Руханият

Шығыстың «Super» келіні

Шығыстың «Super» келіні


Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында «Аяулы жас келін» облыстық келіндер байқауы өтіп, өңіріміздің аудан-қалаларынан жиналған үміткерлер көпшілік алдында бақ сынады. Қайсысы асып түсті дейсіз бе?

«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» дейтін қазақ халқы үшін келіннің орны қай уақытта болмасын айрықша. Аттаған босағасының берекесін арттырып, құтын еселеп жүрген жас аналар келін дейтін атты ғана емес, отбасының үмітін де арқалап келіпті. Аталған байқау бірнеше кезең бойынша өрбіді. Бірінші кезеңде қатысушылар 17 самаурынға шай қайнатып, қазанда бауырсақ пісірді. Сайыста қойылған басты талап – әуелі от жаға білу, сосын шай демдеу. Одан кейін ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыз: шалап, көмбе, көмеш, қарынбүрме, қуырылған бидай, балқаймақ, шыжбыж және тағы да басқаларын дайындап, қазылар алқасы мен жиылған жұрттың назарына ұсыну. Жөн-жосығымен дастархан жаюдың да реті табылды.

– Отбасы күніне орайластырылған ауқымды шараның дәл біздің ауданда өтіп жатқанына қуаныштымыз және оның Әди Шәріпов, Әзілхан Нұршайықов, Қалихан Алтынбаев сынды тұлғалар туған киелі жерде өтуі заңды деп есептейміз. Бәйгенің сәтті өтуін тілеймін. Сайыстың жоғары деңгейде өтуіне барымызды салдық, – деді Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраев.

Байқауға ШҚО туристік ақпарат орталығының директоры Раушан Мустафина, Семей қаласы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева, Жарма ауданы мәдениет қызметкері, зейнеткер музыкант Рысқайша Оразбаева, Семей қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Зәуреш Исабаева, облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова төрелік етті.

– Егер келін өз отбасына аяулы болса, ол бүкіл халыққа аяулы. Сондықтан аяулы жас келін болып өз аймақтарының атынан сынға түсуінің өзі – үлкен жетістік. Жалпы, әйел заты ұрпақты тәрбиелеумен ғана шектелмейді, ол – өзінің ерін алға жетелейтін күш, өмірдің нәрі. Еркек – түздің адамы, сол себепті саналы буынның қалыптасуы – ең бірінші кезекте, аналардың, яғни сіздерге жүктелген асыл борыш, – деді Шағангүл Жанаева.

Екінші айналымда келіндер өздерін таныстырып, үй тапсырмасы бойынша «Менің бір күндік өмірім» атты бейнероликтерін көрсетті. Театрландырылған көрініс қойып, ән шырқап, би билеген, музыкалық аспаптарда шебер ойнаған келіндер халқымыздың салт-дәстүріне, тарихына қатысты қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Сөйтіп, тартысты өткен байқаудың қорытындысы бойынша өнер-білімімен, тәлім-тәрбиесімен, қазақ қызына лайықты мінез-құлқымен, ажарлы көркімен қазылар алқасын ғана емес, бүкіл жұртты тәнтті еткен Тарбағатай өңірінің тумасы, Семей қаласының келіні Айдана бас жүлдені жеңіп алып, Шығыстың «Super» келіні атанды. Байқау бастала сала, «Қатысушылардың бәрін қарсылас емес, абысындарымдай көремін» деп білгендігін көрсеткен ол отбасының шаруасын шырқ үйіретін пысық келін боп шықты.

Шығыстың «Super» келіні

– Менің бүгінгі жеңісім – қос анамның маған берген тәрбиесінің арқасы. Жарымның қолдауы мен сенімі болмаса, осындай жетістікке жетпес те едім. Екі баланы тәрбиелеп отырғандықтан, дайындықта біраз қиындықтар болды, бірақ жақындарымның көмегімен ол да аса білінбеді, – дейді Айдана Бауыржанова.

Сонымен, жүлделі үшінші орынды алған Жарма ауданының келіні Гүлмира Жусанбаева кір жуу мәшинесін сыйға алса, екінші орынды қанжығалаған Мақпал Ебін электр пешіне ие болды. Ал бас жүлденің иегері Айдана Бауыржанова үлкен экранды теледидармен отбасын қуантты.
Айта кетейік, байқауға қатысушылардың бәрі де гүл шоқтарымен марапатталып, мультиварка сыйға алды.

– Бұл сайыстың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарға мән беру. Қазіргі таңда ата-енесінен алшақтап кетіп жатқан жастар көп, соларға үлгі көрсету. Бойжеткендерге сабақ болсын деген ізгі ниетпен дүниеге келген байқау бұл. Бейнежазбаларды қарап отырып, берекелі дастарханда ата-енесіне шай ұсынып отырған келіндерімізді көргенде, расымен де, қуанып қалдық, – дейді ерекше жобаның авторы, облыстық туристік ақпарат орталығының директоры Раушан Мустафина.

Салт-дәстүрді жаңғыртқан бұл шарада қазылар алқасының мүшесі Шағангүл Алдамжарқызы Бесқарағай ауданынан келген Бәтима келіннің қызының тұсауын кесіп, батасын берді. Ал Өскеменнің үмітін арқалап келген қатысушы Инкар Лукпанова «Рахат» балабақшасының атынан Жарма ауданындағы аз қамтылған бір отбасына 30 мың теңге ақшалай сыйлығын ұсынды.

…Киіз үй тігіліп, қазан-ошақ құрылып, сары самаурын сарқылдап тұр. Ұзын етек көйлек киіп, басына орамал тартқан келіндер жүр ас әзірлеп. Қандай керемет көрініс!..

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button