Қоғам

Скальпельсіз жасалатын ота

Облыс орталығындағы көпсалалы  онкология және хирургия орталығында жатыр миомасына Тесла 3.0 магнитті-резонансты томографының бақылауымен фокусталған ультрадыбысты (ФУД) қолдана отырып жасалған кезекті ота сәтті аяқталды. Бұл жергілікті онкологтардың израильдік әріптестерімен бірлесе жүзеге асырған  төртінші операциясы.

Қатерлі ісіктерді емдеудің елімізде бұрын-соңды қолданылмаған бұл инновациялық әдісі өткен жылдың желтоқсан айында енгізілгені туралы кезінде жазғанбыз. Израильдік InSightec компаниясы «Медициналық-инновациялық технологиялар» инженерлік қызмет көрсету компаниясымен бірлесе отырып, озық құрал-жабдықты орналастырған болатын.

– ФУД әдісі қуықасты безі мен жатыр обырларын, сүйек метастаздарын органды сақтай отырып емдеуге мүмкіндік беретінімен тиімді. Оның мәні – магнитті-резонансты томографтың бақылауымен ультрадыбыстық толқындардың энергиясы ісікті қыздырады және сау тіндерге әсер етпестен оны ыдыратады. Бұл жерде науқастар ешқандай жағымсыз кері әсерлерді сезбейді, – деп түсіндірді орталық директорының стратегиялық даму және жоспарлау жөніндегі орынбасары Арман Мұхамеджан.

Бүгінгі таңда шығызқазақстандық хирург-онкологтар шеберліктерін ары қарай ұштай түсуде.

-Сіздердің онколог мамандарыңыз өте мықты әрі тез үйренеді. Олар отаны өз беттерімен жасайтын деңгейге жетті. Мен бар болғаны кеңес беріп, олардың шеберліктерін шыңдай түсуге көмектесемін, – деді InSightec компаниясының клиникалық даму жөніндегі маманы Гена Корол.

Мамандардың айтуынша, операция обырдың көлеміне, қай жерде орналасқанына байланысты төрт-бес сағатқа дейін созылуы мүмкін екен.

-Науқас үстелге етбетімен жатқызылады. Ең қиыны – сәулелер сау жасаушыларды зақымдамас үшін пациентті дұрыс орналастыру, кейде бұған ең көп уақыт жұмсалады, – деп бөлісті онколог мамандардың бірі.

Анестезиолог Айбол Балтабеков дәрігерлер науқаспен үнемі байланыста болып, оның өзін қалай сезінетінін біліп отыру үшін, оған ауырсынуды басатын жеңіл препарат салынатынын айтты. Соған қарамастан науқас ауырсынуды сезбейді, ота аяқталған соң, бірден тұрып, үйіне қайтуына болады. Бұл технологияның басты тиімділігі де осында – отадан кейінгі қалпына келтіру мерзімі қажет емес, келесі күні-ақ ол ешқандай шектеусіз қалыпты өмірге оралуы мүмкін.

Статистикаға сәйкес, жатыр миомасы барлық гинекологиялық аурулардың 30%-ын құрайды. Онколог мамандар пациенттерді осындай отаға іріктеуде алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдардың гинеколог мамандарының қызметі маңызды екенін ескертеді. Емхана дәрігерлері жаңа тәсілді қыз-келіншектерге түсіндіріп, отаға дайындықтан толықтай өткізулері тиіс. Бұл әдіс әсіресе, дерттің  алғашқы сатысында тиімді екенін айта кеткен орынды болар. Сол себепті ер-азаматтар да қуықасты безінің обырына уақтылы тексеріліп тұрғандары абзал, дейді мамандар.

Ынтымақтастықтың келесі кезеңі – қуықасты безі обыры мен сүйек метастаздарын емдеу әдісін енгізу болмақ.

-Қуықасты ісіктері мен сүйек метастаздарын емдеу бойынша оқытудың келесі кезеңдерін өткізу жоспарлануда. Орталық мамандары шетелдің үздік клиникаларында білімдерін жетілдіріп келеді. Осылайша, біздің облысымыздың тұрғындары ел аумағынан тыс шықпай-ақ, жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізе алады, – деп толықтырды Арман Мұхамеджан.

Айна Ескенқызы 

Осы айдарда

Back to top button