Сиқырлы қолғап

Өскеменде өткен «JastarTime» IT-фестивалінде үржарлық оқушы Ерсін Тілеуғабыл көру мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кеңістікте бағдар беретін құрылғысын ұсынды.
200-ден астам оқушы мен студент қатысқан IT-фестивальде Ерсіннің жобасы көпшіліктің назарын аударды. Құрылғы болғанда, бұл кәдімгі қолғап. Қолғаптың кереметі сол, ол туғаннан көзі нашар көретін адамдарға үлкен көмек. Осы қолғапты киген жанарында мүкісі бар адам айналасында нысандардың бар-жоғын біліп отырады. Қолғапқа бекітілген ультрадыбыстық датчиктер алдында тұрған нысандарды бірден сезіп, дабыл қағады.
– Мұндай қолғапты жасау туралы ой «Орвилл» деген сериалды көргеннен соң туды. Кейін осы идеямды ұстазым Дамир Төлекбаевқа айтқанымда, ол бірден қолдады, – дейді Ерсін Тілеуғабыл. Болашақта ол бұл қолғапты қолға бекітілетін импульс ретінде жетілдіргісі келеді.
Айтуынша, Ерсіннің қолғабын 73 жастағы әжесі де қолданып көрген екен. Көзі нашар көретін үлкен кісіге немересінің жаңалығы ұнаған.
Ерсін бұл қолғапты жасау үшін барлығы 6340 теңге көлемінде ғана шығын шығатынын айтады.
– Бұл қолғаптың ең басты артықшылығы – қолжетімділігі мен қолданыстағы қарапайымдылығы, – дейді ол.
Мейрам Екпін