Қоғам

Шығыстың брендтеріне қызыққандар көп

Шығыстың брендтеріне қызыққандар көп


Форум аясында ұйымдастырылған «Қазақстан мен Ресейдің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» атты көрмені Қазақстан және Ресейдің Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин аралап көрді.

Көрмеге қазақстандық және ресейлік компаниялардың екі ел тұрғындарына арналған ауқымды туристік өнімдері қойылған. Шығыстың бренді саналған Алтайдың қымызы мен балы, пантысы да осы көрме төрінен табылды. Одан бөлек Шілікті жазығынан табылған Алтын адамның көшірмесі, ежелгі сақтардың зергерлік бұйымдары, жерлестеріміздің қолөнер туындылары, демалыс базаларының ақпараттық брошюралары көпшілік назарына ұсынылды.

Сала мамандарының айтуынша, біздің облыс туристерді жылдың кез келген маусымында қабылдай алады. Шыны керек, мұндай мүмкіндіктер еліміздің басқа ешбір өңірінде жоқ. Мәселен, Шығыста қасиетті жерлерге ұйымдастырылатын туристік сапарлар бар. Бізде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген орындарға да баруға болады. Облыста тау шаңғы және жағажай туризмдері де қарқынды дамып келеді. Онлайн-туризмнің де қарқыны жақсы. Қазір өңірдегі демалыс базаларының бірсыпырасына билетті онлайн режимде сатып алуға болатынын білдік. Бір сөзбен айтсақ, Кенді Алтайдың қонақтарға ұсынатын дүниесі көп. Көрмеде қойылған Шығыстың брендтері мен экспонаттарына ресейліктердің ерекше қызығушылық танытуы соған дәлел.
Сондай-ақ бұл көрмеде өңірімізден барған төрт турфирма өз қызметтерін таныстырды.

Шығыстың брендтеріне қызыққандар көп

– Бүгінгі шараға төрт туристік фирмамыздың өкілдерін ерте келдік. Олардың көрсететін қызметі сан алуан. Мәселен, «Вояж» туристік фирмасы негізінен қысқы туризм бағытында жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар бұл турфирма Катонқарағай мен Риддердегі Батыс Алтай қорығына жаяу экскурсиялар ұйымдастырады. Ал «А-тур» деп аталатын туристік фирма керісінше жазғы демалысқа басымдық беріп келеді. Аталған турфирманың Алакөл жағасында «Holiday» деп аталатын демалыс базасы бар. Бүгінгі шараға қатысып отырған тағы бір фирма «Баян» деп аталады. Бұл фирма пантымен, шөппен емдеу бағытында қызмет көрсетеді. Семейлік «Тоғас-Интурсервис» серіктесітігі Семей өңірінің Жидебай, Қоңырәулие сияқты қасиетті жерлеріне туристік сапарлар ұйымдастырады. Бұған қоса аталмыш фирма соңғы жылдары технотуризм бағытына да көңіл бөле бастады. Енді отандық және шетелдік туристер Курчатов қаласының іргесіндегі Ұлттық ядролық орталыққа, сонымен қатар бұрынғы Семей полигонының аумағына сапарлап қайта алады, – деп түсіндірді облыстық туристік ақпарат орталығының директоры Сымбат Рамазанов.

Жол нұсқаушы кітап

Дәл осы күні екі ел өкілдерінің қатысуымен «Шығыс Қазақстанға қош келдіңіздер» деп аталатын жол нұсқаушы кітаптың тұсауы кесілді. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы әзірлеген жаңа туынды облысымызға келетін туристер үшін таптырмас құрал болмақ.

– Мұндай кітап біздің облыста бұрын-соңды болған емес. Кітапта облысымыздың туристік әлеуеті толықтай көрініс тапқан. Онда аймағымыздағы белгілі демалыс орындарына, туристік маңызға ие жерлерге қалай жетуге болатыны туралы толық мәлімет берілген. Аталған кітапта тіптен қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты танымдық ақпараттар да бар, – деген басқарма басшысы Жасұлан Сәрсебаев алғашқы нұсқасы орыс тілінде шыққанын бұл кітап алдағы уақытта қазақ, ағылшын және қытай тілдерінде де жарық көретінін жеткізді.

Туристер демекші, биылғы 10 айда біздің өңірге Ресейдің шекаралық аймақтарынан бес мыңнан астам турист келіпті. Бұл соңғы үш жылмен салыстырғанда 4,5 есе көп.

Шығыстың брендтеріне қызыққандар көп

Мамандардың есебіне жүгінсек, Шығыс Қазақстанға келетін туристер саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұған соңғы жылдары облысымыздағы туристік инфрақұрылымның қарқынды дамуы да өз септігін тигізуде.

Алтай Республикасының туристік ақпарат орталығы маркетинг бөлімінің меңгерушісі Сергей Поповичтің айтуынша, қазір кері бағытта сапарлаушылары саны да осыдан бірнеше жыл бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым артқан.

Сөзсіз, бұған екі өңір арасындағы жолдардың қалпына келтірілуі, сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалының болуы ықпалын тигізді.

– Біз Шығыс Қазақстан облысының ең жақын көршісінің біріміз. Сондықтан байланысымыз бұдан да тығыз болып, сіздерден бізге, бізден сізге сапарлайтын туристер қарасы жыл сайын арта береді деп сенеміз, – дейді ол.

Өңіраралық ынтымақтастық форумында қол жеткізген тағы бір жетістігіміз – облыстық туристік ақпарат орталығы мен Ресейдің Алтай өлкесі туристік орталығы арасындағы әріптестік келісімшарт. Бұл құжат көршілес өңірлердің туристік орталықтарына өзара тәжірибе алмасып, жаңа туристік маршруттар ашуда бірлесе жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

Шығыстың брендтеріне қызыққандар көп

Аталмыш құжатқа Шығыс Қазақстан облысы тарапынан туристік ақпарат орталығының директоры Сымбат Рамазанов қол қойды.

– Енді ресейлік мамандармен аймақтық туристік-рекреациялық ресурстар жөнінде ақпарат алмасатын боламыз. Ондағы мақсатымыз – ресейліктерге Шығыс Қазақстанның туристік жерлері туралы толық ақпарат беру. Бұл облысымзға келетін туристер санын арттыруға септігін тигізеді. Болашақта әріптестерімізбен Шығыс Қазақстан мен Алтай өлкесінде жаңа туристік маршруттар ашу бағытында да жұмыс жүргізбекпіз, – деп атап өтті Сымбат Рамазанов.

«Үлкен Алтай» – мәдени байланысты нығайтады

Қазақстан мен Ресей бірлескен «Үлкен Алтай» жобасын қолға алуы мүмкін.

Бұл жөнінде Петропавл қаласында өткен екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумының баспасөз мәслихатында «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы АҚ төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенбаев хабарлады.

– Алтай – өркениеттің алтын бесігі. Көптеген халық дәл осы Алтайдан шыққаны тарихи дәлелденген. Сондықтан «Үлкен Алтай» бірлескен жобасын қолға алуымыз өте орынды деп есептеймін. Бұл жоба Алтайды мекен еткен халықтардың арасындағы мәдени байланыстарды жандандыруға көмектесуі тиіс.
Естеріңізге салайық, бүгінде Алтай таулары төрт елдің, атап айтқанда, Қазақстан, Қытай, Моңғолия мен Ресейдің аумағында жатыр. Жаңа жоба бойынша болашақта туристер осы елдердің әрқайсына сапарлап, Алтай аумағындағы халықтардың тұрмысымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен және тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алмақ.

– Ресей тарапы осыған ұқсас жобалар жүзеге асыруды бастап кеткен. Біз болсақ, «Алтай – өркениет бесігі» атты этнофестивальдың тұжырымдамасын әзірледік. Келер жылы аталмыш этнофестивальдың біріншісін өткіземіз деген жоспар бар. Бұл айтулы шара болатыны сөзсіз, – дейді Тимур Дүйсенбаев.

Жаңа туристік маршруттар ашылады

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Ресейдің Алтай Республикасының басшысы Александр Бердниковпен екі өңір арасында бірқатар саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойды.

Шығыстың брендтеріне қызыққандар көп

Аталған құжат Шығыс Қазақстан мен Алтай Республикасының сауда-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, ақпараттық, көлік, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салаларындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында аймақ басшы Даниал Ахметов мәлім етті.

– Алтай Республикасы мен Шығыс Қазақстан облысының ұқсас тұстары көп. Біздің мүдделеріміз де бірдей. Енді екі жаққа да көп пайда тигізетіндей іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек. Ең алдымен, алтайлық әріптестерімізбен тауар айналымы мөлшерін арттыру жағын ойластыруымыз қажет.

Бүгінгі күні кез келген мемлекеттің дамуына әсер ететін факторлардың бірі – ол туризм саласы. Бұл жағынан екі өңірдің де әлеуеті зор. Алдағы мақсатымыз шығысқазақстандықтар мен алтайлықтардың еш қиындықсыз шекара асып жүруіне жағдай жасау. Шығыс Қазақстан облысы да, Алтай Республикасы да қасиетті Алтай тауларының аумағында орналасқан. Сол себепті, «Алтай – ортақ үйіміз» және «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты жобаларды жүзеге асырудамыз. Болашақта Қазақстан және Ресей жерін басып өтетін жаңа туристік маршруттар ашуымыз керек, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сонымен қатар, бүгінде Шығыста емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Өңірде оқиғалы туризм саласын өркендету жоспары бар екенін де хабарлады.

Шығыстың брендтеріне қызыққандар көп

Алтай Республикасының басшысы Александр Бердников болса ресейліктер Қазақстанға туризм саласында жан-жақты қызмет көрсетуге әзір екенін жеткізді.

– Біздің қазақстандық әріптестерімізбен байланысымыз мығым. Алтай сіздер үшін де, біз үшін де киелі мекен, қастерлі ұғым. Кезінде дәл осы Алтай жерінде Түркі қағанатының негізі қаланған болатын. Сондықтан бұл түркітілдес ұлттардың қай-қайсысы үшін де атажұрт деуге болады. Мұзтау тауының бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысына қарайды. Демек, сіздермен мүддеміз де, құндылықтарымыз да бір, – деген ол шығысқазақстандық инвесторларды әріптестікке шақырды.

Маңызды құжатқа қол қойылғаннан кейін облыс әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының стендін аралап көрді.

Нұржан Кенжеұлы
Өскемен-Петропавл-Өскемен

Осы айдарда

Back to top button