Шығыстың шымыр ұлдары

Жуырда Мажарстан астанасы Будапеште кикбоксингтен Әлем чемпионаты мәресіне жеткен болатын. 70 мемлекеттің кіл мықтылары жиналған байрақты аламанда жекпе-жектің К1, full-contact және low-kick түрлері бойынша үздік спортшылар анықталған-ды. Жаһандық сында ел намысын қорғаған алаш ұлдарының арасынан шығысқазақстандық шеберлер де табылды. Атап айтқанда, фулл-контакт санатында өнер көрсеткен семейлік Саят Тұрысбеков пен Арнал Қанапиянов тұғырдың жоғарғы сатыларынан көрінді.
Осындай дүбірлі додадан олжалы оралған спортшыларды жерлестері зор қошеметпен қарсы алды.
Айта кетейік, 71 келіге дейінгі салмақта бағын сынаған Саят Тұрысбеков алтыннан медаль тақты. Ол алты кездесу өткізіп, қарсыластарын мойындата білді. Әйтсе де жас қабылан жеңіске жету оңайға соқпағанын тілге тиек етті.
– Кикбоксингті кәсіби тұрғыда серік еткеніме он жыл болды. Ағымдағы жылды осындай нәтижемен қорытындылап отырмын. Бірақ мұнымен шектеліп қалу ойымда жоқ. Спортшы үнемі өзін жетілдіріп отыру қажет. Бұл ретте алғашқы бапкерім Талғат Жақыпбековке ризашылығымды білдіргім келеді. Сол сияқты бас жаттықтырушы Қайрат Еркінжасұлына да алғысым шексіз. Осы кісілердің көмегімен мұндай жетістікке ие болып жүрміз. Бұған дейін еліміздің спорт шебері атағына қол жеткізген едім. Әлемді бағындырғаннан кейін, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып отырмын, – деп атап өтті шығысқазақстандық саңлақ С.Тұрысбеков.
Ал тағы бір жерлес спортшы Арнал Қанапиянов ақтық айқасқа жеткенімен, өкінішке қарай, күміс медальды місе тұтты. Десе де мамандар Арналдың болашағынан зор үміт күтіп отыр. Ол бұған дейін Әлем чемпионы атанып үлгерген. Жас кикбоксшының кәсіби мансаптағы бұдан өзге де олжалары көп.
Жалпы алып қарағанда, Мажар елінде қазақ саңлақтары 16 жүлде иеленіпті. Оның ішінде үш алтын, бес күміс және сегіз қола медаль бар. Бұл ретте құраманы бастап барған шығысқазақстандық маман Қайрат Смағұлов жоғарыдағы нәтижеге көңілі толатынын жасырмайды.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Турнирге 1 600-дей спортшы жиналды. Осының алдында ұлттық құрама екі жұмадай Семейде жаттығу жиынын өткізіп, дайындалған болатын. Нәтижесін көріп тұрсыздар. Алдымызда өзге де үлкен жарыстар бар. Атап айтқанда, Азия біріншілігі және Әлем кубогы сынды сайыстар күтіп тұр. Соған орай, жуықта алдағы жарыстарға дайындық жұмыстарын бастайтын боламыз, – дейді Қ.Смағұлов.
Тағы бір айта кетер жайт, өңірде жекпе-жектің бұл түріне деген жастардың қызығуышылығы күн санап артып келеді. Оған жерлестеріміздің халықаралық додалардағы көрсеткіштері дәлел. Сонымен қатар мұны аймақтағы спорттық инфрақұрылымдардың жолға қойылумен байланыстыруға болады.
Ж.Сүлеймен
Семей.