Қоғам

Шығыстың аты шыққан күн

Шығыстың аты шыққан күн


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру күні аясында жылдағы дәстүр бойынша «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. Аталған іс-шарада еліміздің әр өңірімен тікелей байланыс орнап, аймақ басшысы Даниал Ахметовтіңқатысуымен онлайн режимде Шығыстан екі бірдей жоба іске қосылды..

Телекөпір барысында «Шығыс Қазақстан облысы» деген сөз қайта-қайта тілге тиек болды. Өйтетін жөні де бар. Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен энергетикалық жобаның бірі – «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жобасының екінші кезеңі ойдағыдай іске асқаны мәлім етілді бұл күні.

– Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз. 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмылдыруымыз керек. Менің тапсырмам бойынша екінші деңгейлі банктердің басымдыққа ие жобаларын несиелендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан 28 жаңа жоба таныстырылды. Соның ішінде біздің өңірден екі бірдей жобаның тұсауы кесілді. Біріншісі – Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорны.

– Бақыршық кешені жылына орта есеппен он тонна алтын концентратын өндіреді. Алғашқы тоғыз жылда кен ашық әдіспен алынады. Содан кейін ғана жабық тәсілге көшеміз, – деді кәсіпорын директоры Юрий Овчинников.

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас геологының орынбасары Серік Қонақбаев Президентке жастар атынан алғысын білдірді. Әрбір жастың сапалы білім алып, Қазақстанның индустриялық дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясаты өз жемісін беріп жатқанын атады ол.

Жоғары технологияға құрылған, заманауи кәсіпорын саналатын Бақыршық кешені биыл маусымда жұмысын бастаған болатын. Қазір ол жоспарлы қуатына еніп отыр. Осы қарқынмен жылына екі миллион тонна кен өндірмек. Қазірдің өзінде кәсіпорын ұжымы үш тонна алтын концентратын алып үлгеріпті.

Бұл күні бүкіл Қазақстанға паш етілген екінші жоба Семейдің іргесіндегі Озерка ауылына кеңжолақты интернет сыйлады. «Қазақтелеком» және «Транстелеком» АҚ қолға алған арнайы жоба ауыл балаларының озық технологияның сүйемелдеуімен білім алуына жағдай жасамақ.

– Қазақстан бойынша 3 718 ауылда мемлекеттік мекемелер цифрландырылды. Осы орайда алғашқы болып қосылған нысандардың бірі – Шығыс Қазақстан облысының Озерка ауылындағы орта мектеп. Бұл технологиялардың игілігін педагогтар мен оқушылар көреді, – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Индустриялық жобалар таныстырылып біткен соң, Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл сәтте де біздің өңірдің мерейі үстем тұрды.

Бизнестің әлеуметтік-жауапкершілігін дәріптейтін республикалық «Парыз» сыйлығының бас жүлдесін, Президенттің гран-приін «Казцинк» ЖШС жеңіп алды. Кәсіпорын биыл ғана қайырымдылық мақсатқа 11 млрд. теңге шығындапты.

«Алтын сапа» конкурсының «Өндірістік маңыздағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «СемАЗ» компаниясы жүлдеге ілінді. Кәсіпорынның ауыл шаруашылығы техникаларын шығарудағы еңбегі ескеріліп отыр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жариялаған «Іскер» атты арнайы сыйлығын «Алтай балы» брендін өмірге әкелген «Пасека» шаруа қожалығы мен экпортқа шығарылатын еиіз өнімдерін өндіретін «Роза» ЖШС қатар иеленді.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button