Руханият

Шығыстың домбыра атасы

Шығыстың домбыра атасы


ХХ ғасыр қазақ музыка мәдениетінің кезекті бір өркендеу дәуірі болды деп айтсақ артық емес шығар. Фольклорист-ғалым Александр Затаевичтің ерлікке тән еңбегінің арқасында қазақтың мың жарымнан астам ән-күйлері нотаға түсіріліп, баспадан жарық көрді. Академик Ахмет Жұбанов ұлттық оркестрімізді құрып, музыкатану ғылымының іргетасын қалады. Ұлттық опера, симфония, оратория жанрлары дүниеге келді. Алматыда опера және балет театры ашылды, хор капелласы құрылды. Ұмыт бола бастаған би өнері де музыка арқылы қайта жаңғырды. Тағы да А. Жұбановтың қажырлы еңбегінің арқасында музыкаға кәсіби оқыту ісі де алғаш рет жолға қойылды. Қазақ тарихындағы кәсіби музыканың бірінші жоғарғы оқу орны – консерватория ашылды. Осының жалғасы ретінде облыс орталықтарында музыка училищелері, ірі елді мекендерде музыка мектептері дүниеге келді.

Тарихтың осы бір қуанышты дүрбелеңі кезінде, яғни 1955 жылы Семей қаласында да музыка училищесі ашылды. Осы училищенің алғаш іргетасын қалаушылардың қатарында Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының алғашқы (үшінші) түлектерінің бірі, атақты домбырашылар Қали Жантілеуов пен Рүстембек Омаровтың және дирижер, ғалым, академик Ахмет Жұбановтың шәкірті Құрманғали Рахымұлы Рахимовтың есімі ерекше аталады.

Құрманғали Рахымұлы Рахимов 1927 жылы 15 мамырда бұрынғы Семей облысының Жарма ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1930 жылы әкесі Рахым қайтыс болып, шешесі екеуі Отан соғысы жылдары алдындағы таршылық заманның қиыншылықтарын көп көрді. 1934 жылы Жарманың орталау мектебіне оқуға барып, оны 1941 бітіріп шығады. Музыкаға, оның ішінде домбыраға әуестігі осы мектепте оқыған жылдары басталған болса керек. Ұлы Отан соғысы жылдары тағдыр тауқыметімен шешесі екеуі Алматы облысының Шелек ауданына көшіп барады. Сонда балаң жігіт облыстық ұйғыр музыкалы-драма театрына оқушы-актер болып жұмысқа кіреді. Кейін театрмен бірге Алматы қаласына келеді. 1944 жылы Жамбыл атындағы республикалық мемлекеттік филармониясының Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне оркестр артисі болып жұмысқа тұрады. Оркестр құрамында 1950 жылы Қытай халық республикасында өнер көрсетіп, 1953 жылы Бухарест қаласында өткен халық аспаптары оркестрлерінің Дүниежүзілік конкурсына қатысып, лауреат атанады. Оркестрде жұмыс істей жүріп 1946 жылы Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, оны 1952 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Консерваторияда оқыған жылдары Құрекең кейінгі кездері еліміздің атақты өнер қайраткерлері болған Шамғон Қажығалиев, Болат Сарыбаев, Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастановтармен қатар оқып, жақын достық қарым-қатынаста болған. Бұл туралы қарапайым мінезді Құрманғали ағамыз ашылып айта бермейтін. Бірақ, менің оған көзімнің жеткені – кейін мен қызмет істеген музыкалық училищенің шығармашылық, әкімшілік жұмыстары бойынша іссапармен консерваторияға бара қалған кездерімде жоғарыда аталған ұстаздарым әрдайым Семейден келгенімді ести сала бірден «біздің көк сақалдың қалы қалай» деп жапырлай сұрастыра бастайтын. Басында «көк сақал дейтіндеріңіз кім ол» деген менің сұрағыма «ол – біздің бірге оқып, бірге жүрген досымыз Құрманғали Рахимов қой, студенттік кезімізде оны солай атайтынбыз» деп ұстаздарым ақтарынан жарылатын. Осының өзі-ақ Құрекеңнің сол кезде өз ортасынада қандай сыйлы болғанын білдіреді емес пе?!

Қ. Рахимов 1953 жылы жолдамамен Семей қаласына келіп, 2 жыл қалалық пионерлер үйінде көркемдік жетекші болып қызмет атқарады. 1955 жылы Семейде музыка училищесі ашылғанда ол алғашқылардың бірі болып осы оқу орнына оқытушы болып жұмысқа кіріп, өмірінің соңына дейін адал қызмет атқарып, жүзге тарта домбырашы-шәкірттер тәрбиелеп шығарды.

Музыкалық училищеде Қ. Рахимовтан дәріс алған алғашқы шәкірттерін атап айтатын болсақ, олар – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мәулен Масалимов көп жылдары облыстық мәдениет басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарса, Манатбек (Медетхан) Тобықбаев та ұзақ жылдар музыка училищесінде, музыка мектептерінде жемісті еңбек атқарып, халыққа танымал ардагер ұстаз атанды; Алшынғазы Байқыдыров Ақсуат ауданында кәсіби домбыра өнерін алғаш насихаттап, жастарға үйрету жолында өлшеусіз еңбек еткен қайраткер болды, бүгінгі күні Ақсуат ауылының музыка мектебі оның атымен аталады, ал Мырзағали Айдаболов республикамыздың Ақтөбе, Семей, Астана қалаларында алғаш кәсіби қазақ халық аспаптары оркестрлерін құрып, Семей музыка училищесінің директоры қызметін атқарып, еліміздің музыка мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» Құрметті атағын иеленіп, республика жұртшылығына танымал, абыройлы тұлға болса, Манарбек Бексейітов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, 1976 жылы Көкшетау қаласында музыка училищесін ашып, өмірінің соңына (1997 ж.) дейін оқу орнының тұңғыш директоры қызметін атқарған, 1994 жылы облыстық филармонияда қазақ халық аспаптары оркестрін құрып, ең алғашқы бас дирижеры болған.
Құрекеңнің дарынды да білімді шәкірттерінің бірі – Бақдәулет Аманов училищені домбырашы мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Алматы консерваториясының музыка теориясы және тарихы факультетіне түсіп, үздік бітірді, соңынан консерваторияның танымал ұстазы болды, музыканың осы саласы бойынша Семейден шыққан тұңғыш білікті маман ретінде көпшілікке кеңінен танылды. Тағы бір шәкірті Бекмұхан Елеуғожин училищені бітіргеннен кейін журналистика саласына кетіп, облыстық «Семей таңы» газетінде тілші болып, кейіннен басылымның мәдениет бөлімін басқарды, дегенмен өнерін де тастамай, өз жанынан әндер, күйлер шығарып сазгер атанды. Өкінішке орай, бұл екі шәкірті де өмірден ерте озды.

Қ. Рахимовтың одан кейінгі шәкірттері де осал болмады. Бүгінгі күні ортамызда жүрген шәкірттерін атап айтсақ, олар: Мэлс Қоқымбаев, облысымыздың Шұбартау өңірінің халық ағарту және мәдениет салаларында көп жылдар жемісті еңбек еткен қайраткер, ұстаз, танымал сазгер, «Аға мұғалім», «Білім озаты» Құрметті атақтарының иегері, оның ұстазы жөнінде жазған «Күй күмбірі көкейімде» атты мақаласы республикаға тарайтын «Ертіс өңірі» атты қалалық газеттің 2003 жылғы 20 қараша күнгі санында жарық көрді; Қадыр Досымжанов, республикамызға белгілі ұстаз-домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазіргі кезде Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ардагерлер ұйымының төрағасы; Сапарбек Әшімбеков, белгілі өнер қайраткері, сазгер, актер, «ҚР Мәдениет қайраткері» атағының, «Құрмет» орденінің иегері, 1966 жылдан осы кезге дейін Семейдің Абай атындағы музыкалы-драма театрында абыройлы еңбек атқарып келеді; Отантай Кәріпжанов, көп жылдар Абай атындағы облыстық музыкалы-драма театрының, мәдени ағарту училищесінің, музыка училищесінің директоры қызметтерін абыроймен атқарған белгілі Мәдениет қайраткері, қазіргі кезде республикалық «Абай қорының» президенті; Сейтмұханбет Қанапиянов, Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің ардагер артисі, ҚР Мәдениет қайраткері; Әділбек Атығаев, белгілі дәулескер домбырашы, ұстаз, сазгер, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Республикалық конкурстардың жүлдегері; Тұрлықожа Базаров, белгілі ұстаз-домбырашы, дирижер, Көкшетау музыка училищесінің оқытушысы, Ақмола облыстық филармониясының К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижеры, ҚР Мәдениет қайраткері; Жанас Бекентұров, атағы әлемге танылған Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптары олркестрінің дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор; және т.б. Арамыздан кеше ғана о дүниелік болып кеткен шәкірті – ҚР Мәдениет қайраткері Рахымбек Ноғайбаев та өңіріміздің музыка мәдениетіне айтарлықтай үлес қосып кеткен азамат болатын. Ол облысымыздың Ақсуат, Жаңасемей аудандарында қазақ халық аспаптары оркестрлерін, Семей қалалық мәдениет сарайында «Семейтау» фольклорлық ансамбілін құрып, жетекшілік жасады. Сонымен қоса, ол көп жылдар Семейдің Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижеры қызметін де абыроймен атқарды. Р. Ноғайбаев дарынды сазгер ретінде де танымал болды. Қ. Рахимовтың Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген тағы бір шәкірті Мират Ашмұхамбетов те көп жылдар Талдықорған, Семей қалаларының музыка оқу орындарында елеулі еңбек атқарды. М. Қоқымбаев сияқты оның да ұстазы жөнінде жазған «Күйшілік өнерге өмірін арнаған» атты мақаласы жоғарыда аталып кеткен «Ертіс өңірі» газетінің 2006 жылғы 12 қаңтар күнгі санында жарық көрді.

Жер-жерлердің, қала, аудан, ауылдардың музыка мектептерінде, мәдениет үйлері мен клубтарында басшылық, ұстаздық қызметтер жасап, ауылдар мен қала мәдениетін көтеру істерінде қажырлы еңбек атқарған және қазір де атқарып жүрген шәкірттерінің өзі жеке бір төбе деп айтсақ артық емес. Олардың ішінен мен білетіндерінің аттарын атап өтетін болсам: Ақсуат өңірінде – Майданбек Іштебаев; Көктектіде –Нұрлан Қожиқов; Нүркамал Қожикова;
Мақаншыда – Әнуар Әзербаев, Зағила Жұматаева; Үржарда – Төкеш Әмірбаев; Шарда – Қабылахмет Рахымбаев; Абай ауданында – Манарбек Сәрсенбаев; Аягөзде – Қуаныш Жақияев, Алматыда – Ақылбек Ержанов; Семейде – Жексенбай Наурызбаев, Ғайша Ноғайбаева, Несіпбек Жүнісов, Асқарбек Арынов, Мәрия Құсайынова, Айташ Зготов және т. б.

Мен жоғарыда аталған консерваторияны 1974 жылы бітіріп, жолдама арқылы Семейдің музыка училищесіне оқытушылық қызметке келгенде алғаш танысқан кісілерімнің бірі осы Құрманғали ағай болды. Мұнтаздай таза боп киінген, шалбарының қыры пышақтың жүзіндей, орта жастағы жігіт ағасы көзіме бірден ерекшеленіп көрінді. Училищенің қазақ халық аспаптары бөлімінде бірге қызмет істеген жылдары Құрекеңнің ерекше адами қасиеттерін көрдім. Мінезі біртоға, қарапайым, көп сөзі жоқ, ісіне өте ұқыпты адам болатын. Оқытушылар және оқушылар қауымы арасында беделі өте жоғары болды. Училищеде оқытушылық қызметімен қатар кезінде бөлім меңгерушісі, бастауыш партия ұйымының хатшысы міндеттерін де абыроймен атқарғандығын көпшілік айтатын. Қазақ халық аспаптары бөлімінде Құрманғали Рахимов ағамыз өзінің шәкірттері Мырзағали Айдаболов, Манатбек (Медетхан) Тобықбаев, Кадыр Досымжанов, Әділбек Атығаев және Көшербай Алдажұмановпен бірге қызмет атқарды. Құрекең әрдайым өз шәкірттеріне қамқор болып, шығармашылық талаптарға байланысты ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Аталған шәкірттерінің ішінде Ә. Атығаев пен К. Алдажұмановқа, жастары кіші, кенже шәкірттері болғандықтан ба, қайдам, әйтеуір ерекше қамқор көрсетіп, еркелететін. Олармен құрдас болып, бірге жүргендіктен болар, мені де олардан бөлмей, өзіне жақын тартып, жақсы көрді. Біз де ол кісіні ерекше қадір тұтып, барынша сыйлайтынбыз. Күнде жұмысқа келген бойда алдымен Құрекеңнің класына кіріп, сәлем беріп шығуды біз өзімізге бұлжымас міндет қып алғанбыз. Сабақтан тыс, қол босай қалған жағдайда Құрекеңе барып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Құрекең «Космос» деген сол кездегі ең қымбат сигаретті (басқаларын тартпайтын) маңғаз қалпымен сора отырып, өзінің Құрманғазы оркестрінде қызмет істеген кездеріндегі, консерваторияда оқыған жылдарындағы басынан өткізген жайттарды жырдай ғып әңгімелейтін.
Біздерді әсіресе ұстаздары Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров және Ахмет Жұбанов туралы айтқан әңгімелері ерекше қызықтыратын. Әңгімесінің арасында «Қали Жантілеуов төкпе күйлерді өте жылдам екпінде ойнауға қарсы болатын, бірақ қазір соны ескеріп жатқан ешкім жоқ, күйлерді қуып ойнағанға машықтанып барамыз, бұл жақсы емес» деп мұңын шағатын. Кейбір шешілген сәттерінде шәкірттері туралы да айтатын. Әрине, көбіне жақсы жақтарын айтып, мақтанып отыратын. Училищенің қазақ халық аспаптары бөлімінде бірге қызмет істеген шәкірттері де Құрекеңді ерекше құрмет тұтып, алдынан қия өтпейтін. Дей тұрғанмен де тәрбиелік мәні бар, болған бір оқиғаны айтып кету жөн ғой деп ойлаймын. 1974-76 жылдардың бірінде мамандық пәнінен кезекті бір емтиханнан кейін талдау жасалып, оқушылардың ойынына баға беріп жаттық. Талдау өте қызу, тартысты жағдайда өтті. Бөлім меңгерушіміз, аңғалдау мінезі бар Мырзағали Айдаболов ағамыз талдаудың қызды-қызды сәтіне беріліп кеткендігі соншалық, байқаусызда Құрекең шәкіртінің ойынын төмендеу («төрт» деп) бағалап жіберіп еді, оған Қадыр Досымжанов ағамыз да қосыла кетті, қалғандарымыз үнсіз қалдық. Сол-ақ екен Құрекең шартпа-шұрт ашуланып, «Өңкей сопляктар, сендерді бекер оқытқан екенмін» деп, дірілдеген қолдарымен сигаретін аузына салған күйі кластан ата шықты. Талдау жайына қалды. «Мынауымыз дұрыс болмады, Құрекеңді қалай ғана ренжітіп алдық?!» – деп, маған «сен жассың ғой, бар, шақырып кел, саған көнер, оқушысына сұраған бағасын қояйық та кешірім сұрайық» – деп, екі бірдей азамат балаша қатты састы. Осының өзі-ақ ұстаз бен шәкірт сыйластығының нағыз жарқын көрінісі емес пе?!

Шығыстың домбыра атасы

Құрманғали Рахимовтың ширек ғасырдан асқан қажырлы шығармашылық қызметінің арқасында еліміздің Шығыс өңірінде оның өзіндік кәсіби домбыра мектебі қалыптасты. Семей, Өскемен, Павлодар өңірлерінің қалаларында, аудандарында, ауылдарында, қала берді сонау Көкшетау өңірінде оның төл шәкірттері, немере шәкірттері музыка оқу орындарында, өнер ордаларында жемісті еңбек атқарып, ұстаз ісін жалғастыруда. Осы өңірлердің қай жеріне барсаңызда, сұрастыра келе міндетті түрде Қ. Рахимовтың ұстаздық ұрпақтарын кезіктіретіндігіңіз айдан анық. Міне, ұстаз бақыты деген осындай-ақ болар! Бірақ, өкінішке орай, көзі тірісінде ағамыз өзіне тиесілі дәрежеде үкімет тарапынан құрмет көре алмады. Мемлекеттік атақ түгілі, екінің біріне берілген министрліктің «Білім беру ісінің үздігі» белгісі де бұйырмады. Ағамыз да оған қайғырмады, шынын айтсақ ойына да келмеген болуы керек, болмысы сондай адам еді.

Осы жерде ерекше атап өтерлік тағы бір тұжырым бар. Ол – Құрманғали Рахимовтың кәсіби домбыра мектебі, оның немере шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі, дарынды ұстаз Серік Малаевтың дәйекті пайымдауы бойынша, түптеп келгенде Ұлы күйші-композитор Құрманғазы мектебінің еліміздің шығысындағы үлкен бір саласы болып табылады. Осы тұжырымға мен де толығымен қосыламын. Олай дейтін себебім, Ұлы күйші Құрманғазы бастаған орындаушылық дәстүр оның шәкірті Мәменнен Қали Жантілеуовке, одан Құрманғали Рахимовқа жалғасып, оның қажырлы еңбегінің арқасында шәкірттері арқылы еліміздің бүкіл шығыс өңіріне таралып кеткендігі дау тудырмайтын анық ақихат екендігі рас емес пе?!

Құрманғали Рахимов ағамыз 1980 жылы жазғы демалыс кезінде Ұлан ауданындағы ағайын-туыстарына барып, сол жерде мезгілсіз, жүрек сырқатынан қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне Семейден шәкірттері Мырзағали Айдаболов, Манатбек Тобықбаев, Көшербай Алдажұманов және қобызшы-ұстаз Күлзия Альмейіновалар барып қатысты. Зираты да сол жерде. Өкінішке орай, өмірінің соңғы жылдары отбасылық жағдайы жақсы болмай, біраз қиыншылықтар көріп, музыкалық училище жатақханасының бір бөлмесінде тұруға мәжбүр болды. Ол кезде мен де жас маман ретінде отбасыммен жатақханада тұратынмын. Сол себепті жұмыстан тыс уақытта да көрші ретінде дастархандас болып, жиі араласып тұрдық. Құрекең мәнді әңгіме айтудың шебері болатын. Жалықпай тыңдай беретінбіз. Жатақхананың бір бөлмесіндегі тұрмыстық жағдайы онша болмаса да Құрекең өзін ерекше күтіммен ұстайтын, тамақты да талғаммен ішетін. Киген киімдері мұнтаздай таза болатын. «Шалбарыңыздың қыры бір сынбайды, күнде үтіктейсіз бе?» деген менің сұрағыма күліп алып, «қара, шалбарды жатарда матрацтың үстіне салып, үстінен қалыңдау ғып көрпеше және простыня саласыңда да оған өзің жатасың, сенің салмағыңмен шалбарыңның қыры таң атқанша пышақтың жүзіндей болады. Біз мұны баяғыда интернатта, жатақханада жатқанда істейтінбіз» деп көрсетіп, мәз болатын.
Осындай ұлағатты ұстаз, білгір музыка маманы, аз өмір сүрсе де көпті көріп, көп білген, шын мәніндегі зиялы азаматпен бірге қызмет істеп, бірге жүргенімді мен өзіме бақыт деп санаймын. Келешек ұрпаққа үлгі боларлық осындай азаматтарымызды біз әрдайым еске алып, есімдерін мәңгілікке қалдыру жұмыстарын жүргізу артта қалған біздің міндетіміз. Осы орайда Семей қаласының Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде, ұжым директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Құрманғали Рахимовтың немере шәкірті Сайлау Ахметов ұйытқы болып бастап, тағы бір немере-шөбере шәкірттері Серік Малаев, Мейрамгүл Алдекенова қостап, іске асырылып жатқан игі істер көңіл қуантады. Атап айтсақ, қайраткер ағамыздың туғанына 90 жыл толуына орай жуық арада Семей қаласында Қ. Рахимовтың көзі тірі шәкірттерінің қатысуымен ауқымды да салтанатты жиын өткізу, ұлағатты ұстаз туралы естелік кітап шығару істері қызу жүргізілуде. Сонымен қоса, музыкалық училище болашақта жас домбырашылардың Қ. Рахимов атындағы 1-ші аймақтық конкурсын өткізу, аталған оқу орнында ұстазға арнап арнайы жабдықталған класс ашу жұмыстарын да жоспарлап қойды. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстардың іске асырылуы үшін облыстық білім басқармасы, облыстық мәдениет басқармасы және Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі сияқты құзырлы мемлекеттік мекемелердің көмегі өте қажет деп ойлаймын. Осынау игі істерге келесі кезекте Жарма ауданының әкімі мен аудандық мәслихат депутаттары да үн қосып, Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылының өнер мектебіне Құрманғали Рахимовтың есімін беру туралы шешім шығарса дұрыс болар еді. Бұл дегеніңіз ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан жалпы ұлттық құндылықтарымыздың қадірі біршама төмендей бастаған қазіргідей өтпелі заманда ауданның атқамінер азаматтарының Құрманғали Рахимовтай аталарының шапағаты мол жарқын өмірін келешек ұрпаққа үлгі ету арқылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жолында қосқан тағы бір үлесі болары хақ.

Оразғали СЕЙТҚАЗЫ,
Семейдің Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университетінің профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР білім беру ісінің үздігі.

Осы айдарда

Back to top button