Қоғам

Шығыстың үш палуаны топ жарды

Оралда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты мәреге жетті.

Шығыстың үш палуаны топ жардыДүбірлі жарыста шығысқазақстандық палуандар арасында грек-рим күресінен 66 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ербол Қоңыратов қарсылас шақ келтірмей мықтылығын тағы дәлелдеді. Ол биыл Азия чемпионатында жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ, 55 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Мәди Жарболов аса тартысты өткен айқаста оралдық Артур Үмбетқалиевке есе жіберіп, екінші орынды қанағат тұтты. 84 келіде шығысқазақстандық жас палуан Нұрсұлтан Тұрсынов пен алматылық Саят Сарманбеков белдесті. Шешуші сәтте Саяттың бағы жанды. Нұрсұлтан екінші орынды иеленді.

Еркін күрес шеберлері арасында біздің облыстың палуандары Расұл Қалиев (55 келі) пен Семен Семенов (84 келі) жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына көтерілді. Расұл ақтық бәсекеде қарағандылық Марғұлан Жүсіповты, Семен алматылық Аслан Кахидзені айқын басымдылықпен ұтты.

Ал әйелдер күресі бойынша 63 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Ирина Казюлина үшінші орын алды.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button