Қоғам

Шығыстың жұмысшы жастары ел ертеңіне сенімді

Шығыстың жұмысшы жастары ел ертеңіне сенімді

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында «Қайратты жастар» атты облыс жұмысшы жастарының алғашқы слеті өтті. Аталмыш шара алдағы уақытта өтетін ел Президентінің сайлауына қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Мұндай форматта алғаш рет өткізілген слетке аймағымыздағы ірі кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшы жастар қатысып, спорттық сайыстар мен өнер байқауында сынға түсті. Жалпы, слетке бес кәсіпорынның, атап айтқанда, «Азия Авто», «Өскемен Титан-магний комбинаты», «Шүлбі су-электр стансасы», «Үлбі металлургиялық зауыты» және «KAZ Minerals» сияқты өндіріс орындарының командалары қатысты.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ел болашағы спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың қолында екенін әрдайым айтып келеді. Сол себепті, біз облысымызда тұңғыш рет өткізілген жұмысшы жастар слетін өткізу барысында оның спорттық тұрғыда өтуіне көбірек мән бердік. Бүгінгі шараға 600-ден астам адам қатысып отыр. Олардың дені – біздегі зауыт-фабрикалардың жас жұмысшылары, белсенді өмірлік және саяси ұстанымы бар қыздар мен жігіттер. Слетке қатысушы командалар сан алуан спорттық сайыстарда өзара мықтыны анықтауда. Сондай-ақ, әр кәсіпорынның атынан әнші, биші жастар да қатысып, өз өнерлерін көрсетіп отыр, – дейді «Азия Авто» зауытында учаске шебері болып жұмыс істейтін жас маман Айдос Жанғазин.
Түрлі эстафеталарға қатысқан жастар трибуналарда өздеріне жанкүйерлік етіп отырған цехтас әріптестерінің, достарының үмітін ақтауға барын салды. Расымен де, слетке қатысушы командаларға Жекпе-жек сарайының ішін лық толтырған жанкүйерлердің тарапынан ерекше ыстық ықылас пен қолдау білдірілді.
Тағы бір айта кетер жайт, әр команданың құрамында осы кәсіпорында қызмет ететін отбасылар болды. Олар «Әкем, анам және мен» атты спорттық отбасылық сайысқа қатысып, шараның көркін қыздыра түсті.
Сондай-ақ, көрермен қауымның ерекше қошеметіне талантты өнерпаздар, кәсіпорындардың намысын қорғаған әншілер мен бишілер, көңілділер мен тапқырлар клубының мүшелері де ие болған атап өткен абзал.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай шаралар дәстүрлі түрде өткізілмек. «Ең негізгісі, осындай слеттерде кәсіпорындарымызда жұмыс істейтін жастардың басын қосу арқылы оларды еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етуге үндеу болды» дейді олар.
Естеріңізге салайық, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы ірі деген 18 кәсіпорында ғана 11 мыңнан астам жас маман еңбек етсе, олардың бес пайызы басшылық қызметте жұмыс істейді екен.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button