізетін мүмкіндік туды. Алдағы уақытта осындай нысандарды тағы көптеп салу керек. Бұл – әлеуметтік жоба, ол тұрғындардың денсаулығын нығайтуға арналған, – деп түсіндірді аймақ басшысы.

Облыс әкімі жобаның мақсат-міндетімен қатар, оны іске асырудың тегершіктері туралы да айтып берді. Алда тұрған үлкен іс көптеген салаларды қамтып өтпек. Жоба сандық технологияларды дамыту, оларды күнделікті тұрмысқа жаппай енгізуді де көздейді. Қаладағы барлық қызмет цифрлық жүйеге көшкен кезде тұрғындардың өмірінде көптеген өзгерістер орын алады, айталық, адамдар балаларының сабақ үлгерімін смартфон арқылы біліп отырады, ауруханаға бармай-ақ дәрігерге кезекке жазыла алады, қаладағы көлік ағынының жағдайы туралы мәліметтерді әп-сәтте біліп, ыңғайлы маршрут таңдай алады.

– Жобаны жүзеге асыру үшін әлбетте тегершіктер, осы іспен тікелей шұғылданатын арнайы құрылымдар қажет. Қазір біз сондай құрылымды ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деп атап көрсетті Даниал Ахметов.

Жобаның іске асырылу барысын мұқият зерделеген облыс әкімі тиісті ведомство басшыларына, қала әкімдігіне, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығына нақты хаттамалық тапсырмалар жүктеп, істі ширата түсуді міндеттеді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button