Шығыстың каратэшілері осал емес

Астанада киокушинкай-кан каратэден өткен «Kazakhstan Open» халықаралық турнирі шығысқазақстандық спортшылар үшін табысты аяқталды.
Аталмыш додаға ересектермен қатар балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ жастар да қатысқан болатын. Биылғы бәсекеде қазақстандық каратэшілермен қатар, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, мен Түркіменстанның спортшылары өнер көрсетті. Аталмыш жекпе-жек түрінің кумитэ және ката дисциплиналары бойынша өткен жарысқа облысымыздан барлығы 27 спортшы қатысқан-ды. Сайыс қорытындысында жерлесіміздің жетеуі жүлделі орындардан көрінді. Нақтырақ айтсақ, Әлижан Даутов (10-11 жас, 55 келіден жоғары салмақ дәрежесі), Альтаир Әсетұлы (8-9 жас, 30 келі) және Жанель Едлипова (14-15 жас, 55 келі) алтын медаль тағынса, Артем Пчельников (8-9 жас, 30 келі), Мағжан Берікқазынов (10-11 жас, 40 келі) және Александра Лисицина (12-13 жас, 40 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір медальды 35 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілген Бекарыс Сержанов (8-9 жас) жеңіп алды.
Осы ретте, турнир соңынан жарыста қанжығасы майланған жерлесіміздің бірі, семейлік Жанель Едлиповаға еліміздің киокушинкай-кан каратэ федерациясы атынан «Жылдың үздік спортшысы» атағы берілгенін айта кеткен орынды. Естеріңізге салайық, Жанель осыдан біраз бұрын Болгарияның Варна қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған.
Сәрсен Қабылым