Сирек кездесетін құстарды фотосуретке түсіріп жүр

Осыдан бірнеше жыл бұрын қаруын фотоаппаратпен алмастырған катонқарағайлық Владимир Воробьев ел аумағында сирек кездесетін құстарды фотосуретке түсірген тұңғыш және жалғыз адам.
Осы күнге дейін оның кадріне Алтай ұлары, сақалды ірі жапалақ, сұр түсті жыланторғай, сондай-ақ, сары торғай сынды құстар ілінген. Өзінің айтуынша, олардың ішіндегі ең таңғажайыбы –шымшық тұқымдас байғыз құсы екен.
– Бұл құс Сарымсақты жотасында суретке ілінді. Сол кезде байқағаным, байғыз шапшаң қимылдайды екен. Өзінен кішкентай құстарды шапшаңдықпен шоқып үлгереді, – дейді фотограф.

Владимир Воробьев көп жылдан бері Катонқарағай ауданындағы Қазавиаормансақтау бөлімшесінде өрт сөндіруші-десантшы болып қызмет атқарады. Ол 2001 жылға дейін, яғни, Катонқарағай ұлттық саябағы құрылмай тұрғанға дейін аңшы болыпты. Кейін саябақ жұмысын бастағаннан соң, оған аңшылық кәсібін тастауға тура келген. Сол кезден бастап табиғатты фотосуретке түсірумен айналысып жүрген – оның кәсібін ауданға жұмыс сапарымен келген орнитолог Олег Белялов өзгертуге себепші болыпты. Содан бері ол сирек кездесетін құстарды фотосуретке түсірумен айналысып жүр.
Еліміздегі құстарды қорғау ұйымның вице-президенті фотографқа «Птицы Казахстана» сайтынан жеке парақша ашуға көмектесіпті. Бүгінде оның парақшасында 169 түрлі құстың 670-тен астам фотосуреті бар. Осы орайда В.Воробьевтің елімізде беймәлім болып келген құстарды бірінші болып обьективке іліп, түсіргенін айта кетейік. Мәселен, ол осы күнге дейін фифи, ат басты кішкентай орман торғайы, тасымалдаушы, күлегеш, гималайлық жылқышы, урагус және тағы басқа да құстарды түсіріпті.

Белгісіз құстардың түрін анықтауға В.Воробьевке облыстық өлкетану мұражайының ғылыми қызметкерлері, фотографтар, сондай-ақ, орнитолог Сергей Стариков та көмектесіп тұрады. Орнитолог Сергей Стариковтың айтуынша, облыста бұрын-соңды кездестірмеген құстарды анықтауда Владимир Воробьевтің еңбегі зор.
– Меніңше, Владимир Воробьевтің бұрынғы аңшылық кәсібі құстарды фотосуретке түсіруіне септігін тигізеді. Себебі, аңшылар шамалап болса да аң-құстардың қандай жерді мекен ететіндігін біледі.
Сонымен қатар, фотографтардың барлығы бірдей сурет үшін биік шыңдарға өрмелеп, терең құздарға түсіп, тәуекелге бара бермейді. Ондай қадам – табиғатқа деген ерекше махаббаттың көрінісі, – дейді Сергей Стариков.
Ажар Сағатбекова