ФоторепортажФОТОЭТЮД

Сіздің көлігіңіздің түсі қандай?

Көлік жүргізуді өз басым ұнатпаймын. Себебі неде деп бас қатырғым да келмейді. Бірақ кейде керек дүние ғой деп ойлап қалатыным рас. Осыдан жиырма жыл бұрын жүргізуші куәлігін мектепте кәдімгідей оқып алған едім. Оны он жыл өткенде бір сужаңасына ауыстырып қоямын әйтеу. Кеше сол уақыты өтіп бара жатқан соң, тағы ауыстырып жап-жаңасын алдым. «Бұрынғысынан формасы өзгеріпті ғой» деймін таңырқай қарап.

Міне, енді көліктің қандай түсі жақсы деп ойланып отырмын. Статистикаға сүйенсек тұтынушылардың 50%-ы техникалық сипаттамасынан бұрын көлік түсіне аса мән береді екен. Ер адамдар классикалық қара, ақ, сұр, көк түсті таңдаса, әйел қауымы қызыл, сары, жасыл немесе көгілдір түсті таңдайды. Осындайда қиналмау үшін психологтар зерттеу жасап төмендегідей ұсыныстар жасапты. Оқып шығыңыздар, бәлкім сізгеде көмегі тиіп қалар.

Ақ түсті көлігі бар адам қамқор, кез келген нәрсеге аса мұқият әрі ұқыпты болып саналады. Сонымен қатар ақ түсті көлік көп күтімді қажет етпейді, өйткені кір мен шаң аса көрінбейді. Бірақ боранда дұрыс көрінбейтіндіктен апатқа апарып соқтыруы мүмкін.

Адамдар қара көлікті өзіне назар аударту үшін алады. Өйткені бұл түс өте стильді болып саналады. Көлік иелері аса салмақты әрі байсалды жүргізушілер  болып келеді. Көбінде бизнес саласындағы адамдар қара түсті көлікке басым таңдау жасайды. Бұл түстің кемшілігі кір көтермейді, сонымен қатар жол бетімен үйлесіп және түнгі уақытта дұрыс көрінбей жол апатына жиі ұшырайды.

Қызыл түсті көлік бірден көзге түседі, мұны көбінесе әуесқой, билік құмар адамдар таңдайды. Қызыл көлік жүргізушілері әдеттен тыс агрессияшыл келеді. Сондықтан қызыл көлік келе жатса жолдан абайлап өтіңіз.

Көк түсті өте байсалды, көп сөйлемейтін, тыныш көлік жүргізушілері таңдайды екен. Жолда көмек қажет болған жағдайда көк көлікті жүргізушілерден сұраған абзал, олар әрқашан қол ұшын беруге әзір.

Жасыл түсті көлік жүргізушілері тәуелсіз және өте жомарт болып келеді екен. Қызыл түстегідей агрессияшыл болғандықтан, олардан да сақ болған абзал. Жаз кезінде табиғи ортамен үйлесіп көрінбей қалуы мүмкін.

Сары түс көп көлік арасынан ерекшеленіп тұрады, иелеріде соны қалап тұрады екен. Мұндай түсті көлікті жүргізушілер әдетте жылы шырайлы, мейірбан келеді. Салыстырмалы түрде қарасақ сары түсті көліктер ерлерге қарағанда, әйелдер арасында кеңінен тараған.

Сұр немесе күміс түсті рациональді, әр қадамын есептеп отыратын, сырт көзге ілінгісі келмейтін адамдар таңдайды. Кір мен шаңға төзімді болып келеді.

…Осы мен көлік алғалы жүрген жоқпын ба?

Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button