Өскемен қаласына эвакуациялық рейс келді
Құрметті облыс тұрғындары!
Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша 2020 жылғы 15 сәуірде Өскемен қаласының әуежайына Қазақстан азаматтарын отанына қайтару мақсатында ұйымдастырылған эвакуациялық рейс келді.
Жолаушылар қатарында республиканың түрлі өңірлерінен келген тұрғындар, шығысқазақстандықтар, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғызстан азаматтары да бар. Ұшу алдында олардың барлығы медициналық тексеруден өткізілді, ауру белгілері анықталмаған.
Бұған дейін осындай рейстер Павлодар, Талдықорған, Қарағанды, Ақтөбе, Тараз, Атырау және республиканың басқа да қалаларына келген.
Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес жолаушыларды қабылдау үшін барлық қажетті дайындық шаралары жүргізілді.
Әуежайдың, қауіпсіздік қызметінің, медициналық, полиция қызметкерлері толық көлемде қорғаныс костюмдерімен және маскалармен қамтамасыз етілді.
Міндетті түрде барлық жолаушылармен байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізіледі.
Барлық келген багаждар мен қол жүгі дезинфекциялау құралдарымен өңделетін болады. Әуе кемесі мен экипаж дезинфекциядан өткеннен кейін карантиндік шараларды сақтай отырып, Өскеменнен шығып кетеді.
Ресей Федерациясының азаматтары әуежайдан түсе салысымен бірден автобусқа отырғызылып, полиция экипажының алып жүруімен Ресей Федерациясының аумағына жеткізіледі.
Қырғызстан мен Қазақстан азаматтарына ШҚО бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирустық инфекцияға зертханалық талдау жасалып (ПТР талдау), карантиндік стационарға орналастырылатын болады. Тек карантин мерзімі аяқталғаннан кейін ғана олар тұрғылықты жерлеріне жіберіледі. Орналастыру объектілерінде қатаң тәртіп қолданылатын болады, полиция бекеттері орнатылады, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен медицина қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылады.
Осылайша, ұшып келуден бастап, карантиннен шыққанға дейін жолаушыларды толық бақылау және оқшаулау қамтамасыз етіледі.
Тыныштықты сақтап, жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.
ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті