Қоғам

Өскемен қаласының әкімі қызметінде қала ма?

Өскемен қаласының әкімі қызметінде қала ма?


Адам қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаевты қызметінен босату, көлікте бірге болған Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа қызметіне сай емес деген ескерту беру жөнінде ұсыныс жасалды. Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Әдеп кеңесінде осындай шешім бірауыздан мақұлданды.

15 сәуірде Риддер қаласында екі шенеуніктің қатысымен орын алған жол-көлік оқиғасы соңғы кезде ең даулы тақырыптардың біріне айналған болатын. 19 жастағы Евгений Смольниковты лауазымды тұлғалар отырған көлік қағып кеткенін білген әкесі бұл іс жабулы күйінде қала ма деп қауіптенгендіктен, Елбасына дейін хат жазған-ды.

Әдеп кеңесіне екі шенеунік те қатысқан жоқ. Олар жиынды өздерінің қатысуынсыз өткізу туралы өтініш жазыпты, олардың құқы бар екен. Қала әкімі Қуат Тұмабаев іссапармен Астанаға кетіпті.

Кеңес мүшелері риддерлік шенеунік Құрманбаевтың тағдырын тез-ақ шешті. Мас күйінде рульге отырып, адам қағып өлтірген лауазымды тұлғаны қызметінен босату жөніндегі ұсыныс ешкімнің қарсылығын тудырған жоқ. Ал Тұмабаевтың іс-әрекетіне баға беру оңай болмады. Тұмабаевтың оқиға кезінде мас болған-болмағаны, оның рульді басқарып келе жатқан Құрманбаевтың ішкен-ішпегенін білген-білмегені туралы нақты ақпарат жоқ. Әдеп кеңесінің отырысына дейін бұл мәліметтерді жинауға тергеу амалдарының құпиялығы кедергі болған. Кеңес мүшелерінің пікірлері де әртүрлі болды. Біреулері «егер екі шенеуніктің екі күн бойы бірге дем алғаны белгілі болса, бір-бірінің ішімдікті қолданған-қолданбағандарын білмеулері мүмкін емес» десе, екіншілері сот кінәсін анықтамай, алдын ала ауыр жаза қолдануға болмайды десті.

-Алайда осы уақытқа дейін бұқаралық-ақпарат құралдарында қызу талқылау жүріп жатты, халық арасында резонанс туды, – деп атап өтті Әдеп кеңесінің төрайымы, департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы. – Оқиғаның екі жағы бар: заң және моральдық-этикалық тұрғысында. Заң тұрғысынан алғанда, біз сот шешімін күтуіміз керек. Ал моральдық тұрғыдан келсек, біз тұрғындардың пікіріне құлақ аспай тұра алмаймыз. Екі шенеунік те мемлекеттік қызметтің беделіне үлкен нұқсан келтірді.

Ұзаққа созылған талқылаулардан кейін кеңес мүшелері Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа қызметіне сай емес деген ескерту беру жөнінде ұсыныс жасауды бірауыздан қолдады. Бірақ сот үкіміне байланысты Тұмабаевтың тәртібі қайта қаралуы да мүмкін делінді отырыста.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button