Қоғам

«Шығыстың» әскерилері қолөнерден де кенде емес

«Шығыстың» әскерилері қолөнерден де кенде емес


«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №44793 әскери бөлімінде «Өнерлінің қолы алтын» атты қолөнер сайысы өтті. Оның басты мақсаты әскери отбасылардың қарым-қатынасын нығайту, сондай-ақ дәстүрлі отбасы институтының беделін көтеру болды.

Қолөнер сайысына әскерилердің жанұялары да үлкен ыждаһаттылықпен қатысты. Өнер додасы үш кезеңнен тұрды. Бірінші айналымда топ мүшелері қазыларға қолдан жасап келген бұйымдарын ұсынса, екінші кезеңде отбасылық демалыстың озық үлгілерімен таныстырды. Дәлірек айтсақ, қатысушылар берілген заттардан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап шығаруы тиіс еді. Сайыстың соңғы бөлімі де қатысушылар үшін оңайға түскен жоқ. Бұл жерде сайыскерлер көпшілікке өз өнерлерін ортаға салды.

Тұтастай алғанда, айтулы шарада 10 отбасы бағын сынауға ниет білдіргенін айта кеткен жөн. Олардың арасынан ерекше көзге түскен үш жанұя бағалы сыйлықтарға ие болды. Мәселен, бірінші орынға материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасынан Құсайыновтар отбасы лайық деп танылды. Ал екінші және үшінші орындардан сәйкесінше Құмарбековтер отбасы мен Тілеуберген шаңырағы көрінді. Өзге де сайыскерлер назардан тыс қалмай, мақтау қағаздарымен марапатталды. Қатысушылардың қолдан жасаған бұйымдары естелік ретінде бөлімдегі «Қолөнер» көрмесіне қойылды.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button