Қоғам

Шығыстың ұл-қыздары жарап тұр

Шығыстың ұл-қыздары жарап тұр


Түркіменстан астанасы Ашхабадта жалауы желбіреген Азия ойындарында шығысқазақстандық спортшылар абыройлы өнер көрсетуде. Сарықұрлық бәсекесінде самбо күресінен ел намысын қорғаған Зере Бектасқызы алтын медаль иегері атанды.

72 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен семейлік бапкер Біржан Имахановтың шәкірті бұл жарыста екі рет ғана белдесу өткізді. Алғашқы кездесуін жартылай финалда түркімен балуаны Лале Нуриевамен күш сынасқан жерлесіміз қарсыласын қиналмай ұтты. Шешуші сайыста Зеренің жолы Моңғолия елінің үкілеп қосқан мықтысы Цог-Ачер Бацэцэгпен түйісті. Алтын медаль үшін болған белдесуде қос балуан да бір-біріне есе жібермеуге барын салды. Алайда талай дүбірлі додаға түсіп, ысылған қазақ қызы қарсыласын қапыда қалдырып, чемпион атанды.

Сонымен қатар Азия ойындарында ауыр атлетикадан сынға түскен риддерлік зілтемірші Иван Голушко алтыншы орынға табан тіреді. 94 кг салмақта «А» тобында (кілең мықтылар) өнер көрсеткен ол қос жаттығудың нәтижесінде 350 кг салмақты еңсеріп, өзінің ел чемпионатындағы көрсеткішін жақсарта түсті. Айта кетейік, Қазақстан біріншілігінде Иван қоссайыс қорытындысында 320 кг бағындырған.

Шығыстың ұл-қыздары жарап тұр

Роман Трусов дейтін тағы бір жерлесіміз суға жүзуден тәп-тәуір нәтиже көрсетті Азия ойындарында. Бір күнде екі бірдей сайыс түрінен сынға түскен өскемендік суға жүзгіш өзінің күш-қуатын шамалай алмаса керек, уысында тұрған жүлдеден айырылып қалды. Оның алдында іріктеу жарыста алдына қара салмаған жігітіміз финалда қытайлық екі бәсекелесін және бір кәріс спортшысын оздырып, төртінші орынды қанағат тұтты. Дегенмен мұндай байрақты бәсекелерге енді ғана қатысып жүрген бұл спортшылар үшін осының өзі үлкен жетістік емес пе?!

«Дидар» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button