Шығыстың Сұлтаны Бухарестте топ жарды

Румынияның Бухарест қаласында еркін күрестен өткен халықаралық жарыста жерлесіміз Сұлтан Құрманалиев топ жарды.
Бұл турнирде 25 елдің балуаны бас қосты. Оның ішінде Азия құрлығынан Қазақстан мен Иранның мықтылары бар.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы сайыста бақ сынаған спортшымыз еліміздің спорт шебері атанып үлгерген. Бұл спорттық дәрежеге ол мамырда Өзбекстан астанасы Ташкент төрінде жалауын желбіреткен Азия біріншілігінде қол жеткізді. Жеке бапкері Роллан Көксегеновтің айтуынша, шәкірті өзі қатысқан додалардың көпшілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінген. Ал Румынияда тіптен мерейі үстем болды. Бухарест кілемінде барлығы төрт белдесу өткізген Сұлтан алғашқы айналымда Молдова балуанын 10:0 есебімен айқын ұтты. Одан кейін жарыс қожайынын тізе бүктірсе, жартылай финалда отандасымыз алматылық Мерей Базарбаевтан 5:0 есебімен айласын асырды. Ал алтын медаль үшін таласта Сұлтан тағы бір отандасымыз Нұрдәулет Таласбаймен күш сынасуға тура келді. Нәтижесінде талай жарыстың дәмін татып, ысылып алған шығысқазақстандық балуан қарсыласына еш мүмкіндік бермей, сегіз ұпай басымдығымен жеңіске жетті.
– Сұлтан әр сайысқа тыңғылықты дайындықпен барады. Осы жетістігі сол еңбегінің арқасы деуге болады. Алда Хорватия елінде кадеттер арасындағы Әлем чемпионаты тұр. Енді соған дайындықты бастаймыз, – деді Роллан Көксегенов.
Естеріңізге саламыз, Әлем біріншілігі шілденің 2-6 аралығында Загреб қаласында өтеді. Оған баратын балуандар үш аптадан артық уақыт Алматыдағы оқу-жаттығу жиынында болады.
Әділхан Есімханов