Шығыстың беделін арттырар айырықша шара
Конкурсқа 82 өтінім түсіп отыр
Шығыста ұйымдастырылғалы отырған көрмеге қатысуға бүгінгі күнге дейін еліміздің әр облысынан, тіпті аудандарынан 82 өтінім келіп түсті.
«Шағын ЭКСПО-2014» көрмесі аясында өткізілетін жобалар конкурсы «Болашақтың энергиясы» деген атпен жарияланған болатын. Шығыс Қазақстандағы жергілікті атқарушы органдар, кәсіпорындар, жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттары, қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылған конкурстық комиссия мүшелері солардың ішінен көрмеге қатыстыруға 21 жобаны іріктеп алып отыр.
Шығыста қазір еліміздегі ең алғашқы «Шағын ЭКСПО» көрмеге қызу дайындық жүріп жатыр.
Халықаралық деңгейдегі аймақтық көрме Шығыстың атын шығарып қана қоймай, табыс кілті болатын туризм, инвестиция тарту, бизнесті өркендету, өзара ықпалдастықты арттыру сияқты өңірдің әлеуетін көтеретін бәсі биік экономикалық бәсекелерде алдан көрінуге мүмкіндік туғызады.
Қош, «Шағын ЭКСПО-2014» көрмесі нақты қашан өтеді? Конкурсқа түсіп жатқан тың жобалар бар ма? Екі айдан соң есігін айқара ашқалы отырған айтулы көрмеге дайындық қалай жүргізіліп жатыр?
Біз осы сауалдарымызды көрмені ұйымдастырып, өткізуге жауапты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Нұрғалиевқа қойдық.
– Қазір конкурсқа өтінімдер қабылдау уақыты аяқталды ма, әлде келіп түскендері әрі қарай қабылдана бере ме?
– Конкурсты ресми түрде ақпанның 1-нен наурыздың 1-не дейін деп жариялағанбыз, қабылдауды наурыздың 10-на дейін жүргізуді жөн көріп отырмыз. Конкурсқа түскен жобалар көп. Дегенмен нағыз «Ноу – хоу» деп айта қоярлықтайлары аз болып тұр. Тың жобалар тым аз болғанымен, өміршең, болашағы бар жобалар да баршылық. Оның бәрін облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен құрылған конкурстық комиссияның сарапшылар тобы іріктеп, екшеп, саралап алды. Біз бұл конкурсқа шығын шығартып, аяқсыз қалады деген дүдәмәл жобаларды жіберген жоқпыз. Елбасының өзі айтқандай, ондай болашағы күңгірт жобалар бөлінген қаражатты зая кетірмесі үшін еуропалық мемлекеттердің теріс нәтиже берген тәжірибелерін де ескеруіміз керек. Мысалы, бүкіләлемдік тәжірибе, Шығыс Еуропа елдеріндегі, соның ішінде Болгариядағы «Жасыл экономикаға» көшу сатысының нәтижелері көрсеткендей, өзін-өзі ақтамайтын, экономикалық жағынан тиімсіз жобаларды жүзеге асырудан сақ болуымыз қажет.
Көрмеге Нобель сыйлығының иегерлері де келеді
– «Шағын ЭКСПО-2014»-ке қатысуға ерекше ықылас, ынта білдірген аймақтар бар ма?
– Бар. Өтінім бергендердің қатарында өзіміздің өңіріміздің заңды және жеке тұлғалары біршама көп болды. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Алматы мен Астанадағы әл – Фараби атындағы ҚазҰУ және Гумилев атындағы Еуразия университеттерінің де ғылыми жобалары аз болған жоқ. Қарағанды облысынан келген өтінімдер де айтарлықтай.
– Көрме нақты қай күні өтеді және оның қандай өзіндік ерекшелігі, өзгешелігі болмақ?
– Бастапқыда көрмені Жекпе-жек сарайында өткізу ойластырылған болатын. Соңғы шешім бойынша «Алтай» технопаркі таңдалып алынды.
Көрме өтетін күнді «Астананың экономикалық форумына» орайластырып жоспарлап отырмыз. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан биылғы VII-ші Астананың экономикалық форумы мамырдың 21-23 күндері өткізілмек, «Шағын ЭКСПО-2014» көрмесін одан бірер күн бұрын 19 – 20 мамыр күндері өткізуді ұйғардық. Көрме аясында ұйымдастырылатын көшпелі секцияға түрлі мемлекеттерден сол форумға қатысуға келген ресми тұлғалар, форум өкілдері келіп, қатысатын болады. Тағы бір ерекше айта кетерлік жәйт, «Шағын ЭКСПО-ға» әлемдегі бірнеше Нобель сыйлығының иегерлері де келеді. Әзірге қай елден, кім келетіні нақты анықталған жоқ. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ басшылығы келіссөздер жүргізіп жатыр. Көрмені жоғары дәрежеде өткізуге орай жоспарланып жатқан бұдан басқа да іс-шаралар бар.
– Сонымен, көрмеге қандай негізгі жобалар ұсынылады?
– Былтырғы мамыр айында Елбасының Жарлығымен Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы жасалды. Сарқылып келе жатқан пайдалы қазбаларымызды үнемді жұмсап, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған бұл құжаттың басты мақсаты – ел өндірісін дамытудың ең озық тәсілдерін іздестіру. «ЭКСПО – 2017» көрмесі тақырыбының «Болашақтың энергиясы» деп аталуының мәні де осында. Біздің «Шағын ЭКСПО-2014» көрмесінде ұсынылатын «Болашақтың энергиясы» конкурсының жобалары да «Жаңартылған және баламалы энергия көздері. Қуат үнемдеу және энергия тиімділігі», «Экологиялық қауіпсіздік және ресурс үнемдеу», «Жасыл» технологиялар» тақырыптарын қамтиды. «Шағын ЭКСПО-2014» көрмесін өткізуге жасалып жатқан дайындық барысында шетелдерде ұйымдастырылып жүрген осындай халықаралық көрмелерді өткізу тәжірибелеріне де ден қойылып, зерттелініп отыр. Солардың арасынан Оңтүстік Кореяның «РОSКО Е&С» компаниясының жобалық үлгісі назарға алынды. «Шағын ЭКСПО-2014»-тің алғашқы күні көрме өткізіліп, жобалар стендтер мен қанатқақты құрылғылар, тәжірибелілік үлгілер, макеттік кескіндемелер күйінде көрсетіледі. Келесі күні шараның пленарлық отырысы болып, оның соңы «Жасыл экономика – адамзаттың болашағы» тақырыбын қаузайтын ғылыми-практикалық конференция мен секциялық жұмыстарға ұласады.
Жанаргүл Мұқатай