Шығыстың ибалы келіні Үржарда тұрады
![Шығыстың ибалы келіні Үржарда тұрады Шығыстың ибалы келіні Үржарда тұрады](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-09/1474865989_dsc_0099-kz.jpg)
Өскемендегі облыстық драма театрда ұлттық салт-дәстүрді дамыту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Аяулы жас келін» атты облыстық байқау болып өтті. Шалғай аудан, ауылдарда тұрып, балаларын өсіріп, қызметін де атқарып, ата-енесінің қас-қабағына қарап, бір-бір отбасының ұйытқысы болып отырған жас келіндеріміз бес кезеңнен тұратын сынға түсті.
Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарды ұлықтады
Байқаудың бірінші кезеңінде өңіріміздің 11 ауданынан келген келіндер «Ақ тілек» мейрамханасында бауырсақ пісіру шеберліктерін көрсетіп, дайындап әкелген, ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарымен таныстырды. Мұнда бауырсақтың пішініне, қамырдың көтерілуіне, есіп-кесілуіне ерекше мән берілді. Иіні қанған бауырсақтардың пішіні де әдемі, біркелкі болып піссе, енді бір келіндеріміз ашымаған ши бауырсақ пісірді. Аса ұқыптылық пен ептілікті қажет ететін бұл сайыста Абай, Глубокое аудандарынан келген Эльмира, Мәдина есімді келіндер бірден көзге түсіп, өз ісінің нағыз шебері екендігін байқатты. Ал сайыстың келесі бөлімінде жас келіндер мипалау, бұжы, таба нан, өрме төстік, майсөк, қимай, қара қуырдақ, әсіп, еспе бауырсақ, бүйенге салынған май, жент, қызыл ірімшік сияқты ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдармен таныстырып, дайындау әдісін түсіндіріп берді.
Келіндер ас бөлмесінде келесі кезеңге дайындалып жатқанда, жиналған көрермендер мен қазылар алқасының мүшелері «Келіннің бір күні» тақырыбындағы бейнероликтерді тамашалады. Бейнекөріністердің барлығында дерлік келіндер таңғы 5-6 шамасында ұйқыдан тұрып, ауыл тіршілігі басталып кетеді. Сиыр сауу, балаларды ұйқыдан ояту, ата-ене, жолдасы, қайындары мен қайынсіңлілері, балалары бар бір үйлі жанға баптап отырып таңғы шайын беру, ас-суын салып беріп, жолдасын жұмысқа, баласын мектепке шығарып салу, өзі жұмысқа дайындалып, кіші баласын балабақшаға апару, түсте дүкеннен азық-түлігін алып, үйдегілерге түскі асын беру, арасында уақыт тауып, гүлдерді суару, түсте жұмысқа бару, қайтарда мектептен, балабақшадан баласын алу, кешкі ас пісіру, бақшадан көкөністер теріп алып, салат жасау, баласының үй тапсырмасына көмектесу, кешкі ас беру, ыдыс жуу, кір жуу, киім үтіктеу, балаларға бесік жырын айтып, маңдайынан иіскеп, көрпесін қымтап жауып, ұйқыға жатқызу, осының бәрін қабақ шытпай жымиып жүріп істеу тәубешіл қазақ келінінің қолынан ғана келеді-ау, сірә. Бірақ, тәубешіліктің жөні осы екен деп «қара қазан, сары баланың» қамымен ғана жүрген жоқ олар. Көпшілігі ауыл балаларының зердесін ашып жүрген ұстаз, кітапханашы болса, енді бірі балаларға би өнерінен дәріс беріп, тоғызқұмалақ ойынын үйретеді екен. Енді бірі әуелете ән шырқап, ауыл сахнасында өнер көрсетіп, шәкірттеріне күй өнерінің қыр-сырын үйретіп жүр. Алайда, үйде олар – жұлдыз да емес, қызметкер де емес, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, ата-енесін күтіп отырған қарапайым қазақтың аяулы да ибалы келіні, бір-бір шаңырақтың ұйытқысы.
Келіндер сайысының шығармашылық кезеңі түстен кейін драма театрында жалғасты. Өзін-өзі таныстыру бөлімінен соң келіндердің ой-өрісін таразыға салатын интеллектуалдық сұрақтарға жауап беру сәті де келді. Бұл сында жарысқазан, сүйек жаңғырту, өлі-тірі, малта, тұлым қою, сыбаға, тоқымқағар, байғазы, түйемұрындық, босаға майлау, есікашар деген не, табақ тартуда қадірлі, сыйлы қонақтарға, күйеу табаққа, қыздар табағына не салынады деген сұрақтарға келіндер еш қиындықсыз мүдірмей-ақ жауап берді. Ал бәсіре, ерулік, тоқымқағар қандай дәстүр, «Еңлік-Кебек» кесенесі қайда орналасқан деген қарапайым сұрақтарға қобалжудан ба екен, кей келіндеріміз күмілжіп қалды.
![Шығыстың ибалы келіні Үржарда тұрады Шығыстың ибалы келіні Үржарда тұрады](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-09/1474865975_dsc_0137-kz.jpg)
Алты тілде ән шырқады
Кезек өнер сайысына келгенде ибасын сақтап, иілген келіндеріміз барын салды. Алдын ала айтылғандай, бұл кезеңде ән айтып, би билеу ғана емес, алаша тігіп, тоқыма тоқу, тағы басқа қолөнер шеберлігін де көрсетуге болады. Бұл сында Абай ауданының келіні Эльмира Бірғамытованың «Мен бақытты баламын» монологы өте шынайы да сәтті шықты. «Сен бақытты баласың, алтыным! Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр болған егемен елде, заманы тыныш, бейбіт елде дүниеге келесің» дейді құрсағындағы болашақ сәбиімен тілдескен аяулы ана. Жарма ауданының келіні Гүлнұр Амангелдіқызы Әбунасыр Серіковтің «Сәби» монологын, Тарбағатайдың келіні Айжан Амангелдіқызы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанованың анасына жазған соңғы хатын тебірене оқығанда, залдағы көрермендер көзіне еріксіз жас алды. Ұлан ауданының келіні Құмат Нұрила өзі шығарған «Келіндерміз» өлеңін нақышына келтіре оқыды. Өлеңнің мән-мазмұны «Кей безбүйректер туған ата-анасын қарттар үйіне өткізіп, сәбиін күресінге тастаған мына қым-қуыт заманда ұлтымыздың болашағы қазақ келіндеріне байланысты» дегенге саяды.
«Қазақтың ұлттық ойындары» деген әнімен де, биімен де көрермендерді тамсандырған үржарлық Алтынай Қожбанова өжеттігімен көзге түсті. Курчатов қаласынан келген Жансая Жолдыбалина «Аққу» биін, Көкпектіден келген Дана Төлебергенова «Қамажай» биін билесе, өр Алтайдың келіні Мақпал Мұқамжарқызы қазақтың қара домбырасымен халық әнін құйқылжытты. Қойнауы қазынаға толы, табиғаты әсем Зырян ауданынан келген Гүлнұр Ерболқызы қармақ бізбен тоқылған қолөнер бұйымдарын қазылар алқасы мүшелерінің назарына ұсынып, өзі алты тілде ән шырқап, жұртшылықты сан қырлы өнерімен таңғалдырды. Зиялы ардагерлер клубының жетекшісі Зейнеп Мәжікенова, облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Раушан Мұстафина, Бұлбұл Бақынова, Жастар орталығының басшысы Арайлым Есімбекова, «Егемен Қазақстан» газетінің өңіріміздегі тілшісі Думан Анаш қазылық еткен қазылар алқасының шешімімен жармалық Гүлнұр Амангелдіқызы «Сыйлы келін», курчатовтық Жансая Жолдыбалина «Парасатты келін», көкпектілік Дана Төлебергенова «Биязы келін», зыряндық Гүлнұр Ерболқызы «Өнерлі келін», ұландық Құмат Нұрила «Шаңырақтың ажары», тарбағатайлық Айжан Амангелдіқызы «Ақылды келін», катонқарағайлық Мақпал Мұқамжарқызы «Нағыз қазақ келіні», аягөздік Мөлдір Еркінқызы «Білімді келін» атанды. Эльмира Бірғамытова (Абай ауданы) мен Мәдина Көпенова (Глубокое ауданы) сәйкесінше 2,3-орынды иеленсе, сиыр сауып, қызмет істеп, ата-енесіне сәлем салып, қолдарына жылы су құйып беріп жүрген көргенді де ибалы үржарлық Алтынай Қожбанова өңіріміздегі «Аяулы жас келін» құрметті атағын жеңіп алды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Раушан Алдабергенқызы байқауға жауапкершілікпен қарап, әр ауданнан жақсы даярлықпен келген барлық келіндерге алғысын айтып, жеңістерімен құттықтады.
– Аяулы келіндер, сіздер халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы – ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетінің керемет үлгісін көрсеттіңіздер. Қазылар алқасына таңдау жасау қиын болды. Өйткені, әрқайсыңыз жеңіске лайықсыздар. Отағасын қашанда пір тұтатын, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырған осындай келіндеріміз жастарға үлгі болуы тиіс, –деген облыстық ішкі саясат басқармасы баштысының орынбасары Серік Жеңісов жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен теледидар, мультиварка сияқты естелік сыйлықтар тапсырды.
![Шығыстың ибалы келіні Үржарда тұрады Шығыстың ибалы келіні Үржарда тұрады](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-09/1474866028_img_8404-kz.jpg)
Айжанат Бақытқызы