Шығыстың «Мерейлі отбасы» анықталды

«Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деп Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында ерекше тоқталып өткендей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай дәстүріміз бен төл мәдениетімізді баланың бойына сіңіріп, дамытатын әке мен ана, ата мен әже, бір сөзбен айтқанда отбасы екендігі белгілі.
Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы-2017» облыстық байқауы өз мәресіне жетті.
-Отбасы – таным бесігі, үлгі-өнеге бастауы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы- отбасылық құндылықтарды дамытудың нақты бағыт-бағдары. Мықты отбасы-мықты қоғамның іргетасы. Отбасы институтын дамыту, ана мен баланы қолдау бағытында Өскеменде дағдарыс орталықтары, Аналар үйі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Еліміздегі әр жанұяда үйлесімдік орнап, отбасындағы сүйіспеншілік, қамқорлық арта берсін,-деді қатысушылар мен көрермендерді жарқын мерекемен құттықтаған Өскемен қаласы әкімі аппаратының басшысы Ержан Шурманов.
Күздің молшылығымен бірге келген отбасы күніне орай өткізілген мерекелік шараға қатысуға 13 отбасы ниет білдірген екен. Алайда сарапшылардың шешімімен қоғамға қалтқысыз қызмет етумен қатар отбасындағы ұл-қыздарына ата дәстүрге сай өнегелі тәрбие беріп жүрген үлгілі сегіз жанұя сайысқа жолдама алды.
Отбасылық сайыс төрт кезеңнен тұрды. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл -жеті жұрттың қамын жер» деп қазақ атамыз текке айтпаған. Сондықтан алғашқы кезеңде сайыскерлер мәдениет сарайының кіре берісінде орналасқан көрме залында «Отбасымның тарихы» деген тақырыпта әр жанұяның өз ата-бабалары туралы әзірлеген зерттеу жұмыстары бағаланды. Байқаудың бұл кезеңінде ағаштың әр бұтағына ата-әжелерінен бастап бүгінгі немере-шөберелердің суреттерін іліп қойған Назаровтар мен Мангуловтар отбасыларының көрнекі шежіресін ерекше атап өтуге болады. Байқау барысында шығармашылығымен көзге түскен Карпеевтер отбасының отағасы Байжан Советханұлы – өткен жылдың қорытындысы бойынша «Үздік тіс дәрігері» атанса, отанасы Бақытжан балаларын өнер-білімге баулып, шаңырақтың берекесін келтіріп отыр. Музыка мектебін үздік тәмамдап, республикалық байқауларда жүлдегер атанған отбасының үлкен қызы Айдана бүгінде өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, бесік тербеткен жас ана. Төртінші сыныпта оқитын кіші қызы Аида түрлі сурет байқауларына қатысып, жүлде алып жүрген өнерлі қыз. Есенболовтар, Қасымхановтар, Даниловтар мен Лактионовтар отбасылары да ұл-қыздарын спортқа, өнерге баулып, атадан балаға мирас болып келе жатқан өнегесі мол салт-дәстүрлерді бағалайтын отбасы екендіктерін дәлелдеді.
Екінші кезеңде «Менің отбасым» тақырыбында әзірленген бейнесюжеттері көрсетіліп, көрермендер сайыскер отбасылардың еңбектегі, оқудағы жетістіктер мен отбасылардың әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларға қаншалықты мән беріп, бос уақыттарын қалай өткізетіндігі жайында пайдалы да өнегелі мәліметтерге қанық болды.
Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Е.Ошақбаев төрағалық еткен әділқазылар алқасының құрамында «Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының» директоры Эльдар Төлеубеков, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова, «Халықаралық бақытты отбасы институты» мекемесінің басшысы Ольга Иванова және «Ана үйі» жобасының үйлестірушісі Нәиля Оңғарбаева болды. Сарапшылардың шешімімен Мангуловтар «Отбасымның тарихы» аталымында, Қасымхановтар «Креативті отбасы», Даниловтар «Шығармашыл отбасы», Назаровтар «Зияткер отбасы» аталымдары жеңіп алса, ең басты «Мерейлі отбасы-2017» атағын Ахметовтер жанұясы жеңіп алды. Сайысқа «Қазцинк» металлургиялық кешені атынан қатысқан Ахметовтер шаңырағының иелері Диас пен Жұлдыз осы өндіріс орнында бақылаушы болып еңбек етеді.
Салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақыттарын шығармашылыққа арнаған жас отбасы Аделина есімді балаларына қазақи тәлім-тәрбие беріп отыр. Сайыс соңында барлық жүлдегерлер мен қатысушыларға арнайы дипломдар мен сертификаттар табысталып, ақшалай сыйлықтар тарту етілді.
Еркін елдің ертеңі жаһандануға бет бұрған бүгінгі алмағайып замандағы отбасылардың мықтылығында, халқымыздың береке-бірлігінде. Сондықтан жанұядағы махаббат, сыйластық пен өзара қамқорлықты ту еткен «Мерейлі отбасылар» саны жылдан-жылға көбейе берсін деп тілейік.
Айжанат Бақытқызы