Шығыстың боксшылары дес бермеді
Ұлан ауданында бокстан 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдық мерейтойына орайластырылған республикалық турнир аяқталды.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, даңқты жерлесімізді еске алуға арналған турнирде шығысқазақстандық былғары қолғап шеберлерінен бөлек, Астана қаласының, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының атынан барлығы 100-ге жуық спортшы қатысты.
Осымен 17-ші рет өткізілген жарыс биыл республикалық деңгейге ие болғанын айта кеткен жөн. Бұл бәсекенің тағы бір ерекшелігі – қатысушылар жүлделі орындарды сарапқа салып қана қоймай, спорт шеберіне үміткер атағы үшін де таласқа түсті. Айта кетейік, төрт күнге созылған додада жас боксшылар 14 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарыс небір қызықты да тартысты жекпе-жекке толы болды. Әсіресе шығысқазақстандық спортшылар тамаша өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болғанын айта кеткен орынды.